Мұрат ағаның еңбекке, оның ішінде өмір өзегіне айналған электрика саласына деген қызығушылығы мектеп қабырғасында туған. Сол кездегі дәстүр бойынша оқушыларды түрлі мамандықтармен таныстыру мақсатында арнайы оқу-өндірістік орталықтарға апаратын. «Сымдар бойымен жүретін, көзге көрінбейтін сиқырлы күш – тоқпен жұмыс істеу маған ерекше әсер қалдырды. Оның қыр-сырын білуге, құпиясын ашуға деген құштарлық мені алға жетеледі», – деп еске алады кейіпкеріміз.
Осы арман оны 1981 жылы ГПТУ-ға (қалалық кәсіптік-техникалық училище) алып келді. Оқуын электромонтер мамандығы бойынша ойдағыдай бітірген жас маман содан бері сүйікті кәсібінен бір елі ажыраған емес.
Мұрат ДЖАНТЕНОВТЫҢ алғашқы еңбек жолы Гурьев химия зауытында басталды. 1981-1996 жылдар аралығында осы кәсіпорында тапжылмай еңбек етіп, өз ісінің хас шеберіне айналды. Мұнда ол 3-разрядты қарапайым жұмысшыдан жоғары 6-разрядты маман деңгейіне дейін көтеріліп, зауыт басшылығы тарапынан бірнеше мәрте құрметті марапаттарға ие болды.
Ал 1999 жылы өңірдегі ең ірі әрі стратегиялық маңызы бар кәсіпорын – Атырау мұнай өңдеу зауытына ауысты. «Мұнай өңдеу зауытына алғаш келген сәттегі қуанышымды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Бұл Атыраудың ғана емес, еліміздің экономикалық тірегі ғой. Мұндай алпауыт кәсіпорында жұмыс істеу үлкен мәртебе әрі зор жауапкершілік еді», – дейді ол.
Атырау МӨЗ-де еңбекқорлығының арқасында 4-разрядтан бастап, қайтадан ең жоғарғы 6-разряд сатысына көтерілді. Зауыт табалдырығын аттағанда жол көрсетіп, бағыт сілтеген Х. Ерғалиев, Р. Акутин және Д. Шляпин есімді аға буын тәлімгерлерін бүгінде ерекше құрметпен еске алады. Олардан үйренген кәсіби тәсілдер мен өмірлік сабақтар бүгінгі жетістіктерінің іргетасы болғанын айтады.
«Электрик үшін жұмыста қиындықтар кездесті ме?» деген сауалымызға Мұрат аға сенімді әрі нық жауап берді: «Өз мамандығыңды жүрекпен қалап, шын ақ ниетіңмен жақсы көрсең, ешқандай қиындық сезілмейді. Мен үшін бұл – ауыр жұмыс емес, сүйікті ісім».
Тәжірибелі маманның айтуынша, электромонтерге ең бірінші кезекте ұшқыр логика мен кеңістіктік елестету қабілеті қажет. Көзге көрінбейтін тоқ ағындарын санада бейнелеп, күрделі схемаларды дәл оқи білу – кәсібиліктің шыңы. Ол үшін зауыттағы әрбір қондырғының қызметін жете білу, «тоқты тану» маңызды.
Мұрат ағаның тағы бір бұлжымас қағидасы – жұмысты асығыстыққа салынбай, бір-ақ рет және сапалы орындау. «Берілген тапсырманы уақытында, тиянақты атқарған жөн. Шала жасап, кейін оны қайта түзетіп уақыт жоғалтқаннан көрі, бір рет мінсіз етіп шығарған дұрыс», – дейді шебер.
Ұжымда Мұрат Джантеновті әріптестері әзіл-шыны араластырып «Мәке нұсқаулық-адам» деп атайды екен. Бұл лақап ат оның заң мен ережеге, әсіресе қауіпсіздік техникасына деген асқан ұқыптылығынан туған. «Мен бәрінің ережеге сай, тәртіппен болғанын қалаймын. Мені ережемен жүруге зауыт үйретті. Себебі біздің кәсіпорын – жоғары қауіптілік аймағы. Мұнда әрбір қызметкер үшін ең басты құндылық – өзінің және әріптестерінің қауіпсіздігі. Техникалық нұсқаулықтан бір қадам аттап басуға болмайды», – деп түсіндіреді ол өз ұстанымын.
Жұмыс орнын екінші үйіндей көретін кейіпкеріміз ұжымдағы ауызбіршілікті жоғары бағалайды. Бүгінгі басшысы Алексей Усачевпен де тіл табысу оңай, жұмыс барысы өте ашық әрі жеңіл өтеді. «Көптеген басшылармен жұмыс істедім. Басшы ауысқанымен, біздің міндетіміз өзгермейді. Өз ісін терең білетін кәсіби маман кез келген ортада қателікке бой алдырмайды», – дейді кейіпкеріміз.
Бүгінде ол зейнет жасына келіп отыр. Қанша жыл етене араласқан ұжымды, зауыттың тынысын қиып кету оңай емес. «Жұмыстан кеткім келмейді, қимаймын», – деген кейіпкеріміздің сөзінен оның өндіріске деген шексіз махаббаты аңғарылады.
Десе де, еңбек адамының зауыттан тыс өмірі де қызықты әрі мазмұнды. Ол – отбасында аяулы әке. Екі ұл тәрбиелеп өсірді. Үлкен ұлы әке жолын қуып, тоққа қызығып, осы саланың оқуын бітірген. Бұл – әулеттік дәстүрдің, еңбек сабақтастығының жарқын көрінісі.
Сондай-ақ Мұрат Джантенов – сегіз қырлы, бір сырлы өнерпаз. Бос уақытында домбыра мен гитарада ойнап, жанына рухани азық жинайды. Бұған қоса, ағаштан түйін түйетін шеберлігі тағы бар. Үйге қажетті тұрмыстық бұйымдар мен жиһаздарды өз қолымен, арнайы құралдарымен ағаштан жонып жасайды. «Жұмыссыз, бос жата алмайтын адаммын. Алдағы уақытты өмірдің өзі көрсетер», – деп жылы жымиған Мұрат Джантенов адал еңбекпен шыңдалған, еліне қызмет етуден жалықпаған нағыз зауыт мақтанышы. Оның жүріп өткен жолы кез келген жас маманға бағдаршам болары сөзсіз.
Возврат к списку