Мәжіліс депутаты Атырау МӨЗ-дің экологиялық жобаларымен танысты

14.01.2026
116 просмотров
Мәжіліс депутаты Атырау МӨЗ-дің экологиялық жобаларымен танысты

Атырау мұнай өңдеу зауытына («АМӨЗ» ЖШС) экологиялық заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі жұмыс тобы келді. Делегация құрамында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Ажар Сағандықова, KAZENERGY қауымдастығының экологиялық реттеу департаментінің директоры Айслу Досанова, сондай-ақ «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ декарбонизация және экология басқармасының бас маманы Гүлвира Бақытқызы бар.

Сапар барысында жұмыс тобы кәсіпорынның өндірістік нысандарын аралап, негізгі технологиялық процестермен танысты. Зауыт мамандары қонақтарға жүзеге асырылып жатқан экологиялық жобалар, өндірістік қуатты кеңейту бойынша жоспарлар және ашықтық пен корпоративтік жауапкершілік қағидаттары аясында қоғам өкілдерімен бірлесіп атқарылып жатқан жұмыстар туралы ақпарат берді.

Зауыттың төрт технологиялық нысанында орнатылған эмиссияларды мониторингілеудің автоматтандырылған жүйесінің (МАЖ) жұмысы мен тиімділігіне ерекше назар аударылды. Аталған жүйе шығарындыларды нақты уақыт режимінде бақылап, деректерді реттеуші органдарға автоматты түрде жіберіп отырады.

Сапар соңында делегация зауыттағы технологиялық процестерді жедел басқаруға арналған заманауи орталықтың жұмысымен танысты.

Ажар Сағандықова Атырау МӨЗ-де өндірісті жаңғырту және «жасыл» технологияларды енгізу бағытында ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты. Оның сөзінше, қазіргі уақытта экологиялық заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізуге, соның ішінде рұқсат беру құжаттарын алу мерзімдерін қайта қарауға қатысты түрлі ұсыныстар түсуде. Депутат кәсіпорындар үшін адам қауіпсіздігі негізгі басымдық болып қала беруі қажет екенін атап өтті.

Айта кетейік, экологиялық шаралар кешенін жүзеге асыру нәтижесінде АМӨЗ 2020 – 2025 жылдар аралығында атмосфераға ластаушы заттардың шығарындыларын 22%-ға, жылына 20,1 мың тоннадан 15,6 мың тоннаға дейін төмендетті. Кәсіпорын 2026 – 2030 жылдар аралығында шығарындыларды тағы 20%-ға – 12,4 мың тоннаға дейін азайтуды жоспарлап отыр.

«АМӨЗ» ЖШС Баспасөз қызметі

Назад к списку новостей

Соңғы жаңалықтармен таныс болыңыз.
Таратуға жазылыңыз!
Жазылу