Баян БИСЕМБАЕВА, шикізат паркінің 41-сорғы станция машинисі

Баян БИСЕМБАЕВА, шикізат паркінің 41-сорғы станция машинисі 22.01.2026

Баян БИСЕМБАЕВА, шикізат паркінің 41-сорғы станция машинисі

1992 жыл. Бойжеткен Баянның бала күнгі «мұнайшы болсам» деген арманы Атырау мұнай өңдеу зауытына жетелеп әкелді. Ол еңбек жолын №4 цехта есептеу операторы болып бастады. Сол уақытта өндірістегі ахуал бүгінгідей емес еді. Автоматтандырылған жүйелер мен цифрлы технологиялар жоқ, әрбір есеп пен дерек оператордың мұқияттылығы мен табандылығын талап ететін. 

-         Жастықтың жалынымен келдім. Мен жұмысқа кіріскен кезде қазіргідей заманауи техника болған жоқ. Барлығы қолмен, қағазбен атқарылатын. Бірақ соған қарамастан жұмысқа деген құлшынысым ерекше болды. Қиындығы көп болса да, бәрі қызық еді. Зауыттың ескі келбетін де, бүгінгі жаңарған кейпін де көрдім. Екі дәуірде еңбек ету бақыты бұйырды. Технология өзгергенімен, жұмысқа деген қызығушылығым ешқашан сөнген емес. Зауытпен бірге өстім, зауытпен бірге есейдім, - дейді ол өткен күндерін жылылықпен еске алып. 

Баян Бисембаева үшін зауыт - жай ғана жұмыс орны емес, өмірінің ажырамас бөлігі, екінші үйі. Ол кәсіпорынның дамуы мен жаңғыруының барлық кезеңіне куә болды. Соңғы жылдары шикізат паркінің 41-сорғы станциясында машинист болып қызмет атқарса да, жауапкершілігі мен еңбекке деген адалдығынан бір жаңылған емес. Еңбек жолында Борис Александрович, Марат Каримов, Қайрат Оразбаев, Ерсайын Жарбосынов сынды білікті басшылардан тәлім алып, олармен иық тіресе жұмыс істеуді зор мақтанышпен айтады. Басты бағдар әкемнің тәрбиесі еді деп еске алады кейіпкеріміз. 

-         Әкеміз «біреудің ала жібін аттама» деп үнемі айтып отыратын. Сол сөзді өмірлік қағидама айналдырдым. Қандай қиындық болса да, адалдықтан айнымадым. Соның арқасында бүгін басымды тік ұстап, зейнетке шығып барамын, - дейді ол. 

Баян Бисембаеваның айтуынша, адамды алға жетелейтін ең үлкен күш - өзіңнің ұжымға керек екеніңді сезіну. 

-         Таңертең ұйқыдан тұрғанда сені күтіп отырған ұжымың барын, мойныңда жауапты істің тұрғанын сезіну үлкен бақыт. Сол сезім бізді шаршатпай, алға жетеледі, - дейді ол.

Зейнетке шығар алдындағы сұхбатында еңбек ардагерінің көзіне жас үйірілді. Бұл - өмірінің ең жарқын сәттері өткен зауытқа деген қимастықтың белгісі еді. Ол өзіне сенім артып, қанаттандырған ұжымына, басшылыққа және барша әріптестеріне шексіз алғысын білдірді.

Біз де Баян Бисембаеваны құрметті демалысымен шын жүректен құттықтаймыз! Саналы ғұмырын мұнай саласына арнаған еңбек ардагеріне зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасына бақ-береке тілейміз.


Количество показов: 56

Возврат к списку

Соңғы жаңалықтармен таныс болыңыз.
Таратуға жазылыңыз!
Жазылу