АМӨЗ: тәжірибе алмасу алаңы

29.05.2015
668 просмотров

Ағымдағы жылдың 27 мамырында Атырау мұнай өңдеу зауытында «ҚазМұнайГаз – өңдеу-маркетинг» АҚ бас директоры Данияр Тиесовтың төрағалығымен мұнай өңдеу зауыттарын модернизациялау, 2015 жылдың І тоқсанындағы еншілес және тәуелді ұйымдардың қаржы-шаруашылық қызметін қорытындылау және ІІ тоқсанның міндеттерін нақтылауға арналған кеңейтілген мәжіліс болып өтті. 

Мәжіліс жұмысына «ҚазМұнайГаз – өңдеу-маркетинг» АҚ, «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС, «Павлодар мұнай-химия зауыты» ЖШС, «ПетроКазахстан Ойл Продактс» ЖШС, «ҚМГ өнімдері» ЖШС, «ҚМГ-Аэро» ЖШС және өзге де  компаниялардың басшылары қатысты. Кеңейтілген мәжілістің Атырау мұнай өңдеу зауытының базасында өткізілуі кездейсоқтық емес. Тыңнан түрен салып, Қазақстанның мұнай өңдеу өнеркәсібіндегі жаңалық боп саналатын мұнай-химия жобаларын жүзеге асыруға отандық зауыттар арасынан алғаш боп кіріскен  Атырау мұнай өңдеу зауытынан осы саладағы кәсіпорындардың үйренері мол.

Күннің алғашқы жартысында меймандар зауыт аумағында болып,  қайта жаңғырту  жобалары аясында жүргізіліп жатқан жұмыстармен танысты. Алдымен делегация  қайта жаңғыртудың екінші кезеңі аясында салынған бірыңғай операторлықта, кейін ароматикалық көмірсутектер өндіру кешенінде болды. Атыраулық әріптестерден құрылысы өндіріс жағдайында жүргізілген күрделі жобаның кейбір  ерекшеліктері туралы  мағлұмат алған меймандар  ароматикалық көмірсутектер шығару қондырғысындағы   биіктігі 106 метрлік С-601 бағанына айрықша назар аударды. 1057 тонналық ірі габаритті бұл жабдық зауытқа бөлшек түрінде жеткізіліп, монтаждау жұмыстары құрылыс алаңында жүргізілген болатын.      Қондырғыдағы іске қосу-баптау жұмыстарының сәтті жүзеге асырылып жатқандығынан хабардар болған  қонақтар бұдан соң ССR қондырғысына бағыт алды. Қазіргі таңда бұл қондырғы даярлық және іске қосу-баптау жұмыстарының барлық кезеңдерінен өтіп, зауыттың қолданыстағы өндірістік тізбегіне қосылды. Бүгінде мұнда зерттеу әдісі бойынша октан саны 100 пункттен асатын жоғарыоктанды риформат алдынды. Зауыттағы қайта жаңғырту жұмыстары туралы баяндаған Қайрат Оразбаев жабдықтар мен монтаж жұмыстарына қатысты ескертулер болмағандығын айтты. - Қондырғыны іске қосу-баптау жұмыстарына қатысты мәселелердің шұғыл шешілуін қамтамасыз ету мақсатында ақпарат алмасу жүйесін жасақтадық. Осының арқасында мамандарымыз мәселені жұмыс орнында шеше алады.  Жүйе өзінің тиімділігін көрсетті, мұндай мағлұмат алмасу жүйесі   өндірістегі маңызды мәселелерді шешу барысында да қолданылады, - деді ол сөзінде.

