АМӨЗ-де Халықаралық әйелдер күніне орай салтанатты шара өтті

06.03.2026
196 просмотров
АМӨЗ-де Халықаралық әйелдер күніне орай салтанатты шара өтті
Атырау мұнай өңдеу зауытында 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай салтанатты шара өтті. Кәсіпорынның нәзік жандыларына құрмет көрсетілген мерекелік жиында, бірқатар қызметкер марапаттарға ие болды.

Іс-шара барысында «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС Бас директоры Қуаныш Бишімов құттықтау сөз сөйлеп, әйелдердің кәсіпорын тыныс-тіршілігіндегі маңызды рөлін атап өтті.

– Әйел – өмірдің мәні, тіршіліктің бастауы. Сіздер отбасының алтын қазығы ғана емес, кәсіпорнымыздың өркендеуіне үлес қосып жүрген білікті мамандарсыздар. Бүгінде ұжымымызда 500-ге жуық нәзік жан еңбек етеді. Олардың 200-ге жуығы өндіріс алаңында табанды қызмет атқарып, мұнай өңдеу саласының дамуына өз үлестерін қосып келеді. Бұл – үлкен жауапкершілік пен кәсіби шеберлікті талап ететін құрметті еңбек, –деді Қуаныш Бишімов.

Мерекелік жиында еңбегі ерен мамандар түрлі марапаттарға ие болды. Атап айтқанда, орталық зауыт зертханасының химиялық талдау зертханашысы Үміт Сахипкереева «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ естелік белгісімен марапатталды.

Сонымен қатар Гүлнар Есенғалиева мен Оксана Марининаға және Гюльнара Сарсенгалиеваға «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясының Құрмет грамотасы берілді. Ал Дамира Қосымбаева, Елена Шульга, Азиза Дюсешева және Гульнара Абулхаирова Ұлттық компанияның Алғыс хаттарымен марапатталды. Сондай-ақ кәсіпорынның бірқатар қызметкерлеріне Атырау облысы әкімінің және Атырау қаласы әкімінің Алғыс хаттары мен Кәсіподақ ұйымының марапаттары табысталды.

Салтанатты шара концерттік бағдарламамен жалғасты. Зауыт өнерпаздарының поэзиялық қойылымдары, ән мен би және музыкалық шығармалар кештің сәнін кіргізіп, мерекелік көңіл-күй сыйлады. Әрі жасанды интеллект арқылы дайындалған арнайы құттықтау бейнеролигі ұсынылды. Онда зауыттағы әйелдер арасындағы өндіріс үздіктері мен кәсіпорынның қалыптасуына еңбек сіңірген ардагерлердің тарихи фотосуреттері қамтылып, саладағы нәзік жандылардың рөлі кеңінен көрсетілді.

Концерт соңында зауыт ұжымының әйел қызметкерлеріне көктем мерекесіне орай ізгі тілектер айтылып, еңбектеріне алғыс білдірілді.

«АМӨЗ» ЖШС Баспасөз қызметі


Назад к списку новостей

Соңғы жаңалықтармен таныс болыңыз.
Таратуға жазылыңыз!
Жазылу