Атырау МӨЗ жаңа сорғы станциясын салу арқылы жеңіл мұнай өнімдерін жөнелту көлемін арттырады

28.08.2026
9 просмотров
Атырау МӨЗ жаңа сорғы станциясын салу арқылы жеңіл мұнай өнімдерін жөнелту көлемін арттырады
Атырау мұнай өңдеу зауытында қолданыстағы автоматтандырылған тактілеп құю қондырғысы (АТҚҚ) арқылы автобензиндер мен авиаотын құю көлемін арттыру мақсатында жаңа сорғы станциясының құрылысы жүргізілуде.
Жобаны іске асыру нәтижесінде құю операциялары толықтай зауыт аумағынан тыс жерге шығарылады. Қондырғының сенімді әрі үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету үшін мұнай өнімдерінің әр түріне арналған резервтік сорғы орнатылады. Сондай-ақ жоба аясында жерасты дренаждық сыйымдылық, трансформаторлық қосалқы станция, технологиялық құбыржолдар салынып, қажетті инженерлік желілер тартылады. 

Жаңа кешен айтарлықтай экологиялық тиімділікке қол жеткізуге де ықпал етеді. Сорғы станциясы мұнай өнімдерін герметикалық құю жүйесімен жабдықталған автоматтандырылған тактілеп құю қондырғысына жеткізеді. Аталған жүйе герметикалық қақпақ, телескопиялық құю құбыры және бу-ауа қоспасын бұру желісінен тұрады. Мұндай техникалық шешім өндірістік алаңдарда газдың жиналу қаупін жойып, өнеркәсіптік қауіпсіздік деңгейін арттыруға, көмірсутек буларының атмосфераға таралуын болдырмауға және қоршаған ортаға әсерді едәуір азайтуға мүмкіндік береді.

Сорғы станциясы іске қосылғаннан кейін АТҚҚ арқылы мұнай өнімдерін жөнелту көлемі жобалық қуат – тәулігіне 12,4 мың тоннаға дейін жетеді, ал жыл сайынғы көмірсутектер шығыны шамамен 3 мың тоннаға қысқарады деп күтілуде.  

Жоба Атырау мұнай өңдеу зауытының өндірістік тиімділігін арттыруға бағытталған кешенді іс-шаралар аясында жүзеге асырылуда. 

Нысанды 2027 жылы пайдалануға беру жоспарланып отыр.


«Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС баспасөз қызметі

Назад к списку новостей

Соңғы жаңалықтармен таныс болыңыз.
Таратуға жазылыңыз!
Жазылу