Атырау мұнай өңдеу зауытында бөлімшелер арасындағы спартакиада басталды

26.04.2026
117 просмотров
Атырау мұнай өңдеу зауытында  бөлімшелер арасындағы спартакиада басталды
25 сәуірде «Мұнайшы» стадионында «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС-нің жыл сайынғы жалпызауыттық Спартакиадасының салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Кәсіпорынның маңызды корпоративтік іс-шараларының біріне айналған спартакиада зауыт қызметкерлерін спорттық рух, ұйымшылдық және салауатты өмір салты құндылықтары аясында біріктірді.

Атырау МӨЗ бас директорының бірінші орынбасары – бас инженер Нұрлан Ещанов іс-шараның ашылуындағы құттықтау сөзінде 2024 жылы 12 жылдық үзілістен кейін қайта жаңғырған зауыттық спартакиаданың ұжым өміріндегі маңызды рөлін, спартакиаданың қызметкерлер арасындағы бірлікті нығайтып, салауатты өмір салтын насихаттауға ықпал ететінін атап өтті.

Биылғы спартакиадаға кәсіпорынның құрылымдық бөлімшелерінен құралған 15 команда қатысуда. Жалпы жарысқа 700-ге жуық қызметкердің қатысуы жоспарланып отыр.

Спартакиада бағдарламасына спорттың 12 түрі енгізілген. Атап айтқанда, жеңіл атлетика, арқан тарту, жүзу, волейбол, асық ату, бес асық, футбол, армрестлинг, үстел теннисі, киберспорт, шахмат, баскетбол және тоғызқұмалақ бойынша жарыстар ұйымдастырылады.

Мұндай ауқымды спорттық шара қызметкерлерге өздерінің физикалық дайындығын ғана емес, сонымен қатар төзімділігін, шапшаңдығын, стратегиялық ойлау қабілетін және командалық өзара іс-қимылын көрсетуге мүмкіндік береді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, биылғы маусым да тартысты әрі мазмұнды өтпек. Қатысушылар мен жанкүйерлерді қызықты кездесулер, әсерлі ойындар және жарқын спорт мерекесінің ерекше атмосферасы күтеді.

Спартакиада ойындары 6 мамырға дейін жалғасады. Жарыс қорытындысы бойынша үздік командалар мен жеке спорт түрлері бойынша үздік спортшылар анықталып, марапатқа ие болады.

Жыл сайынғы жалпызауыттық Спартакиада корпоративтік мәдениетті нығайтатын, ұжымдық бірлікті арттыратын және салауатты өмір салтын дәріптейтін маңызды дәстүр ретінде зауыт өмірінде орнықты.

Назад к списку новостей

Соңғы жаңалықтармен таныс болыңыз.
Таратуға жазылыңыз!
Жазылу