АМӨЗ-дің 80 жылдығына орай салтанатты жиын өтті

29.08.2025
465 просмотров
2025 жылдың 28 тамызы күні Абай орталығында «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС-нің (АМӨЗ) 80 жылдық мерейтойын атап өту аясында салтанатты жиын ұйымдастырылды. Шараға зауыт ардагерлері, мемлекеттік органдар мен серіктес компаниялардың өкілдері, сондай-ақ зауыт ұжымы қатысты.

Бұған дейін кәсіпорынның бас директоры Қуаныш Бишімов қызметкерлерге мерейтойлық медальдар табыстаған еді.  


«Зауыттың тарихы тек өндіріс пен технологияға байланысты емес.  Бұл – мыңдаған тағдырдың, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан маңдай тері мен адал еңбектің тарихы. Әр цехта, әр қондырғыда сіздердің қолтаңбаларыңыз бар. Сол еңбек пен ерік-жігердің арқасында зауыт бүгінгі деңгейге жетті. Алдағы уақытта да Атырау мұнай өңдеу зауыты өзінің даңқты жолын жалғастырып, жаңғырған өндірісімен, жаңа жетістіктерімен еліміздің өркендеуіне қызмет ете береді», – деді Қ.Бишімов.

Абай орталығында зауыт қызметкерлері мен ардагерлерін марапаттау рәсімі өтті. Адал еңбек пен жоғары кәсіби шеберлігімен ерекшеленген 73 адам.

«Мұнай-газ-химия саласын дамытуға қосқан үлесі үшін» медаліне, ҚР Энергетика министрлігінің, «Самұрық-Қазына» АҚ, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ және салалық кәсіподақтың құрмет грамоталарына, ҚМГ естелік белгісіне, ҚР Энергетика министрі, Атырау қаласының әкімі, ҚМГ және АМӨЗ басшыларының алғыс хаттарына ие болды. 5 қызметкерге «Зауыт ардагері» құрметті атағы берілді. Тағы 4 маман «Үздік өндіріс бастығы», «Үздік қондырғы бастығы», «Үздік қондырғы механигі» және «Үздік бөлім бастығы» номинациялары бойынша жеңімпаз атанды. 

Бас директордың орынбасарлары құттықтау сөз сөйлеп, өздері жетекшілік ететін саланың үздік қызметкерлерін марапаттады. 

Өңірге танымал шығармашылық ұжымдардың орындауындағы концерттік бағдарлама салтанатты шараның сәнін келтіріп, жиналғандарға мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Атырау мұнай өңдеу зауытының 80 жылдық мерейтойы тек зауыт ұжымы үшін ғана емес, бүкіл ел үшін маңызды оқиға. 1945 жылы іске қосылған кәсіпорын дамудың күрделі кезеңдерінен өтті. Озық технологияларды енгізу, ауқымды жобаларды жүзеге асыру, өндіріс қуатын арттыру, кадрлық әлеуетті жетілдіру нәтижесінде Қазақстанның мұнай-газ саласындағы стратегиялық нысан ретінде позициясын нығайтты.

Бүгінде АМӨЗ тұрақты даму қағидаттарын басшылыққа ала отырып, тиімділікті арттыру, экологиялық қауіпсіздік пен әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған жобаларды жүзеге асыруда.

Назад к списку новостей

Соңғы жаңалықтармен таныс болыңыз.
Таратуға жазылыңыз!
Жазылу