Зауыттық зейнеткерлермен сухбат

24.04.2015
638 просмотров

Жетпіс жылды артқа тастаған Атырау мұнай өңдеу зауытының тарихын сөз еткенде жүздеген адам тер төккен қосалқы шаруашылыққа қатысты сөз қозғамау орынсыз.  Зауыт құрылысы  Ұлы Отан соғысы жылдарында жүргізілді, ал құрылысшылардың дені  - немістер басып алған аумақтардан еді. Олардың денсаулық жағдайлары да аса мәз емес-тін.  Құрылысқа жұмылдырылған мыңдаған адамның бәрінің бірдей ауыр қол еңбегін атқаруға шама-шарықтары жете бермейтін.  Бұл жәйттер құрылыс қарқынына әсер етпей қойсын ба? Осыған алаңдаған құрылыс басқармасының жетекшілері жұмысшылардың тамақтану рационын мейлінше құнарлы тағамдармен байытуды көздеп, қосалқы шаруашылықтар ұйымдастыруды қолға алады. Міне, осындай мұқтаждықтан туындаған бақша дақылдары, мал өсіру  сынды қосалқы шаруашылықтар  зауыт құрылысы аяқталып, іске қосылғаннан кейін де ұзақ жылдар мұнай өңдеушілердің игілігіне еңбек етті.

Зауыттық зейнеткерлер қоғамының төрағасы Людмила Скоробогатова мен редакция ұжымы осы салада тер төккен  бірқатар ардагерлерге арнайы уақыт боп, үйлеріне бас сұққан болатын.  Солардың бірі -  зауыттың қосалқы шаруашылығында үзбей 33 жыл еңбек еткен Жамиға Дәулетова.  16 жасынан бастап еңбекке араласқан  шешей сол жылдардың қиындығын әлі ұмытпаған. 

– Мен онда 1955-тен 1980 жылға дейін еңбек еттім. Алғабаста бақша салдық,  егін ектік. 200-300 түптей алма ағашымыз болды.  Өнімдерді астау-астау етіп тиеп жататын. Зауыттықтарға, олардан ауысқаны дүкендерге жөнелтіледі, - деп еске алды ол өткенін.  Олар кыста да еңбектен қол үзген емес.  Тек, әрине, бақшада емес, сиыр мен шошқа бағып, соларды күтіп-баптайтын.

Жамиға апаның жолдасы Бақыт Шауқаров та жөндеу-құрылыс басқармасында 15 жыл еңбек етіпті.  Он құрсақ көтерген кейуананың  перзенттерінің алтауының көзі тірі. Бүгінде ол ұлдарының бірімен сол жақ Перетаскадағы қара шаңырақта қоңырқай тірлік кешіп отырған жәйі бар. Кезінде бау-бақшада жүріп үйренгенін күні бүгінге дейін кәдесіне жаратып келеді. Бізбен бірге ілесе шыққан шешей есік алдындағы жеміс ағаштарын көрсетіп:

- Мынау – шие ағаштары.  Қияр, қызанақ, картоп саламын.  Күтіп-баптасаң, өнім бермейтін жер жоқ.  Уақытында суын құйып, арам шөбін жұлып, тыңайтып тұрсаң, Жер-Ананың ризығы да мол болады, - деп ағынан жарылды.

Кейіпкерімізді естелік суретке түсіріп ап, келесі шаңыраққа жол тарттық.  Қосалқы шаруашылықта 10 жыл еңбек еткен Меңсұлу Тұрсынованың  үйі де сол маңда екен.   Қараша үйдің есігін қағып біраз тұрдық.  Іштен ешкім тіл қатпаған соң кетуге оқталып ек, кенет есік ашылып,  «Қош келдіңдер!» деген  дауыс естілді.  «Зауыттан келдік» дегенімізді  естіген Рай ақсақал біз іздеген жанның төсек тартып жатқандығын айтып, өзімен бірге жүруін өтінді.

Бүгінде сексеннің бесеуіне шыққан Меңсұлу әже  жанарынан айрылған екен. Өздігінен жүріп-тұруға да қауқары жетпейді. Естуі де қиындаған. Үйге біреу келгенін түсінген ол: «Сайлаудың балалары ма?» - деп сұрады отағасынан. Төсек тартып жатса да, елдегі жаңалықтан хабардар екенін біліп тәнті болдық. Екі сыныптық қана білімі бар Меңсұлу әже еңбекке ерте жастан араласқанын айтады. Жұмысты жеңіл-ауыр деп талғамай, қандай қызмет болса да, белсене кірісіпті. Қосалқы шаруашылықта бригадир болып еңбек еткен ол өткенін былайша еске алды:

- Алексей Богатыревтың қарауында еңбек еттік. Менің бригадамда 20-ға тарта жұмысшы болды. 40 сотық жерге картоп салатынбыз. Қарбыз да, қауын да болды. Төгіліп жатса да, басы артық біреуін алмаушы ек. Қазір сыртқа бір бұйымыңды шығарып қойшы, ертесіне таба алмай қаласың. Ал ол кездердегі заман тіптен бөлек еді.

Меңсұлу әженің жолдасы Рай ақсақал да зауыттың №8 цехында ұзақ жылдар еңбек еткен.  Құрмет белгісімен марапатталып, «Еңбек ардагері» деген атақ алған Рай ағаның еңбек жолын Сырым есімді ұлы, Алтын есімді қызы одан  әрі жалғады. 

