Кешенді пайдалануды Мемлекеттік Комиссия мақұлдады

05.12.2015
610 просмотров

Атырау мұнай өңдеу зауытындағы (АМӨЗ) ароматикалық  көмірсутектер шығару кешенінің (АКШ) бірінші іске қосу нысандарын құрамына ҚР Энергетика минситрлігінің, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ, «ҚазМұнайГаз» АҚ –өңдеу - маркетинг, Атырау облысы әкімдігінің және басқа да мемлекеттік қадағалаушы органдары, мердігер ұйымдар өкілдерінен құрылған Мемлекеттік қабылдау комиссиясы пайдалануға қабылдап алды.   

Осылайша 70 жылдық тарихы бар отандық кәсіпорын көп сатылы қайта жаңғыртудан өткізіліп жатыр. АКШ іске қосу да осының айқын көрінісі.

2014 жылдың 23 қазанында ҚР Энергетика министрлігі Атырау мұнай өңдеу зауытындағы ароматикалық  көмірсутектер шығару кешенінің бірінші іске қосу нысандарынқабылдап алу үшін арнайы Мемлекеттік қабылдау комиссиясын құру туралы бұйрық шығарды.Комиссияны басқаруға Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі техникалық реттеу және мұнайгазхимия өнеркәсібін дамыту департаментінің директоры Асхат Хасенов бекітілді. Оның құрамына «Пи Промстройпроект» ЖШС бас директоры- комиссия төрағасының орынбасары Нұржан Байсейітов, ҚР Энергетика министрлігі техникалық реттеу және мұнайгазхимия өнеркәсібін дамыту департаменті мұнайгазхимия өнеркәсібі басқармасының бас сарапшысы  Жаслан Жақсымбетов, ҚР Инвестициялар және даму министрлігі индустриалды даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік Комитеті  мұнай-химия, мұнай-газ өндіру өнеркәсібін және магистралдық құбырларды мемлекеттік қадағалау басқармасының басшысы Нұрғали Нұрлыбаев,   ҚР Энергетика министрлігі техникалық реттеу және мұнайгазхимия өнеркәсібін дамыту департаменті мұнайгазхимия өнеркәсібі басқармасының бас сарапшысы Рзабек Меңдіқұлов,  Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Сағынбек Өмірзақов,  Атырау облыстық Тұтынушылар құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары Амантай Жұмағалиев, Атырау облысы Экология департаментінің бас мемлекеттік инспекторы Қанат Қалмахан, Атырау облыстық Мемлекеттік сәулет- құрылыс бақылау басқармасының басшысы Қуаныш Мұхаметқалиұлы, Атырау облысы мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Салауат Ищай, Атырау облысы кәсіпкерлік және индустиалды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Ескендір Жаңатаев, Атырау облысы сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Төлеп Орынбасаров,  «ҚазМұнайГаз өңдеу-маркетинг» АҚ бас директорының кеңесшісі Ғалымжан Амантурлин, «ҚазМұнайГаз» ҰК өңдеу-маркетинг дирекциясының директоры Рүстем Нығмет, «АМӨЗ» ЖШС бас директоры Қайрат Оразбаев, «АМӨЗ» ЖШС бас директорының орынбасары – бас инженер Денис Козырев, «Интертек Интернэшинал Қазақстан» ЖШС техникалық бақылау супервайзері Аманжол Сұлтанов, «Sinopec   Engineering (Group) Co. LTD» қазақстандық филиалының директоры  Чжэн Фуцян кірді.

Бірінші іске қосу нысандарынпайдалануға қабылдау сатылап жүргізілді. Мемлекеттік қабылдау комиссиясының мүшелері зауытқа бірнеше мәрте келіп, салынып жатқан нысандардың талаптар мен стандарттарға сәйкестігін тексерді. Құрылыс департаменттерінің директорлары, бас мамандарымен талқылау мәжілістері өткізілді. Бұл жерде құрылысшылар мен технологтардың, қамтамасыз етуші қызметкерлер мен басқа да зауыт мамандарының сапалы да жауапкершлікпен жұмыс істегенін атап өткен жөн. Олар АКШ нысандарын пайдалануға қабылдау кезінде Мемлекеттік комиссия мүшелерінің қойған барлық сұрақтарына кәсіби тұрғыда мүдірместен жауап беріп, біліктіліктерін дәлелдеді.

