АМӨЗ 2025 жылдың І жартыжылдығындағы қызметін қорытындылады

28.08.2025
263 просмотров
«Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС (АМӨЗ) Бас директоры Қуаныш Бишімов еңбек ұжымына есеп берді. Кәсіпорын басшысы алғашқы алты айдағы негізгі өндірістік, экологиялық, экономикалық және әлеуметтік қызмет нәтижелерін туралы баяндап, жыл соңына дейінгі басты мақсат-міндеттерді нақтылады.
І жартыжылдықта АМӨЗ-де 2,8 млн тоннадан астам шикізат өңделді. Тауарлық өнім шығару көлемі 2,5 млн тоннадан асты, оның ішінде: автобензин – 923 мың тонна; дизель отыны – 997 мың тонна; авиаотын – 95 мың тонна; сұйытылған газ – 124 мың тонна. Жалпы жөнелтілген мұнай өнімдерінің көлемі 2,5 млн тоннадан асты.

Технологиялық отынды тұтыну мен мұнай өнімдерінің шығыны өткен жылмен салыстырғанда 0,6%-ға азайып, 11,1%-ды құрады. Мұнай өңдеу тереңдігі 88,7%-ға жетіп, жоспардан 3,9%-ға асып түсті. Жеңіл мұнай өнімдерінің үлесі 77,3%-ды құрап, жоспарланған көрсеткіштен 5,9%-ға жоғары болды.

Экологиялық қауіпсіздік зауыт қызметінің маңызды бағыттарының бірі. Алты ай ішінде атмосфераға бөлінген шығарындылар көлемі 5 340 тоннаны құрап, 2024 жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 17 тоннаға азайды. Ағынды су құрамындағы ластаушы заттар 3 129 тоннаға жетіп, өткен жылғы көрсеткіштен 18 тоннаға төмендеді. Жайық өзенінен су алу көлемі 3, 382 млн м³-ті құрап, 2024 жылдың І жартыжылдығымен салыстырғанда 412 мың м³-ке азайды. Аталған көрсеткіштің жақсаруы технологиялық қондырғылардың тұщы суды тұтыну мөлшерінің азайып, тазартылған ағынды суларды қайта пайдалану көлемінің артуымен байланысты. 

Баяндама барысында өндірістік қауіпсіздік мәселесіне де ерекше көңіл бөлінді. Қуаныш Бишімов зауыттағы еңбек қауіпсіздігі мәдениетін одан әрі арттырудың маңыздылығына тоқталып, алдағы жоспарлы алдын алу жұмыстары кезінде қауіпсіздік  шараларын күшейтуді тапсырды.

2025 жылдың І жартыжылдығында кәсіпорын 83,4 млрд теңгеден астам салық төледі. Оның 75,5 млрд теңгесі – жергілікті, ал 7 млрд теңгеден астамы республикалық бюджетке тиесілі.

Баяндама соңында Қ.Бишімов АМӨЗ-дің жыл соңына дейінгі негізгі міндеттері – мұнай өңдеу және мұнай өнімдерін шығару жоспарын орындау, өндіріс тиімділігін арттыру, жоспарлы алдын алу жұмыстарын уақтылы әрі сапалы жүргізу, сондай-ақ инвестициялық жобаларды жүзеге асыру екенін атап өтті. Барлық жұмыстар өндірістік қауіпсіздік, еңбекті қорғау және экологиялық талаптарды қатаң сақтай отырып жүргізіледі.  


«АМӨЗ» ЖШС Баспасөз қызметі

Назад к списку новостей

Соңғы жаңалықтармен таныс болыңыз.
Таратуға жазылыңыз!
Жазылу