Облыс прокуроры Атырау мұнай өңдеу зауытында болды

28.09.2026
26 просмотров
Облыс прокуроры Атырау мұнай өңдеу зауытында болды

2026 жылдың 23 қыркүйегінде Атырау мұнай өңдеу зауытына жұмыс сапарымен Атырау облысының прокуроры Мадияр Басшыбаев бастаған делегация келді.

      Кездесуде зауыттың экологиялық қызметі талқыланды. Атырау МӨЗ бас директоры Мұратжан Мұсайбеков іске асырылған шаралардың нәтижелерін таныстырып, өндірістің қоршаған ортаға әсерін азайту мақсатында жоспарланған жобалар туралы ақпарат берді. Атап айтқанда, Tazalyq жобасы аясында механикалық тазарту құрылыстары жаңғыртылып, сарқынды сулардың құрамындағы мұнай өнімдерінің мөлшері үш есеге азайтылды. Бұдан бөлек иістің ашық көздері жойылып, булану алаңдарының екі секторы рекультивацияланды. Ескірген жанарғыларды ауыстыру жұмыстары атмосфераға шығарылатын ластаушы заттар көлемін жылына 252 тоннаға азайтуға мүмкіндік берді.
      Жиында экологиялық көрсеткіштердің өзгеру динамикасына да назар аударылды. 2020 – 2026 жылдары Атырау МӨЗ атмосфераға шығарылатын ластаушы заттар лимитін 20,1 мың тоннадан 14 мың тоннаға, ал сарқынды сулар құрамындағы ластаушы заттардың лимитін 23,2 мың тоннадан 6,7 мың тоннаға дейін төмендетті. Парниктік газдар шығарындылары 1,8 млн тоннадан 1,4 млн тоннаға дейін азайды.
      Экологиялық жүктемені одан әрі төмендету үшін Атырау МӨЗ 2030 жылдың соңына дейін жалпы құны 67 млрд теңгеден асатын 16 жобаны іске асыруды жоспарлап отыр. Олардың қатарында бу-конденсат жүйесін жаңғырту, факел газдарын қайтару блогын салу, тұщы су дайындау, резервуарларға понтондар орнату және басқа да іс-шаралар бар.
      Сонымен қатар 2028 жылдың соңына дейін баяу кокстеу қондырғысын жаңғырту жоспарланған. Жобаны іске асыру нәтижесінде атмосфераға шығарылатын ластаушы заттар көлемі жылына 166 тоннаға азаяды деп күтілуде.
      Өз кезегінде Мадияр Басшыбаев Атырау МӨЗ-дің ел экономикасындағы стратегиялық маңызын атап өтіп, өндіріс тиімділігін арттырумен қатар экологиялық қауіпсіздікке де ерекше мән берілуі тиіс екенін айтты. Ол зауыт басшылығына санитарлық-қорғау аймағының шекарасында орналасқан үйлерді көшіру жұмыстарын жеделдетуді, экологиялық жағдайды жақсарту бойынша шаралар қабылдауды, сондай-ақ өнеркәсіптік қауіпсіздік пен еңбекті қорғау талаптарының сақталуын бақылауды күшейтуді тапсырды.
       Кездесу соңында облыс прокуроры зауыттың өндірістік нысандарын аралап, мұнай өңдеу, отынды гидротазарту, баяу кокстеу және сарқынды суларды тазарту процестерімен танысты, сондай-ақ табиғатты қорғау шараларын іске асыру бойынша жұмыстарды күшейтуді тапсырды.
       Прокурордың сапары кәсіпорынның экологиялық қауіпсіздігіне қатысты ашық диалогты нығайту жолындағы тағы бір қадам болды. Атырау МӨЗ ауа сапасы мен қала тұрғындарының қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөле отырып, мемлекеттік органдармен, экологиялық қауымдастықпен және жұртшылықпен өзара тығыз іс-қимылды жалғастырады.



«Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС баспасөз қызметі

Назад к списку новостей

Соңғы жаңалықтармен таныс болыңыз.
Таратуға жазылыңыз!
Жазылу