«Атырау МӨЗ» ЖШС Бас директоры Қ.Бишімовтың еңбек ұжымы алдындағы есептік кездесуі өтті

10.02.2026
201 просмотров
«Атырау МӨЗ» ЖШС Бас директоры Қ.Бишімовтың еңбек ұжымы алдындағы есептік кездесуі өтті

10 ақпан күні өткен жиын барысында кәсіпорын басшысы жаңа Конституция жобасындағы негізгі өзгерістерді жан-жақты түсіндіріп, олардың  ел үшін маңызы мен  ірі компаниялар қызметіндегі  өзектілігін атап өтті. Қ.Бишімов ұжымды алдағы референдумға белсенді қатысуға шақырды. 


Кездесуде 2025 жылғы кәсіпорын қызметінің негізгі қорытындылары қаралып, ағымдағы жылға арналған жоспарлар айқындалды. Бас директор қатысушыларды өндірістік жоспардың орындалу нәтижелерімен, қаржылық-экономикалық көрсеткіштермен, қызметкерлердің еңбек жағдайларын жақсарту бойынша жүргізілген шаралармен таныстырды. Сондай-ақ өткен жоспарлы-алдын алу жұмыстарының нәтижелері мен биылғы жөндеу жұмыстарына дайындық деңгейі талқыланды. Өндірісті жаңғыртып, мұнай өңдеу көлемін жылына 6,7 млн ​​тоннаға дейін арттыруға бағытталған инвестициялық жобалардың орындалу барысы туралы да ақпарат берілді.

Жиында «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Асхат Хасеновтың бастамасымен Атырау МӨЗ-дің 2024-2030 жылдарға арналған операциялық және экономикалық тиімділігін арттыру бағдарламасын іске асыру нәтижелері де қаралды. Бағдарламаның негізгі мақсаты – жеңіл мұнай өнімдерін өндіру көлемін және өңдеу тереңдігін арттыру, мазут өндірісін қысқарту, технологиялық отынды тұтыну мен мұнай өнімдерінің шығынын азайту. 2025 жылы негізгі көрсеткіштер бойынша оң үрдіс байқалды. Жалпы өңдеу көлеміндегі жеңіл мұнай өнімдерінің үлесі 2024 жылмен салыстырғанда 7,5%-ға өсіп, 76,7%-ды құрады. Технологиялық отынды тұтыну мен өндірістік шығындар 10,64%-ға дейін төмендеді. Мазут өндіру көлемі 2024 жылмен салыстырғанда 190 мың тоннаға азайып, 565 384 тоннаны құрады. Мұнай өңдеу тереңдігі 88,2%-ға жетіп, 2024 жылғы деңгейден 3,1%-ға жоғары болды.

АМӨЗ өндірісті басқару тиімділігін арттыру және адам факторының әсерін азайту мақсатында технологиялық процестерге жасанды интеллектіні енгізуді жалғастыруда. 2025 жылы жабдықтардың істен шығуын болжауға арналған предиктивті талдау жүйесі мен өнеркәсіптік қауіпсіздікті күшейтуге бағытталған пилоттық жобалар сәтті іске асырылды. Биыл ЖИ құралдарын өндірістік процестерге енгізу жұмыстары жалғасады.

Кездесуде әлеуметтік және кадр саясаты мәселелеріне ерекше назар аударылды. 2025 жылы әлеуметтік және кадрлық саясат тиімді жүзеге асты. Нәтижесінде персоналдың тұрақтамау деңгейі 2,66%, ал әлеуметтік тұрақтылық индексі 72%-ға жетті.

Қызметкерлердің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын жақсарту мақсатында 2025 жылы өндірістік бөлімшелердің асханасы мен тұрмыстық бөлмелеріне жөндеу жұмыстары жүргізіліп, зауыт аумағы абаттандырылды. 2026 жылы әкімшілік-тұрмыстық корпустарды, операторлық бөлмелерді және жекелеген өндірістік нысандардағы басқа да әлеуметтік-тұрмыстық ғимараттарды күрделі жөндеу, сондай-ақ кірме жолдарды қалпына келтіру жоспарлануда.

Басқосуда қоршаған ортаны қорғау бағдарламасының жүзеге асырылу нәтижелері де талқыланды.Өткен жылы зауыттың экологиялық көрсеткіштері белгіленген нормативтер шегінен асқан жоқ. Атмосфераға шығарындылар көлемі 10 148 тоннаны құрап, 2024 жылмен салыстырғанда 1 311 тоннаға азайды. Ағынды сулар арқылы шығарылған ластаушы заттар көлемі 5 522 тонна болып, өткен жылмен салыстырғанда 950 тоннаға төмендеді. Жайық өзенінен су алу көлемі 6 млн 557 мың м³ болып, 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 712 мың м³-ке азайды.

Биыл зауыт табиғатты қорғау шараларын жалғастырады. Оның ішінде резервуарларды понтондармен толық жабдықтау, аумақты көгалдандыру, сондай-ақ ашық түсті мұнай өнімдерін құюға арналған жаңа сорғы станциясын салу көзделген. Бұл атмосфераға бөлінетін көмірсутек шығарындыларын қосымша азайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар кәсіпорын жаңа су дайындау базалық жобасын әзірлеуге кіріседі.

«Қоршаған ортаға әсерді барынша азайту – АМӨЗ-дің негізгі басымдығы. Жауапты кәсіпорын ретінде біз заманауи технологияларды енгізіп, өндірістік үдерістерді жетілдіріп, экологиялық жобаларды жүйелі түрде жүзеге асырып келеміз. Бұл бағыттағы жұмыс тұрақты негізде жалғасады», – деді Бас директор.

Кездесу соңында Қ.Бишімов әрбір қызметкердің жаңа міндеттерді орындаудағы жеке жауапкершілігінің маңызын атап өтіп, жұмыстың тиімділігін одан әрі арттыруға шақырды.

«АМӨЗ» ЖШС баспасөз қызметі

Назад к списку новостей

Соңғы жаңалықтармен таныс болыңыз.
Таратуға жазылыңыз!
Жазылу