Персоналды басқару бөлімінің мамандары, кәсіподақ ұйымының өкілдері мен зауыттың жас мамандар кеңесінің мүшелері қариялардың үйлерін аралап, азық-түлік себеттері мен материалдық көмек табыстады.
Соғыс жылдарында тылдағы тынымсыз еңбектің бел ортасында жүріп, майданның берік тірегі болған ардагерлер бейбіт кезеңде де ел дамуының негізіне айналды. Олар саналы ғұмырын Қазақстандағы тұңғыш мұнай өңдеу зауытының өндірісін өркендетуге арнап, жаңа саланың қалыптасуы мен дамуына айрықша үлес қосты.
Кездесу кезінде ардагерлер отты жылдардағы қиын кезеңдерді еске алып, зауыттың бүгінгі тыныс-тіршілігі мен алдағы жоспарларына қызығушылық танытты. Ұжымға ақ батасын беріп, көрсетілген сый-құрмет үшін кәсіпорын басшылығына алғыстарын жеткізді.
Ал 9 мамыр күні Атырау МӨЗ қызметкерлері Жеңіс саябағындағы Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қою рәсіміне қатысып, майдангерлер рухына тағзым етті.
Айта кетейік, әр жылдары Атырау мұнай өңдеу зауытында майданнан оралған 300-ден астам жауынгер еңбек еткен. Олар кәсіпорын жұмысын жетілдіріп қана қоймай, ерлік пен адал еңбектің өшпес өнегесін кейінгі ұрпаққа аманат етіп қалдырды.
Назад к списку новостей