Балмағамбетовтер еңбек династиясы

08.05.2015
624 просмотров

Биыл   Ұлы Отан соғысының Жеңіспен аяқталғанына 70 жыл, бұл Жеңістің  дүниежүзі тарихында  қалдырған қолтаңбасы айрықша. 1418  тәулікке созылып, 50 миллион адамды опат қылған 1941-1945 жылдардағы Екінші Дүниежүзілік  Ұлы Отан соғысының Кеңес әскерлерлерінің жеңісімен аяқталуына партизандардың да  қосқан үлесі орасан зор.

Жау гарнизондарына шабуыл жасап, соғыс техникасын, көпірлерді, темір жол, байланыс жүйелерін істен шығарып, қару-жарақ қоймаларын жарып, жаудың әскери эшалондарын жермен - жексен  еткен партизандардың әрекеті  неміс фашистерін   қыспаққа алып, тығырыққа тіреді. Ресми деректерге сүйенсек, соғыс жылдарында жау тылында 6200 партизан отряды мен астыртын әскери топ қимыл жасаса, олардың құрамында 1,1 млн. аса партизан болған. Ленинград облысындағы партизан отрядтарының құрамында 220 қазақстандық ерлікпен күрессе, Белоруссияда шайқасқан 65 бригада мен отрядтар құрамында бір жарым мың қазақстандық болған. Кеңес Одағының екі мәрте батыры С.А. Ковпактың қолбасшылығындағы қазақ партизандары да ерлік пен өрліктің хас үлгісін көрсетті. Солардың бірі  - зауыт ардагері Шалмағамбет  Балмағамбетов.        

Кей құжаттарда Шалмағамбет Балмағамбетовтың туған жылы 1914 жыл делінсе, енді бірінде 1912 жылдың 10 қазаны деп көрсетілген.  1929 жылы 4 кластық  бастауыш мектепті тәмәмдаған. Оның балалық шағы оңай болмады. Елді жайлаған аурудың қармағына  төрт бірдей қарындасы  да ілігіп,  дүние салады. Он жасқа жетер-жетпес шағында анасы да өмірден озып, жесір әке мен жетім ұл қилы тағдырды бастан кешеді.  Майдангердің ұлы Дүйсен Балмағамбетов ұсынған деректер бойынша, ол  1940 жылы әскерге шақыртылып, Ташкентте әскери борышын өтеп жүрген кезінде Ұлы Отан соғысы басталып, 1941 жылғы  шілде айының басында алғы шепке аттанады. Бірақ неміс ұшақтарының жойқын бомбалауы салдарынан эшалондары қатардан шығып, аман қалғандары Брянск ормандарына шегінуге мәжбүр болады.  Сол аумақта партизан отрядтары құрылып, Шалмағамбет Балмағамбетұлы 1943 жылдың тамызына дейін партизандар қатарында пулеметші болып, жау тылында соғысады.  Ол 1943 жылы Брянск азат етілгеннен соң Кеңес әскерлерімен бірге Берлинге дейін барады. «Пулеметтің партизандар үшін маңыздылығы өз алдына,  ауырлығы соншалық,  алып жүруге кез келген адамның шамасы жете бермейтін көрінеді. Әкеміздің отряды талай қиындықтарды бастан кешіпті. Неміс басшылығы партизандарды жою үшін жазалау отрядтарын құрып,  адам күшін, техникаларын Брянск ормандарына жұмылдырып, жаппай шабуыл жасаған деседі. Әйтсе де, дегендеріне жете алмай, көп шығынға ұшырайды. Марқұм әкемнің пулеметінен талай неміс солдаты жер жастаныпты. Бұл туралы деректерді «Қазақстан партизандары», Қасым Қайсеновтың «Шолақ тон»  кітабынан оқыған ауылдастар бар. 1976 жылдың тамызында Шалмағамбет Балмағамбетов Брянск Кеңес орындары мен әскери комиссариаттың  шақыруымен партизан жасақтарының құрылғанына 35 жыл, Брянсктің жаудан азат етілгеніне 33 жыл толуына арналған шараларға қатысады», - дейді  Дүйсен Шалмағамбетұлы.

