Қажырын қарттыққа жеңдірмеген қария

03.07.2015
1438 просмотров

... Сабыртай Нармұхамбетұлы  көз алдында алаңсыз асыр сала  ойнап жүрген немере-шөберелеріне қарап, өзінің балалық шағын еміс-еміс еске алып отырады.  Қарияның  балдәурен кезінің бояуы  қайғысыз-қамсыз құлыншақтарының өміріне қарағанда әлдеқайда солғындау еді... 

1935 жылдың 19 сәуірінде Гурьевте дүниеге келген Сабыртай ақсақал бала күнгі шаттығын соғысқа ұрлатып,  бесіктен белі шықпай  еңбекке араласты. 1941 жылы  әкесі Нармұхамбет майданға аттанғанда кейіпкеріміз алты-ақ жаста болатын.  Үш баласымен жарының амандығын тілеп қалған анасына қолдан келгенше қолғабыс еткен Сабыртай  мал бағып, тезек теріп,   тылда еңбек етеді. 

- 1943 жылы әкеміздің хабар-ошарсыз кеткендігі жөнінде қара қағаз алдық. Ауыртпалықтың барлығы ағам Райдың мойнына артылды.  Ол кезде балық өте мол болатын.  Көбіне сол балықты қорек ететінбіз. 

Біздің зауыттың алғаш бой көтере бастаған кезі де есімде.  Ашық атырапта  құрылыс жұмыстары қайнап жататын, - деп еске алады қария.

Соғыс аяқталып,  оның  зардабынан  ел ептеп ес жия бастады.  Әкеден  өрімдей шақтарында қалып,  тағдыр тауқыметін  арқалаған Тұрсыновтардың тіршілігіне де рең кіре бастағандай болды. 

Сабыртай Нармұхамбетұлы 1956-1959 жылдары Хабаровск өлкесінде әскери борышын өтейды. 1959 жылдың аяғында қазіргі Атырау мұнай өңдеу зауытында жөндеу-құрылыс басқармасының ағаш шебері болып   еңбек етеді.   Кейін Сабыртай ақсақалдың зауыттық еңбек тәжірибесінде  азды-көпті үзіліс орын алып,  1963 жылы  №1 цехтың операторы ретінде қайта жалғасын табады.

-№1 цехтағы еңбек жолым тауар операторы ретінде басталып, кейін термокрекинг аға операторлығына дейін көтеріліп, 1997 жылы зейнетке шықтым. Жұмыс ауыр болды, әсіресе, бағандарды кокстен тазалау кезінде әбден шаршайтынбыз. Бірақ, жанға батар қиындық болған жоқ, жағдайымыз да жақсы болды, -  дейді ардагер.

Адал еңбек қай кезде де бағасыз қалмаған. Зауытта еңбек ете жүріп алған  марапаттарын  санамақ болған  Сабыртай аға да, біз де ақырында саннан жаңылдық. 

-  Суретім үш-төрт мәрте Құрмет тақтасына ілінді. Ал енді «екпінділерде» шек жоқ. Ұзақ жылғы еңбегіміздің жемісін әлі татып келеміз.  Зауыт қай кезде де денсаулығымызды оңалтуға, өзге де қажеттіліктеріміз үшін қаржылай көмек көрсетіп тұрады. Бүгінгі қоныс етіп отырған тұрағым да зауыттың сыйы  - дейді қария алғысын айтып.

Өмірдің ыстық-суығына әбден шыңдалған  Сабыртай ақсақал болмашы қиындықтарға босаңси қоймайтын құрыштай қатты болмыстың  иесі.  Сексеннің сеңгіріне қадам басар тұста аяққа  тұсау салмақ болған инсульт дерті де  оның жігерін еш мұқалта алмаған. Ғұмыр жолында ұшырасқан  қиындықтарды абыроймен еңсеріп,  еңсесін бір төмендетіп көрмеген ақсақал бұл дертке тойтарыс берері хақ.

Ақсақалдың   жанында алпыс жыл бойына айнымас серігі боп келе жатқан    Үмітай  ападай асыл жары бар. Фабрика-зауыттық училище қабырғасында танысып, 1955 жылы шаңырақ көтерген олар бүгінде ұрпақ бақытына кенеліп отыр. Айтпақшы,  Үмітай Боранғалиева да отыз жылдан астам зауыттың қосалқы шаруашылығында, кейін №4 цехта еңбек етіп, зауыттан зейнетке шыққан. 

- Еңбектен де тартынған жоқпын, аналық міндетімді де атқардым. Омырауыма алтыннан алқа тағындым.  Бүгінде үш ұл, үш қызымның, он жеті немерем мен тоғыз шөбереммен ортам толы,- дейді ол.   

Сабыртай ақсақалдың ұлы Нұрболат та зауыттың №8 цехында жұмыс жасайды.  Кейіпкеріміздің ағасы Рай осы цехтың ардагері, одан өрбіген ұрпақтар да осы зауытта. Қыздары Шамия мен жиендері Асылбек те өз өмірлерін зауытпен байланыстырды.    Тұрсыновтар үшін  зауыт тек қызмет орны ғана емес,  бұл сөздің  ұғымы   олар үшін  әлдеқайда   кеңірек. 

Осыны ұл-қыздарының санасына сіңіріп өсірген Сабыртай ақсақалдың елдің амандығы мен ұрпағының саламаттылығынан кейінгі тілейтіні -  зауыттың  қалыпты қызметі  мен зауыттықтардың саулығы.  Кәсіпорынның дамуы мен  жаңаруына қадасы қағылған сәттен бастап куә болып келе жатқан ол сөз соңында баршаны 70 жылдық  мерейтоймен құттықтады.

Біз де өз кезегімізде қажыры мен қайратын қарттыққа жеңдірмеген қарияға Тәңірдің талайғы мерейтойды бірге тойлауды нәсіп етуін тіледік.  

Назад к списку новостей

Соңғы жаңалықтармен таныс болыңыз.
Таратуға жазылыңыз!
Жазылу