Атырау МӨЗ экологиялық бағдарламасын таныстырды

02.10.2026
5 просмотров
Атырау МӨЗ экологиялық бағдарламасын таныстырды
2026 жылдың 2 қазанында «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС-нің қоршаған ортаға әсерін реттейтін кешенді экологиялық рұқсат (КЭР) алуына қажетті жобалық құжаттаманы талқылауға арналған дөңгелек үстел өтті. Жиынға Атырау МӨЗ, мемлекеттік органдар, Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университеті, С. Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті, APEC PetroTechnic жоғары колледжінің өкілдері, сондай-ақ экобелсенділер мен қала тұрғындары қатысты.
Кездесу барысында Атырау МӨЗ мамандары КЭР-дің ірі кәсіпорындар үшін міндетті экологиялық құжат екенін түсіндірді. Құжатта кәсіпорын қызметіне қойылатын негізгі экологиялық талаптар мен қоршаған ортаға әсер ету деңгейі белгіленеді. Бұл талаптарды орындау үшін Атырау МӨЗ-де жалпы құны шамамен 174 млрд теңгені құрайтын 18 іс-шарадан тұратын Экологиялық тиімділікті арттыру бағдарламасы әзірленді.
​
КЭР берілгеннен кейін зауыт бағдарламада көзделген іс-шараларды белгіленген мерзімде жүзеге асырып, тиісті көрсеткіштерге қол жеткізуге міндеттеледі. Олардың орындалуы кәсіпорынның КЭР талаптарына сәйкес жұмыс істеуінің негізгі шарттарының бірі болады.

​ Бағдарламаның негізгі мақсаты – өндірістің қоршаған ортаға әсерін азайту. Бұл бағытта жабдықтарды жаңғырту, тазарту және экологиялық бақылау жүйелерін жетілдіру, ластаушы заттардың шығарындылары мен иіс әсерін төмендету қарастырылған. Олардың қатарында резервуарларға понтондар орнату, факел газдарын қайтару блогын салу, жанарғыларды ауыстыру және пештерді жаңғырту жобалары бар.

Жекелеген іс-шаралар су ресурстарын тиімді пайдалануға бағытталған. 2030 жылға қарай тұщы су дайындау және тазартылған суды қайта пайдалану көлемін арттыру жобаларының нәтижесінде зауыттың Жайық өзенінен алатын тұщы су лимитін жылына 7,9 млн м³-ге дейін төмендету көзделген. Сонымен қатар булану алаңдарына жіберілетін ағынды су лимитін жылына 8,6 млн м³-ден 4,9 млн м³-ге дейін қысқарту жоспарланып отыр.

Бағдарлама аясында атмосфераға шығарылатын ластаушы заттар шығарындыларының лимитін 2020 жылғы шамамен 20,1 мың тоннадан 2030 жылға қарай 12,6 мың тоннаға дейін кезең-кезеңімен төмендету жоспарланған.

Жиын барысында қатысушылардың сұрақтарына жауап берген Атырау МӨЗ мамандары КЭР-дің қала тұрғындары үшін маңыздылығына да тоқталды. Мамандардың айтуынша, КЭР кәсіпорынның нақты экологиялық міндеттемелерін бекітіп, орындалуын бақылауға мүмкіндік береді. Бағдарламада әрбір іс-шараның іске асырылу мерзімі мен нысаналы көрсеткіштері белгіленген. Осылайша жоспарланған жұмыстардың орындалу барысы мен нәтижесін бағалауға болады.

Атырау МӨЗ уәкілетті органға бағдарламаның орындалу барысы туралы есеп береді. Мемлекеттік экологиялық бақылау аясында белгіленген мерзімдердің сақталуы мен нысаналы көрсеткіштердің орындалуы тексеріледі. Бақылау бағдарлама толық аяқталғаннан кейін ғана емес, оны іске асыру кезінде де жүргізіледі.

«Кешенді экологиялық рұқсат алу Атырау МӨЗ-ді экологиялық жаңғыртудағы маңызды кезең болады және бұл бағыттағы жұмыстарды ашық жүргізуге мүмкіндік береді. Тиісті комитеттің қолдауымен КЭР алу үшін қажетті жұмыстарды жүйелі түрде жалғастырып, қаладағы экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған шараларды бірлесіп іске асырамыз. Біз үшін жұртшылықтың жоспарланған іс-шараларды ғана емес, нақты нәтижелерді де көруі маңызды», – деді еңбекті, қоршаған ортаны қорғау және азаматтық қорғаныс департаментінің директоры Арман Димукашев.

Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша қатысушылар жобалық құжаттамаға қатысты өз ұсыныстарын білдірді. Кәсіпорынның КЭР алуына қатысты қоғамдық тыңдау 2026 жылдың 9 қазанында өтеді.


«Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС баспасөз қызметі

Назад к списку новостей

Соңғы жаңалықтармен таныс болыңыз.
Таратуға жазылыңыз!
Жазылу