Лагерде оқушылардың денсаулығын нығайту, шығармашылық қабілеттерін жетілдіру және белсенді өмір салтын қалыптастыруға бағытталған ойын-сауық бағдарламасы ұйымдастырылды. Спорттық жарыстар, ашық ауадағы ойындар, ән айту, би билеу, жүзу, шығармашылық шеберлік сабақтары, қолданбалы өнер үйірмелері – барлығы да балалардың бос уақыттарын тиімді әрі пайдалы өткізуіне арналған.
Танымдық сабақтары арқылы қатысушылардың жеке тұлға ретінде дамуына ерекше көңіл бөлінді. Мәселен, Іле Алатауының бөктерінде орналасқан Ak Bulak лагерінің демалушылары үшін қайыңдар тоғайында арт-терапия, қарағайлы орман ішінде атпен серуен, сондай-ақ қаланың әдемі панорамалық көрінісі ашылатын шыңдарға жорықтар ұйымдастырылды. Балалардың өздері дайындаған Hollywood Day концерті мен «Ақбұлақ аруы» байқауы лагерь өмірінің ерекше естелігіне айналды. Kids Camp-тегі әсем отшашулар, алау басындағы жайлы кездесулер мен көңілді би кештері де қатысушыларға ұмытылмас әсер сыйлады.
«Лагерьде алғаш рет болдым. Демалысымыз өте қызық әрі көңілді өтті. Әсіресе спорттық жарыстар, оның ішінде кедергілер жолағынан өту ұнады. Ең жарқын сәттердің бірі футбол турнирі мен қоштасу кеші болды. Лагерьде демалудың арқасында өз бетімше шешім қабылдауды үйрендім », – деді 9 жастағы Разиль Абузьяров.
Демалыс орындарының қызметкерлері мен зауыт тарапынан тағайындалған жетекшілер балалардың қауіпсіздігі мен жайлылығын мұқият қадағалады.
«Тәрбиешілер мен ұйымдастырушылар әр бала өзін еркін сезініп, қорқыныштарын жеңе алатын сенімді орта қалыптастыра білді. Ауысымның соңына қарай тіпті ең ұялшақ бүлдіршіндер де көпшіліктің алдында еркін өнер көрсетті. Ата-аналар балаларының лагерь өміріне толықтай беріліп, тіпті үйге қоңырау шалуға уақыт таппағандарын айтты», – деді Kids Camp-те жетекшілік еткен Жылу және электр энергиясы өндірісі цехтық комитетінің көшбасшысы Айнагүл Әлекешова.
Жазғы лагерь маусымы оқушылардың өміріндегі маңызды кезеңдердің бірі болды. Көпшілігі жаңа таныстықтарын лагерьден тыс жалғастыруға келісіп, келесі жылы қайта кездесуге уәделесті.
Еске салайық, «АМӨЗ» ЖШС қызметкерлерін әлеуметтік қолдау бағдарламасы аясында кәсіпорын балалар лагеріне жолдама құнының 70%-ын төлейді. Ал 18 жасқа дейінгі бес баласы бар отбасыдан шыққан бүлдіршінге жолдама тегін беріледі.
«АМӨЗ» ЖШС Баспасөз қызметі
Назад к списку новостей