Ғадылбек Қыдырұлының зауытқа алғаш келген кезі – 1994 жылдың аптап ыстық жаз айы болатын. Ол уақыт бүкіл ел үшін де, өндіріс үшін де оңай кезең емес еді. Көптеген кәсіпорын жабылып, жұмыссыздық белең алған тұста, Атырау мұнай өңдеу зауытына жұмысқа орналасу үлкен қуаныш пен мақтаныш сезімін ұялатты. Жас маман зауыт қабырғасына аяқ басқан сәттен-ақ өзінің болашағын осы қара шаңырақпен байланыстыратынын түсінді.
«Жұмыстың қыр-сырын үйретіп, алғашқы қадамыма бағыт берген ағаларым әлі күнге дейін есімде», – дейді кейіпкеріміз өткен күнге көз жүгіртіп. Олардың берген өмірлік ақылы мен еңбекке деген адалдық сабағы Ғадылбек Қыдырұлының санасында мәңгілікке жатталып қалды.
32 жыл ішінде зауыт көз алдында үлкен жаңғырту кезеңдерінен өтті. Жапон, қытай мамандары келіп, зауыттың технологиялық қуатын арттырды. Жаңғырту жұмыстары негізінен үлкен қондырғыларда жүргенімен, эстакада жұмысына да өз әсерін тигізді. Шығарылатын өнімнің – бензин мен дизель отынының сапасы бұрынғымен салыстырғанда айтарлықтай жақсарды.
Зауыттағы ең жауапты әрі қиын жұмыс орындарының бірі – эстакада. Мұндағы жұмыс қыстың көзінде қақаған аязда, жаздың күнінде аптап ыстықта сыртта жүріп атқарылады. Түрлі булану мен технологиялық қиындықтарға қарамастан, Ғадылбек Қыдырұлы мен оның әріптестері өрт қауіпсіздігі мен еңбек тәртібін қатаң сақтай отырып, жұмысты сапалы атқарып шықты. Алғаш жұмыс бастаған жылдары 1945 жылы салынған ескі эстакадамен жұмыс істесе, кейінгі жылдары заманауи технологиялар жұмысты айтарлықтай жеңілдетті.
Ғадылбек Қыдырұлы бірге иық тіресіп жұмыс істеген әріптестері туралы ерекше жылылықпен айтады. «Қандай қиын сәт болмасын, бір-бірімізге қол ұшын созуға асығатынбыз. Ұжымның ауызбіршілігі мен көмекке дайын тұруы бізді әрқашан біріктірді», – дейді ол.
Эстакаданың аға операторы ретінде көп жылдық тәжірибесі бар маман зауытқа келіп жатқан жас мамандарға өз кеңесін айтты: «Ең бастысы – ерінбеу керек. Өз ісіңе адал болып, қолдан келген көмекті аямау қажет. Зауыт үлкен қауіптілік тудыратын орын болғандықтан, оның қатаң заңдары мен қауіпсіздік ережелерін әрқашан сақтау маңызды. Сондай-ақ, жұмыс орнының әрқашан таза, ұқыпты болуын қадағалау керек».
Бүгінде зейнетке шыққан ардагердің алдағы уақытқа үлкен жоспарлары жоқ, басты мақсаты – денсаулығын күту. Жақында ғана зауыттың қолдауымен шипажайға барып емделіп, демалып қайтқанын да ризашылықпен атап өтті.
Сөз соңында Ғадылбек Меңдіғалиев өзінің қара шаңырағы Атырау мұнай өңдеу зауытына тек қана биіктерден көрінуді тіледі: «Қазақ елінде алғаш салынған бұл зауыт өзінің бірінші деген атағынан ешқашан айырылмасын. Әріптестеріме амандық, жұмыстарына жеміс, отбасыларына бақыт тілеймін. Атырау МӨЗ-дің аты әрқашан биікте болсын!»
Возврат к списку