Қайта жаңғырту жұмыстарының негізгі ерекшеліктерінің бірі ретінде  жаңа кешендердің бұрынғы өндірістің орнына тұрғызылып, 1945 жылдан бері қолданылып келе жатқан жерасты коммуникацияларын қамтыған  ауқымды демонтаж  жұмыстары жүргізілгендігін атап өтуге болады. Кәсіпорын алдында күрделі жобаны сәтті жүзеге асырып қана қоймай, оның қолданыстағы өндіріске кері әсерін болдырмау, жыл сайын өсіп отыратын мұнай өңдеу жоспарын орындау міндеті тұрды.  Сондай-ақ, жаңа кешеннің технологиялық  ағынға қосылуы да негізгі өндіріске нұқсан келтірген жоқ.

Меймандар зауытқа экскурсия аясында мұнайды тереңдетіп өңдеу кешенінің құрылыс алаңдарындағы жұмыс барысымен де  танысты. Механикалық аяқталуы 2016 жылдың соңғы тоқсанына межеленген кешеннің құрылыс алаңдарында   жұмыс қарқынды жүріп жатыр.  Көлемі жөнінен  алдыңғы жобаларды басып озатын бұл кешенде орнатылатын негізгі жабдықтардың саны 1400 шамасында. Олардың 80 пайызы биыл жеткізіледі деп күтілуде.

Қайта жаңғырту жобалары шеңберінде салынған техникалық азот шығару станциясы, суды химиялық тазарту қондырғысының да қызметімен танысып көрген делегация  жобаның бас мердігері  Sinopec Engineering (Group) Co., LTD компаниясының кеңсесіне де бас сұқты. Қытайлық әріптестер өз кезегінде тапсырыс беруші тарапқа алғыс айтып, Атырау мұнай өңдеу зауытындағы жұмыс барысында зор  тәжірибе жинақтағандарын айтты. «ҚазМұнайГаз – өңдеу-маркетинг» АҚ бас директоры Данияр Тиесов өзге  отандық зауыттарға Атырау мұнай өңдеу зауытының жобаларды басқару әдістерін  озат тәжірибе ретінде  ұсынды.      

Жетпіс жылдық  тарихы бар зауыттың  тынысы кеңейгенін көріп,  оң істерге көзайым болған меймандар өз әсерлерімен бөлісті.

Ғазиз Қошанов, «ҚазМұнайГаз өнімдері» АҚ бас директорының трансформация жөніндегі бірінші орынбасары:

Мен Атырау мұнай өңдеу зауытына алғаш рет келіп тұрмын. Мұнда салынып жатқан кешендерді көруді көптен жоспарлап жүрген ем, бүгін соның сәті түсті. Жаңа кешендердің ауқымына таң-тамаша болып отырмын, бұл дегеніңіз жаңа зауыт салғанмен бірдей ғой.  Бір холдингтің құрамына кіретін болғандықтан біздің жұмысымыз өзара байланысты. Бүгінде отандық кәсіпорындар нарықтың  жоғарыоктанды бензиндерге сұранысын толығымен өтей алмай отыр. Ал зауыттағы жаңа жобаларды іске асырудың арқасында  осы мәселелерді оңынан шешіп, тұтынушыларды сапалы мотор отындарымен қамтамасыз етудің мүмкіндігі тумақ.

Нағашыбек Әубәкіров, «УПНК-ПВ»  ЖШС атқарушы директоры:

Бүгінде Павлодарда  Қазақстан нарығын  шынықтырылған мұнай коксымен қамтамасыз етуді көздейтін «УПНК-ПВ»кәсіпорнының құрылысын аяқтап, биыл іске қосқалы отырмыз. Біз шикізат ретінде Павлодар мұнай-химия зауытынан шығатын коксты пайдаланатын боламыз. Бүгін зауыттан көрген-білгенімді салыстырып, алған ақпараттарды іштей саралап отырмын. Ауқымды жұмыс атқарылып жатқанын көрдік. Біз үшін мұндай тәжірибе алмасу шараларының маңызы зор деп ойлаймын

Назад к списку новостей

Соңғы жаңалықтармен таныс болыңыз.
Таратуға жазылыңыз!
Жазылу