26 сәуір – Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауы күні

15.04.2015
647 просмотров

Бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде сайлауалды үгіт-насихат шаралары жүргізілуде.  Ағымдағы аптада  ҚР Президенттігіне кандидат Н.Ә.Назарбаевтың Республикалық  қоғамдық штабының жетекшісі Мұхтар Құл-Мұхаммед бастаған Елбасы жақтастары мұнайлы астанада боп, атыраулық сайлаушылармен жүздесті.

«Жайық» спорттық-сауықтыру кешенінде бастау алған форум Атырау мұнай өңдеу зауытында жалғасты. Шараға тек зауыттықтар ғана емес, «Ембімұнайгаз», «Сазанқұрақ»,  «КазТрансГаз Аймақ» сынды ірі кәсіпорындардың да жұмысшылары қатысты. Мұнай-газ саласы қызметкерлеріне Елбасының ыстық сәлемін жеткізген  Мұхтар Құл-Мұхаммед «қара алтынның» игілігін көріп отырған  майлы қиян – Атыраудың кемел келешегіне өз сенімін білдірді.

- 1991 жылы елімізде жылына 25 миллион тонна мұнай өндірілсе, Елбасымыздың осы өңірге тартқан миллиардтаған инвестицияның арқасында былтыр тек Атырау облысының өзінде ғана 32 миллион тонна «қара алтын» өндірілген. Елбасы қолдауының нәтижесінде Атырау еліміздің ең келбетті қалаларының біріне, нағыз мұнайлы астанаға айналды. Сондықтан да, алдағы сайлауда атыраулықтар Нұрсұлтан Назарбаевтың кандидатурасын бір кісідей қолдайды деп сенемін, -  деді ол өз сөзінде.

Келесі боп сөз алған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы Азат Перуашев та елдегі экономикалық жетістіктерді Елбасымыз жүргізген нарықтық реформалардың жемісі екендігін айта келе, сайлаушыларды жарқын болашақ үшін дауыс беруге шақырды. Жерлестерінің алдында сөз алған қоғам және мемлекет қайраткері Равиль Шырдабаев алдағы Президент сайлауында   ел тағдырын  тек Ұлт көшбасшысына ғана сеніп тапсыруға болатынын айтты.  Әлемге белгісіз Қазақстанды  24 жылдың ішінде  бүкіл дүниежүзіне мойындатып, экономикасы көмескі елді дамыған 50 елдің қатарына қосқан Елбасының ерен еңбегіне баға жетпейтінін тілге тиек еткен Равиль Тәжіғараұлы өз ойын былайша сабақтады:

- Нұрсұлтан Әбішұлы біздің өңірге алғаш рет  1979 жылы Қазақстан Коммунистік партиясы ОА бірінші хатшысы боп тұрған кезінде келген болатын.  Ол мұнда  Гурьев, Маңғыстау, Ақтөбе, Қызылорда облыстарының геофизик, геолог, мұнайшы, бұрғылаушы, мұнай өңдеуші мамандардың  басын қосып, Ресейден ғалымдар шақыртты. Сонда Нұрсұлтан Әбішұлы бұл облыстардың жер қойнауы өте  бай екенін айтқан еді. Содан соң арнайы қаулы қабылданып, жұмыс қарқыны қыза түсті.  Осы зауыттағы мұнай коксын қыздырып шынықтыру қондырғысын іске қостық, Теңіз, Қарашығанақ кен орындарын игеру, Каспийдегі геофизикалық  жұмыстар мұнай-газ саласына жаңа серпін берді. Ел тәуелсіздігін алған жылы инвесторлардың ішіндегі алғашқылардың бірі боп  «Шеврон» келді. Ол кезде тартылған инвестициялардың өтелеріне кепіл болар ештеңе болған жоқ. Дей тұрғанмен, инвесторлар Нұрсұлтан Назарбаевқа сенді. Міне, осыдан-ақ Елбасымыз өзіне  ауыр жауапкершілік  жүгін артудан еш тартынбайтын батыл саясаткер екенін білуге болады.

Форумда сөз алған Атырау мұнай өңдеу зауытының қызметкері, мұнай өңдеушілер династиясының өкілі Альфия Гумерованың,  зауыттық  «Жас Отан» жастар қанатының атқарушысы Қасиет Лұқпановтың, «Ембімұнайгаз» АҚ қызметкері Қожантай Сыдиықовтардың Елбасы  кандидатурасын қолдауға үндеген ұранды сөздері жиналғандардың қызу қошеметіне ие болды.

Назад к списку новостей

Соңғы жаңалықтармен таныс болыңыз.
Таратуға жазылыңыз!
Жазылу