Атырау мұнай өңдеу зауытында («АМӨЗ» ЖШС) 2025 жылдағы өндірістік қызмет қорытындыланды.
Есепті кезең ішінде кәсіпорын 5,47 млн тоннадан астам шикі мұнай өңдеді. Бұл жоспарланған көрсеткіштен 71 мың тоннаға артық. Тауарлық өнімнің жалпы көлемі 4,94 млн тоннаны құрады.
Жыл қорытындысы бойынша жеңіл мұнай өнімдерінің негізгі түрлерін шығаруда оң динамика тіркелді, атап айтқанда: автобензиндер – 1,79 млн тонна (2024 жылғы көрсеткіштен 142 мың тоннаға артық); дизель отыны – 1,91 млн тонна (2024 жылғы көлемнен 256 мың тоннаға артық); сұйытылған мұнай газы – шамамен 229 мың тонна (2024 жылмен салыстырғанда 16 мың тоннаға өсті); авиаотын – 172 мың тонна (2025 жылға жоспарланған көрсеткіштен 20 мың тоннаға артық).
Жалпы өңдеу көлеміндегі жеңіл мұнай өнімдерінің үлесі 2024 жылмен салыстырғанда 7,5%-ға өсіп, 76,7%-ды құрады. Мұнай өңдеу тереңдігі 88,2%-ға жетті, бұл 2024 жылғы көрсеткіштен 3,1%-ға жоғары.
Айта кету керек, 2025 жылы Атырау МӨЗ-дің салық төлемдері 2024 жылмен салыстырғанда 41 млрд теңгеге ұлғайып, 196 млрд теңгеден асты. Қаражаттың негізгі бөлігі – 173 миллиард теңге Атырау қаласының бюджетіне, ал қалған 23 миллиард теңге республикалық бюджетке аударылды. Бұл көрсеткіштер зауыттың өңір экономикасындағы жетекші рөлін, сондай-ақ елдің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етуге қосып отырған нақты үлесін айқын көрсетеді.
2026 жылы АМӨЗ жеңіл мұнай өнімдерін шығаруды ұлғайту, өндіріс тиімділігі мен технологиялық процестің сенімділігін жақсарту, мұнай өнімдерін тасымалдау көлемін арттыру, ластаушы заттардың шығарындыларын азайту, сондай-ақ зауыттың тұрақты және қауіпсіз жұмысын қамтамасыз етуге бағытталған жобаларды іске асыруды жалғастырады.
«АМӨЗ» ЖШС Баспасөз қызметі
Назад к списку новостей