Мұрат Сабитов, аға машинист

Мұрат Сабитов, аға машинист 24.09.2026

Мұрат Сабитов, аға машинист

Мұрат аға жақында ғана Астана қаласында өткен «Еңбек – Ел мұраты» атты республикалық форум аясында көп жылғы табанды қызметі үшін жоғары мемлекеттік награда – «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Осынау қуанышты сәтте біз тәжірибелі маманмен тілдесіп, өндірістегі өмір жолы, мамандықтың қыр-сыры мен қарапайым еңбек адамдарының қажырлы тірлігі туралы әңгімелескен едік.

Тағдыр таңдаған мамандық

1984 жылдың мамыр айында әскер қатарынан оралған жас жігіт сол жылдың шілде айында Атырау мұнай өңдеу зауытына алғаш қадам басады. Ол кездегі тыныс-тіршілік бүгінгідей автоматтандырылған заманнан өзгеше еді.

«Зауытқа келген кезім жастық шақтың жігерлі кезеңімен тұспа-тұс келді. Ол кезде жасым 20-да болатын. Машинист мамандығын таңдауыма әпкем Розаның осы кәсіпорында зертханашы болып еңбек етуі себеп болды. Апамның кеңесімен аппаратшы көмекшісі болып орналасып, алғашқы қадамдарымды осылай бастадым», – дейді Мұрат Ниязұлы.

Әрине, кез келген істің басы сыналатын сәттерсіз болмайды. Жас маман үшін алып өндірістің тетіктерін меңгеру, үлкен жауапкершілікті сезіну оңайға түскен жоқ. Алайда аға буынның тәжірибесі мен өз ісіне деген тиянақтылық барлық қиындықты абыроймен еңсеруге көмектесті.

Машинист еңбегі: Жеңіл ме, әлде қиын ба?

Алып зауытта еңбек ететін әрбір адамның өзіне тиесілі орны, атқарар жауапты міндеті болады. Мұнай өңдеу секілді күрделі саланың жүгін арқалаған машинист мамандығын сырттай қарағанда оңай көрінуі мүмкін, бірақ бұл – темірдей тәртіп пен үлкен жауапкершілікті талап ететін тынымсыз үдеріс. Егер осындай жауапты қызметте өз ісіне берілген машинистер болмаса, мыңдаған тетік пен құбырдан тұрған алып өндірістің ырғағы бұзылып, зауыттың тынысы баяулар еді.

Қарапайым қара еңбектің тізгінін ұстап жүрсе де, Мұрат сынды кәсіби мамандар кәсіпорынның өркендеуіне өздерінің алтындай үлесін қосып келеді. Арада 40 жылдан астам уақыт өтсе де, Мұрат аға бір кәсіпорыннан, бір ұжымнан қол үзбей, адал қызмет етіп келеді. Бұл көрсеткіш – зауытқа деген шексіз адалдықтың, мамандыққа деген сарқылмас сүйіспеншіліктің айқын дәлелі.

Осы жылдар ішінде зауытта талай өзгеріс орын алды. Бұрынғы қол күшін көп қажет ететін үдерістер заман талабына сай жаңартылып, технологиялық кешендер де жаңғыртылды. Мұрат аға 40 жылдан астам уақыт ішінде бір қондырғыдан екіншісіне ауысып жұмыс істесе де барлық жаңашылдық пен технологиялық өзгерістерге қысқа мерзімде бейімделіп, кәсіби шеберлігін шыңдай түсті.

«Машинист жұмысында ең бастысы – темірдей тәртіп пен қырағылық. Техника қателікті кешірмейді, сондықтан оны сырттай бақылап қана қоймай, жан-жақты сезе білу керек. Қондырғының әрбір дыбысынан, жұмыс ырғағынан оның жағдайын түсіну – жылдар бойы қалыптасатын машық», – деп ағынан жарылады ардагер жұмысшы.

Өнегелі өмір өрнектері

Онжылдықтар бойы бір кәсіпорында табан аудармай еңбек етіп келе жатқан Мұрат аға үшін зауыт – қастерлі шаңырақ, екінші отбасы. Осы жылдар ішінде талай жақсы адамдармен, адал әріптестермен қатар жүріп, өмірдің ыстық-суығын бірге бөлісті. Әлия Султанғалиева, Айгүл Малмағанбетова, Света Әділбаева, Марат Манасов сынды пікірлес әріптестерімен бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, өндірістік белестерді бағындырды.

Бүгінде жас мамандарға жөн сілтеп, ақыл-кеңесін айтып жүретін ардагер еңбектің қадірін жастардың бойына сіңіруден жалыққан емес. «Жас буынға әрқашан адал еңбек етіп, өз ісіне жауапкершілікпен қарауды айтамын. Қазіргі заман жастарға барлық жағдайды жасап отыр – технологияның бәрі заманауи, мүмкіндік мол. Бастысы – ниет пен табандылық», – дейді ол.

Маңдай тердің ақталған сәті

Мемлекет тарапынан беріліп жатқан «Ерен еңбегі үшін» медалі – төрт онжылдық бойы тынымсыз тер төккен өнімді еңбектің лайықты бағасы.

«Бұл – тек бір адамның жетістігі емес, бүкіл ұжымның, маған сенім артқан зауыт басшылығы мен әріптестерімнің ортақ абыройы. Еңбегіміздің ескеріліп, мемлекеттік деңгейде бағаланғанына шексіз қуаныштымын. Өз ісіңді сүйіп, оған адал болсаң, нәтижесі де міндетті түрде көрінеді», – дейді жүрекжарды лебізін білдірген Мұрат Ниязұлы.

Қарапайым жұмысшыдан бастап, зауыттың тұғырлы маманына айналған Мұрат Сабитов секілді ардагерлердің өмір жолы – жас ұрпақ үшін нағыз өнеге мектебі. Ел экономикасының тірегі болып отырған өндіріс ошағында табандылық пен таза еңбектің үлгісін көрсетіп жүрген еңбек адамының есімі әрқашан құрметке лайық.

 



Количество показов: 44

Возврат к списку

Соңғы жаңалықтармен таныс болыңыз.
Таратуға жазылыңыз!
Жазылу