Атырау МӨЗ-дің буландыру тоғандарында Қызыл кітапқа енген құстардың 9 түрі мекендейді

10.06.2026
214 просмотров
Атырау МӨЗ-дің буландыру тоғандарында Қызыл кітапқа енген құстардың 9 түрі мекендейді
2026 жылдың мамыр айында Атырау мұнай өңдеу зауытының нысандарында биоалуандықты кешенді зерттеу бойынша далалық жұмыстар басталды.

Жоба Қазақстан Республикасында биоәртүрлілікті сақтау және орнықты пайдаланудың 2026-2035 жылдарға арналған тұжырымдамасы, сондай-ақ «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-ның биоалуантүрлілікті сақтау бойынша стратегиясы аясында жүзеге асырылуда.

Жұмыстың негізгі мақсаты – флора мен фаунаның жай-күйін зерттеу, әсер етуші факторларды анықтау және өңірдің экожүйесін сақтау шараларын әзірлеу. Зерттеу жұмыстарын Қарағанды облыстық экологиялық музейінің мамандары жүргізуде. Мамыр айында экологтар зауыт аумағында, кәсіпорынның санитарлық-қорғау аймағында, сондай-ақ буландыру тоғандарының зауытқа тиесілі бөлігінде аң-құстың алуан түрлілігін зерттеу жұмыстарын бастады.

Зерттеу барысында булану алаңдарында су құстары мен су маңын мекендейтін құстардың аса көп шоғырлануы тіркелді. Мәселен, 20 мамыр күні Арктика тундрасына көктемгі көші-қонның шарықтау кезеңінде су айдындарында дөңгелектұмсық жүзгіштің (Phalaropus lobatus) шамамен 20 мың дарағы анықталды.

Жаһандық деңгейде жойылып кету қаупі бар әрі Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына енген ақбас үйрек (Oxyura leucocephala) экологтардың ерекше назарын аударды. Тоғандар аумағында аталмыш құстың 152 дарағы анықталды, бұл аталған құстардың әлемдік популяциясының шамамен 2-3 %-ын құрайды. Сондай-ақ мамандар Қызыл кітапқа енген қарабайдың (Plegadis falcinellus) 300-ден астам дарағын тіркеді.

Жалпы, Атырау МӨЗ-дің буландыру тоғандарында Қазақстанның Қызыл кітабына енген құстардың 9 түрі анықталды. Жоғарыда аталған қанаттылардан бөлек олардың қатарында жалғабай (Platalea leucorodia), бұйра бірқазан (Pelecanus crispus), қызғылт бірқазан (Pelecanus onocrotalus), сұңқылдақ аққу (Cygnus cygnus), кіші аққұтан (Egretta garzetta), аққұйрық субүркіт (Haliaeetus albicilla) және лашын (Falco peregrinus) бар.

Қарағанды облыстық экологиялық музейінің табиғатты қорғау жөніндегі директоры, халықаралық эколог Тиль Дитрихтің пікірінше, Атырау МӨЗ-дің булану алаңдары сулы-батпақты алқап ретінде маңызды мәнге ие. Сарапшының айтуынша, тіркелген құстар саны бұл су айдындарының Орталық Азия көші-қон дәлізіндегі қанаттылар үшін негізгі аялдау орындарының бірі екенін көрсетеді.

«Тіркелген көрсеткіштер Рамсар конвенциясының 6-критерийіне сәйкес келеді. Аталған критерий бойынша, егер су-батпақты алқапта су құстарының белгілі бір түрінің әлемдік популяциясының 1 %-дан астамы тұрақты түрде кездессе, ол халықаралық маңызы бар аумақ ретінде танылады. Қазіргі уақытта буландыру тоғандарындағы су құстарының жалпы саны 30 мың дарақтан асады. Бұл Рамсар конвенциясының 5-критерийіне сәйкес келеді. Аталған критерий бойынша 20 мыңнан астам су құсы тұрақты кездесетін аумақ халықаралық маңызы бар сулы-батпақты алқап болып саналады», – деді сарапшы.

Оның айтуынша, су айдындарында көші-қон кезінде құстардың тынығуына, түлеп, қоректенуіне қолайлы жағдай, сондай-ақ жеткілікті қоректік база бар.

«Құстардың жалпы санын, олардың арасында сирек кездесетін әрі жаһандық деңгейде жойылып кету қаупі бар түрлерінің болуын, сондай-ақ Рамсар конвенциясының халықаралық критерийлеріне сәйкестігін ескере отырып, Атырау МӨЗ-дің буландыру тоғандарын табиғатты қорғау маңызы жоғары су айдыны ретінде қарастыруға және халықаралық маңызы бар сулы-батпақты алқап мәртебесіне ұсынуға болады. Мұндай мәртебе берілген жағдайда, Атырау МӨЗ жасанды су айдындары халықаралық табиғат қорғау маңызы бар нысан ретінде танылған Қазақстандағы алғашқы өнеркәсіптік кәсіпорындардың бірі болуы мүмкін», – деп атап өтті Тиль Дитрих.

Биоалуантүрлілікті зерттеу жұмыстары 2028 жылдың соңына дейін жалғасады. Жоба аясында зауыт аумағы және булану алаңдарында жануарлар мен құстарды, соның ішінде түнгі уақытта тіршілік ететін түрлерді бақылауға мүмкіндік беретін фототұзақтар орнатылды.

Еске салайық, Атырау МӨЗ буландыру тоғандарын 1945 жылдан бері пайдаланып келеді. 2003 жылы су айдынының жалпы аумағы 860 гектарды құрайтын, төрт сектордан тұратын бөлігі кәсіпорынның теңгеріміне берілді. Зауыттың өндірістік ағын сулары тоғандарға механикалық және биологиялық тазартудан кейін жіберіледі. 2023 жылы Tazalyq экологиялық жобасы аясында тоғанның екі секциясы (3 және 4) құрғатылып, қалпына келтірілді. Қазіргі уақытта тазартылған өндірістік ағын сулар қалған екі секторға (1 және 2) жіберілуде. Сонымен қатар қолданыстағы секторларды рекультивациялау мақсатында жаңа буландыру тоғандарын салуға арналған жер учаскесін анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

 

«Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС баспасөз қызметі

Назад к списку новостей

Соңғы жаңалықтармен таныс болыңыз.
Таратуға жазылыңыз!
Жазылу