Майдан жырларын орындаудан өзара сынға түскен зауыттықтар

11.05.2015
620 просмотров

Жауынгер жігерін, майдан даласындағы сұрапыл шақтарды, Отанына адал ұл-қыздардың қайсарлығын суреттейтін соғыс жылдарындағы әндер мен Жеңіс жырлары 70 жыл бойына өміршеңдігін жоғалтпай, өрлік пен ерліктің өшпес рухындай жасап келеді. Жанарға жас үйіріп, жүрек тебірентер майдан жырларын орындаудан өзара сынға түскен зауыттықтар ән боп өрілген Жеңіс тарихын әдемі бейнелеп берді.  Байқауға  барлығы 10 ұжым қатысты, олардың қатарында зауыт зейнеткерлері де бар.

Бөле-жарары жоқ, байқауға қатысушылардың қай-қайсысы да ерекше дайындықпен келгендіктерін көрсетті.  Олар тек ән шырқап, би билеп қана қоймай, сахналық киім, реквизиттерге де аса көңіл бөліп, әндерді сахналық көріністермен шебер үндестіре білді. Сайыскерлердің жоғары деңгейдегі дайындығын  Ұлы Жеңіс күніне деген кіршіксіз құрметі деп қабылдаған қазылар алқасына  жеңімпаздарды анықтау оңайға соқпады. 

Арнайы белгіленген «Шынайы бейне» аталымын жалғызын майданға шығарып сап, көз жасын көл қылған кейуананы сомдаған №4 цех қызметкері Өміргүл Мырзағалиева жеңіп алды. Жан жарасын ғана емес, Жеңіс туы желбіреп, баласымен есен қауышқан ананың  қуанышын да шынайы бейнелеген Өміргүлдің актерлік шеберлігі көпшілікті таңдай қақтырды.

Ал зауыттықтарға ақындығымен танылған зейнеткер  Раиса Каша  «Ветераны войны»  өлеңімен «Көркемсөз» аталымын жеңіп алды. 

«Соғыс жылдарындағы әнді сахналау» аталымын  зертханашылар (Райхан Хасанова, Надежда Струняшева, Оксана Кравцова, Виталий Тарабрин, Марина Чукалина, Элеонора Орналиева, Варвара Джелали, Артем Тергушев, Мөлдір Шоханова, Рысгүл Рашева, Камила Ізтелеуова, Айкөркем Есенгелдина, Асылхан Жұмабеков, Анна Волчева, Анастасия Дворянчик) жеңіп алды. "Огонек" әнін әдемі сахналық көрініспен әрлеген олардың өнері де көрермендердің қошеметіне бөленді.

Байқаудың жүлделі ІІІ орнына  «Священная война» әнін орындап, көрініспен көркемдеген «Балшуақ» ЖШС тәрбиешілері  (Дариға Мырзағалиева, Ирина Шестоперова, Елена Карчагина, Лариса Толстова, Шынар Шманова, Галина Соболева,  Мәншүк Шамғонова, Фаузия Бекболатова,  Ардақ Молдашева, Гүлбарша Төлегенова, Бибігүл Нығметова, Бақтыгүл Ахметқали, Нұргүл Қағазова)  иемденді.   Ал жүлделі ІІ орынға мұнай өңдеу және мұнай өнімдерін терең күкіртсіздендіру өндірісінің сайыскерлері (Ғалым Хамзаев, Абат Абылхайыров, Данияр Әубәкіров, Айсұлу Иманғалиева, Анар Шаймарданова, Оразбек Жұманалиев) иеленді.    «Ардагерлер» атты жалынды жыр, "А закаты алые, алые..." деп аталған әдемі би мен «Ана туралы баллада» әнін қамтыған шағын бағдарлама көпшіліктің көңілінен шықты.  І орынға  №4 цех қызметкерлері  (Жолжан Тәжібаев, Саламат Қатышев, Расул Ақтаев, Өміргүл Мырзағалиева, Әділет Аронов, Ажаргүл Ізімова, Айгүл Ермұханова, Гүлдәурен Есімова, Рүстем Табылдиев, Эльдар Қаражанов, Артур Ержанов, Алтынбек Қалауов) лайық деп танылды. «Ана туралы баллада» әніне дайындалған қойылым, «Әлия» әні, «Катюша» биі, «Ана мен баланың қауышуы» тақырыбындағы қойылымдардан тұратын сайыс бағдарламасын көпшілік назарына ұсынған №4 цех ұжымының жеңіске деген талпыныстары басынан-ақ аңғарылып  тұрды.  Сайыс жеңімпаздары қаржылай сыйлықпен марапатталды.

Өзге сайыскерлер де марапаттан құр қалған жоқ. «Огонек», «Катюша» әндерін әсерлі орындаған зейнеткерлер квартеті (Клавдия Ишимова, Надежда Тарабрина, Мария Жидкова, Людмила Мирошниченко),  "Десятый наш десантный батальон"  әнін әдемі көрініспен безендірген ароматикалық көмірсутектер өндіру кешенінің «сарбаздары» (Өмірхан Жақсығалиев, Ринат Бекқайыров, Мерей Әзмұханов, Эльдар Кереев, Бекзат Өтеғалиев, Сағи Бекбаев, Азамат Уртамбаев, Артем Черенков) мен Ғани Ормановтың «Сазай» атты шығармасын нақышына келтіріп оқыған ЖМЦ қызметкері Нұрлан Ғайсин, «Жеңіс күні» әнін орындап, көзге қуаныш жасын үйірген ЖЭО сайыскерлері (Бахтияр Бекмурзиев, Любовь Дворянчик, Вадим Савин, Аслан Қанатов, Бекболат Байменов, Мақсұт Байдәулетов, Алтынай Ғаббасова, Салима Елбаева, Ғалымжан Абошев) ынталандыру сыйлығымен марапатталды.

Өнер ұжымында емес, өндірісте қызмет ете жүріп, жоғары дәрежеде өнер көрсетудің үлкен жетістік, зор мәртебе екендігін айтқан қазылар алқасы  соғыс жылдарындағы әндерде өшпес Жеңіс рухы бар екенін атап айтты.  Ерлік  рухын насихаттайтын  дәстүрлі байқаудың мән-маңызы осы болса керек-ті.   

Назад к списку новостей

Соңғы жаңалықтармен таныс болыңыз.
Таратуға жазылыңыз!
Жазылу