Шалмағамбет Балмағамбетов жауға қарсы ұрыстар кезінде үш жерден  жараланады. Ардагердің әскери билетінде «Ұлы Отан соғысында 112 тау кавалерия полкінде кавалерист, 856 атқыштар полкінде бөлімше командирі болды. 1945 жылдың 25 қыркүйегінде КСРО  Жоғары Кеңесі президиумының  Жарлығы негізінде демобилизацияланды» деген жазба бар. Отан алдындағы перзенттік парызын абыроймен өткерген  Балмағамбет Шалмағамбетов  ел-жұртымен есен-сау қауышады. Ол «Германияны жеңгені үшін» және бірнеше мерейтойлық медальдармен марапатталған.  Бес жылы елден шалғайда өткен Шалмағамбетті ауылда әкесі,  жары Рахима, өзі әскерге аттанғанда құрсақта қалған ұлы  Төлеген тағатсыздана тосып жүрген-ді. Туған-туыспен аман-есен табысып,  жаңа өмір жолын бастаған партизан  парасаттылықтың кілтін адал еңбектен іздеуге кіріседі.  Әуелгіде Ширинадағы  мұнай құю айлағында еңбек еткен ол  1957 жылдары Гурьев мұнай өңдеу зауытының 4 цехына мұнай өнімдерін құюшы боп жұмысқа қабылданады.   Осында он бес жылға тарта қызмет еткен Шалмағамбет Балмағамбетов 1970 жылы құрметті зейнеткерлік демалысқа шығады.  «Әкеміздің еңбекке деген көзқарасы ерекше еді. Мұнай өнімдерін құю деген өте ауыр жұмыс болатын. Ол кезде әкем 8 сағаттық ауысыммен жұмыс жасады.  Соғыс салған жараның  салдары шығар, әкемнің белі, аяғы жиі ауыратын. Бірақ саулығындағы кінәратты сылтау еткен күні болған емес. «Бригададағы жігіттерге қиын болады»,- деп, ешқашан жұмыстан қалмайтын. Әкемнің ұжымдастар арасындағы беделі де зор болды.  Олардың: «Шәке, жеңіл мұнай өнімдерін құятын қондырғыға барсаңызшы», - деп қолқа салатындықтарын да үнемі айтып отыратын.  Әкеміздің еңбекқорлығын зауыт басшылығы да бағаласа керек, 1962 жылы тұрғын үй қалашығынан 4 бөлмелі пәтер берді. Ол кезде Үкімет тарапынан берілетін пәтерлер аз болатын», - дейді майдангердің ұлы Дүйсен Балмағамбетов.

1990 жылдарда жергілікті баспасөз беттерінде түрлі себептермен иесін таппаған марапаттар жөніндегі мақала жарық көреді.  Бұл тізімде Шалмағамбет Балмағамбетұлының да есімі бар екен.  Осы тізім негізінде әскери комиссариат майдангердің жарына ІІІ дәрежелі «Даңқ» орденінің куәлігін табыстайды. Ардагердің өзі көзі тірісінде бұл құрметті көрмегенімен, ұрпақтары үшін зор мақтаныш, үлкен абырой.

Жақсы әкенің даналығы – балаға мың жылдың азық. Әкенің тәлімін алған, салиқалы әңгімесін санаға түйіп, ұлағатын  ұғынған ұрпақтары  Шалмағамбет Балмағамбетұлының бойындағы даналық дәнегінен нәр алуға тырысты.  Ұрпақтары оның «Адамда бір ауыз, екі құлақ бар» дегенді өзіне берік  қағида етіп, аз сөйлеп, көп тыңдайтын, аузы дуалы қариялардың айтқанын бар ынтасымен тыңдап,  өзіне өмірлік сабақ алып, сөз қадірін бағалай білген жан екендігін  айтады. «Әкем  сыйлы адамдармен шешіле сөйлесетін,  ауыз әдебиеті мұраларын, батырлар жырын жатқа айтатын.  Қайынбике, жеңешелері  қолпаштап, қолқа салып, әкемнің жыр мәйегін ағытқан сәттеріне куә болған кездерім де бар.  Бірақ  өте сирек болатын.  Ол кісі  жеңіл мінезді, сөзі мен ісі бір-біріне  кереғар жандардан  бойын аулақ ұстайтын. Жағымпаздық, өтірік, жалғандыққа жаны қас еді. Мақтанбайтын, өзін өзге біреудің мақтағанын да қош көрмейтін. Бәз біреулер: «Жер қозғалмаса, Шәкең қозғалмайды ғой», - деп, мақтау сөздерді айта бастағанда, әкем дереу тоқтата қоятын. Ол кісінің түр-тұрпаты ғана емес,  сөзі де  салмақты еді. Мән-мағынасыз әңгімеге араласпайтын», - деп еске алған Дүйсен ағаның сөздерінен Шалмағамбет Балмағамбетұлының  қаншалықты текті азамат болғандығын жазбай тануға болады.  Төрт сыныптық қана білімі бар ол  қазақша – орысшаға бірдей сауатты болатын. Молдадан да арабша тәлім алған. Оның жазуының әдемілігі соншалық, ауыл адамдары  өтініш-арыздарын Шәкеңе жаздырады екен.  Осыған қатысты бір оқиға Дүйсен Шалмағамбетұлының әлі есінде: «Жолдасы химия зауытында есепші, кейін бас есепші болып жасаған, қайнылары да білімді бір жеңешеміз жұмысқа кіру үшін арыз жаздыруға келіпті. Ес біліп қалған кезім ғой, себебін сұрадым. Сонда: «Енелерім  (елге танымал қос әже болды) жіберді.  «Шалмағамбетке жаздырып ал, адал, әділ азаматтың арызы жерде қалмайды, тілегің орындалады» деп айтты»,  - деп жауап берді. Расында да солай болды».  

