Атырау МӨЗ ұжымы жаңа Конституция бойынша референдумды қолдады

25.02.2026
165 просмотров
Атырау МӨЗ ұжымы жаңа Конституция бойынша референдумды қолдады

24 ақпан күні Атырау мұнай өңдеу зауытында («АМӨЗ» ЖШС) жаңа Конституция жобасын талқылау және түсіндіру бойынша жиын өтті. Кәсіпорынның бас директоры Қуаныш Бишімов қызметкерлерге 2026 жылдың 15 наурызында республикалық референдумға шығарылатын Ата Заңның басты бағыттарын түсіндірді.

Өз сөзінде АМӨЗ басшысы конституциялық реформа елдің болашақ даму моделін айқындайтын стратегиялық қадам екенін атап өтті. Оның сөзінше, жаңа Конституция жобасы қоғамның жаңару мен тұрақты даму жөніндегі сұранысын айқын көрсетеді.

Қ.Бишімов жаңа редакциядағы құжаттың негізгі принципі – адамға бағдарлану екенін атап өтті. Конституциялық деңгейде адам құқықтары мен бостандықтарының басымдылығы, әділдік, заң мен тәртіп сияқты негізгі құндылықтар айқын көрініс тапты. Преамбулада бірлік пен ынтымақ, ұлтаралық және конфессияаралық келісім принциптері нақты көрсетілген. Тұрақты және жауапты қоғамның негізі ретінде отбасылық құндылыққа аса мән берілген. Жұмыс орындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету нормасы да ерекше мәнге ие. Жаңа Конституция азаматтардың табиғатты сақтау және табиғи ресурстарға жауапты қарау міндетін күшейтеді.

«Негізгі заң деңгейінде алғаш рет табиғатты ұқыпты пайдалану принципі бекітілді. Бұл норма біздің жұмысымызға тікелей қатысты. Атырау мұнай өңдеу зауыты еліміздің мұнай өнімдеріне қажеттілігінің 30 пайызын қамтамасыз етіп отыр және біздің қызметіміз қоршаған ортаға әсер етпей қоймайды. Кәсіпорын үшін басты басымдық – экологиялық заңнаманы қатаң сақтау. Осы міндеттер аясында зауыт табиғатты қорғау шараларын белсенді жүзеге асыруда, және бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады», – деді кәсіпорынның бас директоры.

Негізгі құжаттың талқыланып жатқан баптары бойынша зауыт қызметкерлері де өз пікірлерін білдірді. Олардың сөздерінше, Конституцияға енгізіліп жатқан өзгерістер әлеуметтік кепілдіктерді кеңейтіп, жастардың білім деңгейі мен кәсіби даярлығын арттыруда да маңызды рөл атқарады.

«Жаңа Конституция жобасы, бұл еліміздің даму бағытын айқындайтын, әр азаматқа тең мүмкіндік беретін маңызды құжат деп санаймын. Әсіресе жастар үшін оның маңызы ерекше. Себебі жаңа конституция жобасында білім мен инновация, еңбек ету, жастардың бастамаларын қолдау нормалары нақты көрсетілген. Бұл біздің болашағымызға берілген үлкен кепілдік деп білемін», - деді қауіпсіздік және еңбекті қорғау жөніндегі инженер Аида Базарбаева.

Жиынды қорытындылай келе, Қуаныш Бишімов кәсіпорын ұжымын алдағы референдумға белсенді қатысуға шақырды.

«АМӨЗ» ЖШС Баспасөз қызметі

Назад к списку новостей

Соңғы жаңалықтармен таныс болыңыз.
Таратуға жазылыңыз!
Жазылу