Атырау МӨЗ операторы Азия чемпионы атанды

29.10.2025
142 просмотров
Бүгін, 29 қазан күні Атырау мұнай өңдеу зауытында кокc пен күкірт өндіру қондырғыларының операторы, әріптесіміз Мейірлан Әсет Азия чемпионы атанғаны үшін ұжым алдында құрметке бөленді. Ол байрақты бәсекеде Nomad MMA нұсқасы бойынша жеңіске жеткен еді.

«АМӨЗ» ЖШС Бас директоры Қуаныш Бишімов спортшыны салтанатты жағдайда құттықтап, алдағы жарыстарда табыс пен жаңа жетістіктер тіледі.

Мейірлан 16-20 қазан аралығында Астана қаласында өткен халықаралық Nomad MMA турнирінен тамаша нәтижемен оралды. Аталған жарысқа 16 елден 813-тен астам спортшы қатысқан еді. Солардың арасынан біздің әріптесіміз өз салмағында ең мықты атанды.

«Жекпе-жек алдында менен қарсыласымның 16 жас кіші әрі 10 келіге ауыр екенін айтып, дайынсың ба деп сұрады. Көпшіліктің күмәні болды, бірақ менің мақсатым біреу еді – жеңіс. Мен не үшін дайындалғанымды білдім және өз күшіме сендім», – дейді чемпион.

Тартысты өткен жекпе-жекте Мейірлан қарсыласын нокаутқа жіберіп, айқын жеңіске жетті. MMA спортында ол бар болғаны бір жыл өнер көрсетіп жүр. Алайда осы қысқа уақытта Қазақстан чемпионы атанып, енді Азияның да үздігіне айналды.

Спортшыға кикбоксингтегі 20 жылдық тәжірибесі көмектескен. Ол – бірнеше мәрте Қазақстан чемпионы, ел кубогының иегері, Азия чемпионатының күміс жүлдегері және Әлем кубогының иегері.

Мейірлан АМӨЗ басшылығына және зауыт ұжымына сенімі мен қолдауы үшін шынайы алғысын білдірді.

Бұл жеңіс – спортшының ғана емес, тұтас Атырау мұнай өңдеу зауыты ұжымының мақтанышы!

Назад к списку новостей

Соңғы жаңалықтармен таныс болыңыз.
Таратуға жазылыңыз!
Жазылу