Бүгінде  Шалмағамбет Балмағамбетовтің ұрпақтары тамыры тереңге бойлаған текті әулетке айналды.  Ұрпағының өсіп-өрбігенін көзі көріп, көңілі тоғайған асыл әке жапырағы жайылғанына жаны сүйсініп,  жаратқанға разылығын айтудан  жалықпапты.  «Әкем балаларын ерекше жақсы көретін. Сырт көзге сездірмеуге тырысқанымен, жанындағы жылылықты жанарынан ұғатынбыз.  Ол жұмыстан келгенде жанына отыруға, қасына жатуға таласушы ек.  Қанша шаршап келсе де, асты – үстіне түсіп, бәйек боп жүрген балаларын көріп, мейірленіп, үнсіз қарап жата беретін», - деп еске алады балалары.  Әкенің ізі қалған қара шаңырақ - Атырау мұнай өңдеу зауытында Балмағамбетовтер әулетінің еңбек  династиясы қалыптасты. Еңбекке құштарлық пен адалдық, салмақтылық пен салиқалылық   сынды ізгі қасиеттерімен дараланған бұл әулеттің еңбек өтілі жүздеген жылдардан асып жығылады.  Әулеттің тұңғышы Төлеген 1962-1966 жылдары №4 цехта оператор болып еңбек етті.  Теміржол саласының ардагері Зибаш Шалмағамбетқызы да тікелей  мұнай өңдеу зауытында  жұмыс жасамағанымен, қызметінің зауытпен тоғысатын тұстары өте көп болды.  Одан кейінгі Бәтима зауыт асханасында он жылдан астам еңбек етті.  Әулеттің күйеу баласы Қайыргелді Темірбеков  те зауытқа отыз бес жылын арнаған жан. Жүргізушілікті кәсіп еткен оның жолын кейін  ұлдары Сергей жалғастырып, он бес жылдай зауыт көлігін тізгіндеді. Кезінде нағашы атасы салып кеткен жолды Берік есімді жиеннің де жалғап келе жатқанына он жылдан асыпты. Бүгінде монтаж жұмыстарының сапасын қадағалау департаментінде еңбек ететін Берік Темірбеков  жас та болса қабілеттілігімен танылып үлгерген мамандардың бірі.