Жуырда ғана 85 жасқа толған  Меңсұлу әжеге  зауыт зейнеткерлері қоғамының төрағасы Людмила Скоробогатова өзінің құттықтау лебізін  білдіріп, зауыт әкімшілігі мен кәсіподағы атынан Алғыс хат ұсынды.  Бұл құрметке разы болған кейуана қуанышын жасырмай, тілегін айтып, батасын берді.

Келесі кейіпкеріміз – Анна Ивановна Ульянова да зауыттың қосалқы шаруашылығында 20 жылдай еңбек етіпті. 1977 жылы зауыт аумағындағы жылыжайға жұмысқа қабылданған ол онда  қысы-жазы гүлдер мен көкөністердің үзілмегенін айтады.

- Жылыжайда қияр, қызанақтар мол болды. Бәріне де жететін. Гүлдерді айтсаңызшы!  Мерекелер қарсаңында аялдамаға алып шығатынбыз, біз өсірген раушан гүлдерін әп-сәтте талап әкететін. Бір тиынды да қалтаға басқан емеспіз, өткізген өнімнің ақшасын есепшіге әкеп табыстаймыз. Кейін Алғабастағы қосалқы шаруашылыққа Владимир Севрюгин, Придановтардың қарамағында  еңбек еттім.  Жұмысқа өзіміздің  жеке саяжайымызға  бара жатқандай асығушы  ек, - дейді  ол. 

Осы салаға  20 жылын арнаған Лидия Ивановна Калмыкова да әркез адал еңбек етуге тырысқанын айтады. Сол жиырма жылдың ішінде бір де бір рет жұмыстан қалып көрмеген ол  зауыт жылыжайы туралы былай деп еске алды:

- Біздің жылыжайда ақпанда да қарбыз болатын.   Облыстық атқару комитетінен де өкілдер  сол үшін арнайы келетін.   Кейін алма бағында жасадым. Ол кездегідей алма қазір жоқ қой. Мен   Владимир Севрюгиннің қарамағында болдым. Жарықтық, үйіне  алманың түйірін де алмайтын. Бірде бізге баласы келді, алма ұсынсам: «Әкем рұқсат етпейді, ала алмаймын!» - деп жауап береді. Адалдықтарында шек жоқ!

Ол кездердің  қиындықтары да кейіпкеріміздің есінде. Баққа дейінгі  3 шақырым қашықтықты жаяу жүріп баратын бригадир Лидия Ивановна  еңбек қарқынына күн райының еш әсері болмағанын айтады. 

- 1975-тен 1995 жылға дейін еңбек еттім. Зейнет жасына жетсем де, басшылық  қалуымды өтініп, еңбек етуді жалғастырдым. Мен тек бригадирлықты ғана емес, қолымнан келген жұмыстың бәрін жасадым. Ешкіммен санасқан жоқпын, - дейді ол.

Жасы 80-нен асқан Лидия Ивановна әлі күнге дейін  ауласына бақша салады.   Оның жолдасы Сергей Калмыков та зауытта жүргізуші болып еңбек еткен. Сергей Григорьевич те, ұлдары Григорий де  бау-бақша баптауда бригадир Лидияның көмегіне көп жүгінеді.

Зауыттың қосалқы шаруашылығына 1958 жылдың 8 сәуірінде жұмысқа қабылданған Кенжеғыз Еламанова мұнда 1997 жылға дейін еңбек етіпті. 17 жасында  басталған еңбек жолы  қырық жылға дейін созылған Кенжеғыз апа бүгінде әлі тың. Еңбекпен шыңдалған ол  да әлі күнге дейін бақша салып, өнім алады.

- Алма ағаштары 80 гектар жерді қамтыды. Қандай жұмысты да  қиынсынған жоқпын, жер де қопардым, топырақ та тасыдым. Тіпті, ішімде 7 айлық балам бар кезінде 70 келі картопты иығыма артып ап, көлікті астауына лақтыратынмын. Сонда да түгім кетпеді, сәбиімді аман-есен дүниеге әкелдім. Өзім 14 құрсақ көтердім, соның 10-ын жарық дүниеге әкелдім. Не баланы, не басқаны сылтау етіп, жұмыстан қалған жоқпын. Басшымыз Алексей Богатырев:  «Жұмысты Еламанова сияқты жасау керек!» - деп,  мені өзгелерге үлгі етіп отыратын, - дейді  40 жыл бойы есімінің озат жұмысшылар тізімін бастап тұрғанын  мақтанышпен еске алған Кенжеғыз апа.

Кенжеғыз апаның жолдасы Бүкібай Сариев те 1989-1998 жылдарда қосалқы шаруашылықтың тракторын айдаған.  Зауыттың тілеуін тілеп отыратын  қарттардың   мұнда Мырзағали, Мырзакен есімді ұлдары еңбек етеді. 

                                                 ***

Иә, еңбектің бейнетін көрмеген жанның зейнеттің дәмін татуы екіталай. Ал егін егіп, бақша салу, түлік бағып, мал өсіру – бейнеттің бейнеті. Қазіргідей ғылым мен технологияның дамып, бәлен сотық жерді суару үшін бір тетікті баса қоюдың өзі жеткілікті болған заманда емес, күштің бәрі қос білекке түскен сол баяғы жылдарда  тер төккен жандардың еңбегі құрметке лайық.  Олардың еңбек жолы – зауыт тарихының ажырамас бір бөлігі.

Назад к списку новостей

Соңғы жаңалықтармен таныс болыңыз.
Таратуға жазылыңыз!
Жазылу