– Нұрлан Серікұлы, 1996 жылы зауыт табалдырығын алғаш аттаған сәтіңіз есіңізде ме? Сол кездегі зауыт пен қазіргі кәсіпорынның айырмашылығы қандай?
– Әрине, 1996 жылдың әр күні кешегідей жадымда. Ол уақыт мүлдем бөлек еді. Зауыттың да, елдің де өтпелі кезеңді бастан кешіріп жатқан шағы. Техника да, жұмыс жүйесі де қазіргідей автоматтандырылмаған, көбіне қол еңбегіне сүйенетінбіз. Бүгінгі зауыт пен 96-жылғы зауытты салыстыру мүмкін емес, қазір бұл заманауи, жоғары технологиялық алып кәсіпорын. Бірақ бір нәрсе өзгерген жоқ: ол зауыттың қайнаған еңбек атмосферасы мен адамдарының жауапкершілігі.
– Сіз еңбек жолыңызды қарапайым слесарьдан бастап, бригадир, содан кейін топ бастығы деңгейіне көтерілдіңіз. Қарапайым жұмысшыдан басшылыққа жету үшін адам бойында қандай қасиеттер болуы керек?
– Мен зауытқа инженер-механик мамандығын бітіріп келсем де, жұмысты ең төменгі сатыдан – слесарь болудан бастадым. Бұл маған өндірістің әр бұрандасын өз қолыммен сезінуге мүмкіндік берді. Менің басты қаруым – өз жұмысымды егжей-тегжейлі білу болды. Жұмысты жақсы білгендіктен, ешқандай қиындықтан қорықпай, тапсырмаларды үлкен жауапкершілікпен және сенімділікпен атқара бастадым. Сол алғашқы жылдары пайда болған кәсіби сенімділік бойымнан бүгінге дейін кеткен емес. Баспалдақпен жоғарылау үшін еңбекқорлық, өз ісіңе адалдық және үнемі ізденіс үстінде болу шарт.
– Қазіргі уақытта сіз басқаратын топтың зауыт өндірісіндегі маңызы қандай? Ұжымда қандай басқару стилін қолданасыз?
– Біздің топ қондырғыларда жүреді және тікелей сол жерлердегі техникалық жабдықтарды жөндеу жұмыстарын жүргізеді. Қондырғылардың тоқтаусыз, қауіпсіз жұмыс істеуі біздің жұмыстың сапасына тікелей байланысты. Ұжымның құрамы әртүрлі, жасы да, үлкені де, көпті көрген тәжірибелісі де, қадамдарын енді бастаған жастар да бар. Басшы ретінде менің ұстанымым анық: мен қатал болуды емес, ұжыммен дос ретінде ашық сөйлесуді таңдаймын. Ең бастысы – жұмыста «командалық рух» болуы керек. Әр жұмысшы өзін жалғыз сезінбей, үлкен бір отбасының мүшесі ретінде сезінгенде ғана іс алға басады.
– Қазір өндіріске келіп жатқан жас мамандарға көзқарасыңыз қалай? Тәлімгер ретінде оларға қандай кеңес бересіз?
– Жастардың келгеніне мен үнемі қуанамын. Біздің топқа келген жас мамандарға өзімнің 30 жыл бойы жинаған бар білгенімді, тәжірибемді үйретуге тырысамын. Оларға айтар ең басты кеңесім – ең алдымен ішкі талпыныс пен қызығушылық болуы керек. Жауапкершіліктен қашпау міндетті. Мен жастарға жиі айтамын: «Бір нәрсені білмей қалсаң, "білмеймін" деп қолды бір сілтеуге болмайды. Білуге тырысу керек, сұраудан ешқашан ұялмау керек». Сұраған адам ғана өседі.
– Бір жұмыс орнында тапжылмай 30 жыл еңбек ету – үлкен ерлік. Сізді осынша уақыт бойы зауытқа байланыстырып тұрған не нәрсе?
– Бұл тек мамандықтың қыр-сырын жетік білгендіктен ғана емес. Бұл – өз мамандығымды, өз жұмысымды шын жүрекпен жақсы көргендіктен. Зауыт менің екінші үйіме айналды. Мұндағы өндіріс ырғағы, адамдар арасындағы сыйластық мені жібермейді.
– Қауырт жұмыстан кейін қалай демаласыз? Бос уақытыңызда айналысатын сүйікті ісіңіз бар ма?
– Менің жан дүнием тынығатын, ерекше жақсы көретін өз бақшам бар. Бос уақытымда сол бақшада еңбек еткенді ұнатамын. Түрлі жеміс ағаштарын егіп, оларды өз қолыммен суарып, баптап, тазалап, уақыты келгенде жемісін алу мен үшін ең сүйікті, ең керемет іс. Бұл маған ерекше күш-қуат береді.
– Отбасыңыз туралы айтып өтсеңіз. Үйде Нұрлан Серікұлы қандай әке, қандай ата?
– Мен үш қыз өсіріп, тәрбиелеген бақытты әкемін. Бүгінде екі қызым ұядан ұшып, маған тәтті жиендер сыйлады. Шынымды айтсам, сол жиендерім туралы айтқанда жүрегім ерекше жылылыққа толады, олардың орны мен үшін бөлек (күліп).
– Өмірдегі және жұмыстағы басты ұстанымыңыз қандай?
– Менің өмірлік ұстанымым өте қарапайым. Алдымен жұмыстағы қызметімді жоғары деңгейде атқару, содан кейін отбасымның амандығы мен бақытын қорғау. Осы екі құндылық мені алға сүйрейтін басты темірқазығым.
Сұхбат барысында Нұрлан ағаның жүзінен шаршауды емес, өз жұмысына деген ерекше мақтаныш пен махаббатты көрдік. Өмір мен еңбектің теңгерімін тапқан, жұмыста – дос ретінде ашық, үйде – ардақты әке мен сүйікті ата бола білген жанның әңгімесі кез келген жас маманға үлгі болары анық.
Возврат к списку