Ринат Бекқайыров туралы

04.05.2015
609 просмотров

 «Беталысы күнде өзгерген алмағайып дүниеде адамзат үшін ешқашан өзгермеген, өзгермейтін темірқазықтар бар. Ол – білім! Ол – еңбек!».  Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың  ел жастарына өсиет еткен  бұл  сөзін жас маман Ринат Бекқайыров  та өзіне өнеге етеді. 

Атырауда туып-өскен Ринаттың әкесі - ішкі істер органдарының ардагері, ал анасы  - мұғалім. 2005 жылы №21 Жамбыл Жабаев атындағы орта мектепті ойдағыдай тәмәмдаған Ринат мұнай саласына қатысты мамандық таңдауға бел байлайды. Ұлының өзі тер төккен  салада еңбек етіп, ізін басқанын қалаған  әке тілегінен Ринаттың арманы асқағырақ боп,  Атырау мұнай және газ институтына оқуға түседі.

-  Мұнайшы немесе мұнай өңдеуші болуды нақты мақсат еткем жоқ, бірақ осы салаға байланысты мамандық игергім келді. Сондықтан  механикалық факультеттің «Технологиялық машина жабдықтары» мамандығына құжат тапсырдым, - дейді Ринат.

Ринат өзінің  алғашы еңбек жолы  2010 жылы Қашаған кен орнында  бастап, 2012  жылға дейін «ССС» компаниясында электрмен дәнекерлеуші болып жұмыс жасайды.  2012-13 жылдарда   «КазТурбоРемонт» ЖШС-інде слесарь боп  еңбек еткен ол Атырау мұнай өңдеу зауытында салынып жатқан  жаңа кешенге мамандар қабылданып жатқандағы туралы естиді.

-  Мен өз мамандығым бойынша еңбек етудің керемет мүмкіндігі туғалы тұрғандығын сезіп, дереу түйіндемемді жолдадым. Кейін тестілеуден өтіп, бас мамандармен әңгімелесуден өттім.  Осылайша 2013 жылы ароматикалық көмірсутектер кешеніне машинист боп қабылдандым, - дейді жас маман.

Біздің зауытта еңбек ете бастағанына 2-ақ жыл толса да, Ринат мұндағы артықшылықтарға көз жеткізіп үлгеріпті.

-  Жасыратыны жоқ, бұрын ұшарымызды – жел, қонарымызды - сай білуші еді. Зауытқа келгелі тұрақтылықты, әлеуметтік жағынан қорғалғандығымды,  ертеңгі күніме сенімділікті айқын сезінемін. Сондай-ақ, жас мамандардың кәсіби тұрғыда біліктерін шыңдауына  мүмкіндіктері мол. Мұнда тәжірибелі мамандар өте көп. Жеке өз басым аға машинист Қанат Көбеевтен көп нәрсеге қанықтым, оған айтар алғысым шексіз  - дейді  Ринат бізбен әңгімесінде.

Біздің кейіпкерімізді көңілділер мен тапқырлар клубы ойындарының жанкүйерлері жақсы біледі.  Атырау мұнай және газ институтының «Жигули» командасының құрамында өнер көрсеткен Ринаттың бұл ойынмен әуестенгеніне 10 жылдай болыпты. Осының арқасында еліміздің түкпір-түкпірінен көптеген дос тапқандығын айтқан ол бүгінгі қоғамдық белсенділігіне негіз болған да осы ойын деп біледі.  Бүгінде Ринат  зауыт құрамасының белді мүшелерінің бірі.  Тек бұл ғана емес, зауыттағы түрлі мерекелік, мәдени-көпшілік шараларының ұйымдастырылуына да белсенді араласатын оның қарым-қабілетіне зауыттықтар былтырғы көркемөнерпаздар байқауында, биылғы  8 наурыз мерекесіне арналған шараларда көз жеткізді. 

Ринат бос уақытын отбасымен бірге қыдыруға арнайды. Білімін толықтырып, өздігінен ізденуге де уақыт табады.  Өз мамандығын, өз зауытын  мақтан ететін жас маманның алға қойған жоспары аз емес. Солардың бірі – зауыттың көркеюіне өз үлесін қосу.  Біздің  «Бұған сен қалай үлес қоспақшысың?» деген сауалымызға көп ойланбастан:

-  Біздің әрқайсысымыздың атқаратын өз міндетіміз бар. Сол міндеттерді адал атқарып, басшылықтың бұйрығын бұлжытпай орындасақ – міне, біздің қосқан үлесіміз! – деп  жауап берді ол.

Көңілділер мен тапқырлардың «Ширату» ойынында сыналған  Ринат мұндай сауалдардан тосылсын ба?   Оның бұл ойыннан тағы бір   «еншілегені» осы болса керек.  Белсенділігімен, айқын азаматтық ұстанымын өзі сынды жастарға үлгі боп жүрген  Ринатқа   біз де тәнті боп, армандарының орындалып, биік мұраттарға қол жеткізуіне тілектестігімізді білдірдік.

Назад к списку новостей

Соңғы жаңалықтармен таныс болыңыз.
Таратуға жазылыңыз!
Жазылу