2026 жылдың 21 қаңтарында Атырау мұнай өңдеу зауытына («АМӨЗ» ЖШС) жұмыс сапарымен Қазақстан Республикасының энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев келді.
Кәсіпорын басшылығымен өткен кездесуде 2025 жылғы өндірістік бағдарламаның қорытындылары, қаржылық-экономикалық және әлеуметтік көрсеткіштер қаралды. Ағымдағы жұмыстар мен өндірістік процестерді оңтайландыру жобалары да талқыланды.
«АМӨЗ» ЖШС Бас директоры Қуаныш Бишімов вице-министрді кәсіпорынның өткен жылдағы қызметінің негізгі нәтижелерімен таныстырды. Атап айтқанда зауыт 2025 жылы 5,47 млн тоннадан астам шикі мұнай өңдеді. Бұл жоспарланған көрсеткіштен 71 мың тоннаға артық. Тауарлық өнімнің жалпы көлемі 4,94 млн тоннаны құрады, оның ішінде: автобензиндер – 1,79 млн тонна (2024 жылғы көрсеткіштен 142 мың тоннаға артық), дизель отыны – 1,91 млн тонна (2024 жылғы көрсеткіштен 256 мың тоннаға артық), сұйытылған мұнай газы – шамамен 229 мың тонна (2024 жылмен салыстырғанда 16 мың тоннаға өсті), авиаотын – 172 мың тонна (2025 жылғы жоспарланған көрсеткіштен 20 мың тоннаға артық).
Кәсіпорында жабдықтардың сенімділігін арттыруға ерекше көңіл бөлінеді. Дірілдік және акустикалық-эмиссиялық диагностика, коррозияны мониторингілеу, инспекцияларды басқару және негізгі себептерді талдау (RCA) бойынша цифрлық жүйелерді енгізу нәтижесінде құрылғылардың ақауы азайып, жабдықтардың сенімділік коэффициенті 92,78%-ға дейін артты. 2025 жылы предиктивтік (болжамдық) аналитика бойынша пилоттық жобалар іске асырылды. Алынған нәтижелердің негізінде 2026 жылы предиктивтік аналитика жүйесін толық енгізу жоспарлануда.
Атырау мұнай өңдеу зауыты өңірдің және еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосып келеді. Өткен жылы компанияның салық төлемдері 196 млрд теңгеге дейін өсті. Оның 23 млрд теңгесі республикалық, ал 173 млрд теңгесі Атырау қаласының бюджетіне тиесілі.
Кездесу барысында мұнай өңдеу көлемін жылына 6,7 млн тоннаға дейін арттыруды және өндіріс тиімділігін жоғарылатуды көздейтін кеңейту жобаларының іске асырылу барысы туралы ақпарат айтылды. Қазір зауытта қолданыстағы автоматтандырылған тактілік құю қондырғысында (АТҚҚ) жаңа сорғы стансасын салу жұмыстарына белсенді дайындық жүргізілуде. Жоба газдану қаупін айтарлықтай төмендетеді, атмосфераға көмірсутек буларының шығарылуын болдырмайды және қоршаған ортаға жүктемені азайтады. Жаңғырту нәтижесінде АТҚҚ арқылы мұнай өнімдерін жөнелтуді тәулігіне 12,4 мың тоннаға ұлғайту және көмірсутек шығарындыларын жылына 6 мың тоннаға дейін қысқарту жоспарланып отыр.
Сапар аясында вице-министр каталитикалық крекинг, баяу кокстеу және Paramax технологиялық қондырғыларының өндіріс орындарын аралап, ағынды суларды тазарту нысандарының жұмысын тексерді.
Кездесуді қорытындылай келе Қ. Тұтқышбаев стратегиялық жобаларды жүзеге асыруда Энергетика министрлігі мен Атырау МӨЗ-дің бірлескен жұмысының маңыздылығын атап өтті. Ол зауыттың энергетикалық қауіпсіздігін одан әрі қамтамасыз ету және жасанды интеллект базасындағы шешімдерді өндірістік процестерге тиімді түрде енгізу бойынша тапсырмалар берді. Сонымен қатар, вице-министр өзекті мәселелерді шешуде кәсіпорынға көмек көрсетуге дайын екенін жеткізді.
«АМӨЗ» ЖШС Баспасөз қызметі
Назад к списку новостей