Міне, соңғы сатысы- кешенді қабылдау актісіне қол қойылды. Салтанатты өткен шараға (залда негізінен қайта құрастыру және күрделі жөндеу басқармасының мамандары қатысты) зауыт жұмысшылары да куә болды. Бұл да Атырау мұнай өңдеу зауытындағы тарихи оқиға еді.

Бірыңғай операторлар орналасқан жаңа мәжіліс залында Актіге Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі техникалық реттеу және мұнайгазхимия өнеркәсібін дамыту департаментінің директоры, Мемлекеттік комиссия төрағасы Асхат Хасенов қол қойды.

Атап өткен жөн, ароматикалық көмірсутегі өндірісі кешенінің құрылысы мұнай өңдеу және мұнайхмия саласын дамыту аясындағы Мемлекеттік индустриалды дамыту бағдарламасымен жүзеге асырылды.

Салтанатты шара барысында қатысушыларға кешен құрылысы сатыларының тарихи кезеңдері таныстырылды. Құрылысты «түбегейлі тапсыру» жөнінде Келісім 2009 жылдың 29 қазанында «ҚазМұнайгаз» АҚ- өңдеу - маркетинг» еншілес кәсіпорны саналатын «АМӨЗ» ЖШС және «SinopecEngineering (Group) Co. LTD» (ҚХР) компаниясы арасында жасалып, шартқа қол қойылды. Жобаны қаржыландыру мақсатында Қазақстан Даму банкімен қаржы-несиелік келісімі рәсімделді. Технологиялық процестердің лицензияры - француздың «Axens» компаниясы.  2010 жылдың 4 қазанында АКШ құрылысы іргетасының алғашқы тасын қалау рәсімі өтті. Осы күннен бастап жобаны жүзеге асыру жұмысы басталды. Ал, 2011 жылдың наурыз айында алғашқы діңгегі қағылды.  2014 жылы 25 желтоқсанда жалпұлттық телекөпір барысында  Елбасы Н.Ә.Назарбаев АКШ кешенінде іске қосу-баптау жұмыстарын бастауға рұхсат берді. 2015 жылдың 3 шілдесінде бензолдың алғашқы өнеркәсіптік-тәжірибелік партиясы, ал, 2 қазанда  параксилол алынды.

Салтанатты жүргізушілер телемонитордан тарихи фотосуреттерді де өз сөздерімен сабақтастыра айтып отырды.

Мемлекеттік комиссия мақұлдаған нысандардың тізімінде: жылына 1 млн. тонна өнімділігімен шикізатты үздіксіз регенерациялық блогы бар каталитикалық риформинг қондырғысы, бензол мен толуолды экстракциялау қондырғысы бар.

- Ароматикалық  көмірсутектер шығару кешенін іске қосу Қазақстан үшін үлкен маңызы бар оқиға. Осының арқасында елде жоғары октанды бензин өндіру 20 пайызға өседі. Бұл дегеніңіз экономиканы алға жылжытудағы батыл қадамдардың бірі деп ойлаймын...-- деді, Мемлекеттік қабылдау комиссиясының төрағасы Асхат Хасенов: - Ауқымды жұмыс жасалды.  Бұл алдымен Атырау мұнай өңдеу зауыты бас директоры Қайрат Оразбаев бастаған ұжымының жетістігі деп білемін. Сондай-ақ, мердігер компаниялар мен қызмет көрсетуші ұйымдардың кешен құрылысын салуда ерен еңбегі бар. Энергетика министрлігі атынан мұнай өңдеу мен мұнайхимия саласын дамытудағы үлестеріңіз үшін алғысымды білдіремін. Ароматикалық  көмірсутектер шығару кешенінің бірінші іске қосу нысандары ресми түрде Мемлекеттік комиссиясымен қабылданды. Құттықтаймын!