Балмағамбетовтер әулетінің келесі өкілі – Дүйсен Шалмағамбетұлы. 1969 жылы училищені бітіргеннен кейін Гурьев мұнай өңдеу зауытына слесарь болып қабылданып, үш ай қызмет еткеннен соң әскерге аттанады. Әскерден кейінгі еңбек  жолын зауыттың  АВТ қондырғысында машинист болып жалғастырған ол  №7 цехқа   аспапшы болып ауысады. 1976 жылы Дүйсен аға зауыттың жолдамасымен Шымкент қаласына аттанып, сол жердегі жоғары оқу орнын  технологиялық процестерді автоматтандыру мамандығы бойынша бітіріп келеді.   Әйтсе де еңбек жолын басқа мекемелерде жалғастырып, 1993 жылы өзі түлеп ұшқан ұяға қайта оралады. Әдепкіде 7 цехқа слесарь болып қабылданады да, кейін жетекші инженер – метролог дәрежесіне дейін көтеріледі. Бұл жерде екі жылдай жұмыс жасап, 1995 жылы бас аспапшының орынбасары ретінде қызметін жалғастырады. 2002 жылы бас аспапшы лауазымына тағайындалып, бұл қызметті 2012  жылдың қарашасына дейін атқарып келді. Ал 2014 жылы №7 цехтың жетекші инженері лауазымынан құрметті зейнеткерлік демалысқа шықты.  Дүйсен Шалмағамбетұлының інісі Есен зауытқа мердігер  мекемеде машинист болып еңбек етеді.  Есеннің ұлы  Ерболат зауыттың орталық зертханасында жұмыс жасайды. Еңбек жолын 2005 жылы бастаған  ол бүгінде отынды моторлық сынау жөніндегі машинист қызметінде.  Тек жұмыста ғана емес, қоғамдық жұмыстарда да белсенділігімен көзге түсіп жүрген Ерболатты зауыттықтар спорттық балық аулау шебері ретінде жақсы біледі.  Бір жылдары Есеннің қызы Маржан да зертханада жұмыс жасады.  Әулеттің келесі өкілі – Амангелді Балмағамбетовтың зауыттағы еңбек биографиясы 1976 жылдан басталады. Ұзақ жылдар көлік цехында, өртке қарсы қызметте жүргізуші болып еңбек еткен  ол кейін   ароматикалық көмірсутектер шығару кешеніндегі айналма сумен қамту блогында аппаратшы боп  жұмыс жасады. Амангелді Шалмағамбетұлы ағымдағы жылдан бері зейнеткерлік демалыста. Ұзақ жылғы абыройлы еңбегі оң бағаланып,  «Байырғы қызметкер» атағын  иемденген Амангелді Шалмағамбетұлының атына берілген Құрмет грамоталары да бар.  Оның ұлы Қайрат  №8 цехтың суды биологиялық тазарту қондырғысында машинист болып жұмыс жасайды. Еңбек өтілі 13 жылға таяған Қайрат  ұжымдағы сыйлы жұмысшылардың бірі.  Шалмағамбет қарияның ұлдан кенжесі – Кенжебай да өз тағдырын зауытпен байланыстырды. 1982 жылдан күні бүгінге дейін адал еңбек етіп келе жатқан  ол ұзақ жылдар көлік цехында жұмыс жасады. Бүгінгі күні жөндеу-механикалық цехында еңбек етіп келе жатқан  Кенжебай Шалмағамбетұлы   лайықты  бағасын алған жан. «Зауыт ардагері», «Байырғы қызметкер», Құрмет грамотасы, «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясының төс белгісі сынды атақтары мен марапаттары осыған айқын дәлел. Ал оның кәсіби білігі 2005 жылғы «Мамандығы бойынша үздік» байқауында дәлелденді. Кенжебайдың  ұлы  Ерсұлтан да біздің зауытымызда  еңбек етеді. 2008 жылы аспапшы боп жұмысқа қабылданған Ерсұлтан №7 цехта инженер болып жұмыс жасайды.  Балмағамбетовтер әулеті  келіндерінің арасында да «зауыттық» мәртебесіне ие болғандары бар. Солардың бірі – орталық зауыт зертханасы басшысының сапа жөніндегі орынбасары Ақмарал Ғұсманова. Зауыттағы еңбек жолын  1992 жылы зертханашы боп бастаған Ақмарал Төрешқызы кейін инженерлікке көтеріліп,  сегіз жылдан бері зертхананың сапа жөніндегі мәселелеріне жетекшілік етіп келеді.  Зауыт басшылығының Құрмет грамотасы, «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясының Құрмет грамотасымен марапатталып, «Байырғы қызметкер» атағына лайық деп танылған оны өзгелерден зиялылығы мен білімділігі, көрегенділігі мен тектілігі даралайтындай көрінеді. Әулеттің келесі   келіні – Балмағамбетова Айгүл Мергенқызы да осал адам емес. 1984 жылы зауыттың жылу-электр орталығына химиялық су тазарту операторы болып қабылданған ол күні бүгінге дейін осы ұжымда еңбек етіп келеді. Бұл әулеттің еңбек жолын жалғаушылар санатында  Айгерім Сүйінқұлова да бар. Ол - Балмағамбетовтердің кенже қызы  Орынайдың  перзенті. 2014 жылы химиялық талдау зертханашысы болып жұмысқа қабылданған Айгерімді қоғамдық  шаралар кезінде жиі ұшырастыруға болады. 

                                                    ***

Осындайда Жұмекен  ақынның  «Бұтақтарым – биікте, Тамырларым – тереңде» деп келетін өлең жолдары еріксіз еске оралады екен. Әрине, ақынның  айтпағы басқа болса да, дәл осы бір сөздер біздің басты кейіпкеріміз  Шалмағамбет Балмағамбетовке қарасты айтылғандай әсерде боласың.  Ғасырларды қамтитын Балмағамбетовтердің еңбек династиясы замана ағымымен  бірге ілесіп,  әлі –ақ өрістерін кеңейтері хақ.  Өйткені,  бұл әулеттің бұтақтары – биікте, тамырлары – тереңде....

Назад к списку новостей

Соңғы жаңалықтармен таныс болыңыз.
Таратуға жазылыңыз!
Жазылу