Салтанатты жиын Мемлекеттік Гимнмен ашылып, қатысушылар еліміздің басты мерекесіне арналған бейнебаян тамашалады. Онда Мемлекеттік егемендік туралы декларацияның қабылданғанына 35 жыл толуы мен тәуелсіз Қазақстанның даму жолындағы тарихи белестер көрініс тапты.
Іс-шара барысында сөз алған зауыттың Бас директоры Қуаныш Бишімов ұжымды Республика күнімен құттықтап, ел дамуы мен экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз етудегі мұнай өңдеу саласының маңызына тоқталды:
– Республика күні – халқымыздың дербес ел болғанын айқындайтын маңызды мереке. Атырау мұнай өңдеу зауыты ел экономикасының тірегі ретінде өз жауапкершілігін терең сезінеді. Әрбір зауыт қызметкері еліміздің өркендеуіне, энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлес қосып келеді.
Мерекеге орай 43 қызметкер энергетика министрлігінің, «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясының, KAZENERGY және ОЮЛ қауымдастығының, сондай-ақ Атырау қаласы әкімінің, «Аманат» бастауыш партия ұйымының, облыстық кәсіпкерлер палатасының марапаттарына ие болды.
Салтанатты жиын мерекелік концертке ұласты. Зауыттың өнерлі қызметкерлерінің орындауындағы ән-билер шараның сәнін келтіріп, көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Республика күні – елдің азаттығын айшықтайтын, бірлік пен еңбекті ұлықтайтын мереке. Атырау мұнай өңдеу зауытының ұжымы үшін бұл күн ел игілігі жолындағы адал еңбектің, жауапкершілік пен жасампаздықтың мерекесі ретінде аталып өтті.
«АМӨЗ» ЖШС Баспасөз қызметі
Назад к списку новостей