Кешен сызбасының икемделігі арқасында оны екі бірдей мақсатта пайдалануға болады: отындық және мұнайхимиялық нұсқалар. Отындық нұсқа жоғары октанды бензин өндірісін мейлінше молайтуға жол ашпақ. Ал, мұнайхимия нұсқасы бензол мен параксилол өндірісіне бағытталған. Өндірістегі инновациялық технологиялар АМӨЗ-де шығарылатын автокөлік бензинінің сапасын К3, К4 стандарттарына дейін жеткізіп, Кедендік Одақтың техникалық регламенттері талаптарына сай  оның құрамындағы бензолды 1% -ға дейін төмендетеді.

Кешеннің бірінші іске қосу нысандары құрамында бензол мен параксилол мөлшері төмен автокөлік бензинінің тұтыну есебінен аймақтың экологиялық ахуалын жақсарта түспек. Нысандар пайдалануға берілген соң, бірқатар оң нәтижелерге қол жеткзілмек, атап айтқанда, жыл сайын екінші үдерістердің қуаттылығын 1000 мың тонна нафтаға дейін арттыру, сутекпен тазарту қондырғысына және сапасын арттыруға қажетті сутегі ресурстарын көбейту, Қазақстанды сапалы мотор отындарымен қамтамасыз етіп, жаңа заманғы техникалық деңгейге жету үшін технологиялық қуаттылықтарды түбегейлі жаңарту. Аталған кешенде жаңадан 277 жұмыс орны ашылады.    

 -  Атырау мұнай өңдеу зауыты аса ірі кешеннің құрылысын аяқтады. Біз Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасын орындадық,- деді, бас директор Қайрат Оразбаев. -  Биыл аталған кешеннің іске қосылуымен жоғары октанды бензин өндіру 234 мың тоннаға ұлғайып отыр. Өнімнің экологиялық тазалығы 99,9 пайызды құрайды. Ал алдағы жылы жоғары октанды бензин өндіру тағы да 400 мың тоннаға дейін ұлғаятындығы жоспарлануда. Екіншіден, аталған кешен мұнай-химия өнеркәсібін дамытуға тың серпін береді. Мұны мамандар жоба туралы әңгіме басталғаннан бері айтып келеді. Нақтылай айтқанда, алдымен, жылына 133 мың тонна бензол және бір жылда 496 мың тонна параксилол шығаруға қол жеткізеді. Бұл дегеніңіз елдегі жоғары сапалы бензин тапшылығын түпкілікті шешеді деген сенімдемін.     

Қайрат Оразбаев Энергетика министрлігі мен «ҚазМұнайГаз ҰК өңдеу-маркетинг АҚ» -на қолдау білдіргені үшін, бас мердігер «Sinopec   Engineering (Group) Co. LTD» компаниясына жемісті еңбегі үшін алғысын білдірді.

Мемлекеттік қабылдау актісіне қол қойылған соң ұйымдастырылған баспасөз конференциясында журналистерді бензин бағасы, өніммен ішкі сұранысты толық қамтамасыз ету жайы көбірек қызықтырды. Журналистер сауалдарына жауап берген Асхат Хасенов пен Қайрат Оразбаев зауытта жүзге асырылып жатқан жобалардың бәрі кәсіпорын өнімін молайтуға, оның сапасын жақсартуға бағытталғандығын айтты. Ал, бензол мен параксилол елдегі мұнайхимия саласында сұраныстағы өнімдер болып саналады. Энергетика министрлігіне оған сұраныстар жөнінде тапсырыстар да түсе бастапты. Оны қайта өңдеп, химиялық өнеркәсіпте пайдаланып және шағын және орта бизнесте қолдану баламалары қарастырылып жатыр. Зауыттың несиелік міндеттемелері мұнай өңдеу табысы арқылы жабылады. Ал, мұнайды терең өңдеу кешенінің құрылысы жоспар бойынша жүргізіліп жатыр. 2016 жылдың қыркүйек айында жобаның механикалық бөлігі аяқталмақ. Одан соң тәжірибелік қосу жұмыстары басталады.   

Назад к списку новостей

Соңғы жаңалықтармен таныс болыңыз.
Таратуға жазылыңыз!
Жазылу