Мұнай өңдеушілер жеңіл атлетикадан сынға түсті

18.11.2025
143 просмотров
Атырау мұнай өңдеу зауытының («АМӨЗ» ЖШС) 80 жылдық мерейтойы аясында кәсіпорын қызметкерлері арасында жеңіл атлетикадан жарыстар өтті. Шараға 100-ге жуық қызметкер қатысып, жоғары спорттық дайындықтарын көрсетті.

Алдымен жарыс жолына марафоншылар шықты. Олар ретро-саябақтан бастап Бейбарыс көпіріне дейін әртүрлі қашықтықта бақ сынады. Тартысты сайыс нәтижесінде әйелдер арасында 5 шақырымға жүгіруден орталық зауыт зертханасының химиялық талдау зертханашысы Аружан Зинорова топ жарса, 10 шақырымда гидрогенизациялық процестер өндірісінің инженері Марина Яшкова жеңіске жетті. Ерлер арасында 5 шақырымда тарату желілерін пайдалану жөніндегі электромонтері Нұрболат Аралбаев үздік атанды. Кокс және күкірт өндірісінің операторы Асылбек Темешев 10 шақырым қашықтықта мәре сызығын бірінші болып кесті.

«АМӨЗ-де 18 жылдан астам уақыт қызмет етіп келемін. Соңғы 3 жылда зауытта өтіп жатқан спорттық шараларға белсенді қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүрмін. Жақында ҚазМұнайГаз ұйымдастырған Ақтау қаласындағы жарыста екінші орын алдым. Бүгін арнайы плакаттарымен келген жақындарымның қолдауы ерекше күш-жігер берді. Олардың үмітін ақтағаныма қуаныштымын», – деді А.Темешев.

Ал арқан тарту жарысында Хош иісті көмірсутектер өндірісінің командасы жеңімпаз атанды. Гидрогенизациялық процестер және мұнайды терең өңдеу өндірістерінің ұжымдары жүлделі екінші және үшінші орындарды иеленді.

«АМӨЗ» ЖШС Бас директорының жалпы мәселелер жөніндегі орынбасары Сәлімжан Нақпаев жарыс қатысушыларын құттықтап, мұндай іс-шаралар кәсіпорын қызметкерлері арасындағы ауызбіршілікті арттыратынын айтты.

«Зауытымыз тек өндірістік жетістіктерімен ғана емес, салауатты өмір салтын қолдаумен, ұжымдық рухты нығайтуымен ерекшеленетін іргелі кәсіпорын. Біздің әріптестеріміздің кәсіби біліктілігімен қатар, спортқа деген ықыласы, белсенді өмірлік ұстанымы әрдайым жоғары деңгейде», – деді С. Нақпаев.

Жарыс жеңімпаздарына сертификаттар мен ақшалай сыйақылар табысталды.

Назад к списку новостей

Соңғы жаңалықтармен таныс болыңыз.
Таратуға жазылыңыз!
Жазылу