Шоттан басталған бала арман және зауыттағы алғашқы қадамдар
Салтанат Абдиеваның есепші мамандығына келуі – тағдырдың жазуы мен бала күнгі қызығушылықтың жемісі. Құрсай ауылында, 10 балалы үлкен отбасында тәрбиеленген ол еңбекке ерте араласты. Әкесі қарапайым жүргізуші, анасы консерві зауытында жұмысшы болған шаңырақта Салтанат әжесінің ерекше еркесі, «қыздардың ішіндегі тәуірі» болып өсті. Оның мамандық таңдауына 6-сыныпта оқып жүргенде, сол кездегі Атырау балық мекемесінде мастер болып істейтін апасының жұмысы әсер еткен. Апасы үйге көлемді қағаздарын арқалап әкеліп, ай соңында есеп тапсыратын. Ол кезде калькулятор деген атымен жоқ, барлық есеп кәдімгі шотпен шығарылатын. Кішкентай Салтанат апасының қасында отырып, сол шотты қалай қағуды, цифрларды тізбектеуді үйреніп, көмектесе бастайды. Осылайша, 8-сыныптан кейін нақты мақсатпен техникумға түсіп, 19 жасар бойжеткен 1992 жылы алып зауыттың табалдырығын аттайды. Материалдық есепші болып басталған алғашқы күндер оңай болған жоқ.
– Зауытқа келгенде орта жастағы мамандар көп еді және көбі орыс тілді болатын. Қорқыныш болды, әрине. Десе де, өз мамандығыма деген сүйіспеншілігім мені алға сүйреді, – деп еске алады кейіпкеріміз.
34 жылға жуық уақыт ішінде ол қарапайым маманнан Бас есепшінің бірінші орынбасары деңгейіне дейін абыроймен көтерілді.
«Жетігеннің жеті ішегіндей»
Әріптестері Салтанат Тынышбекқызы туралы «сандар оны жақсы көреді» деседі. Расында да, сырт көзге жәй көрінетін цифрлардың артында алып кәсіпорынның бүкіл тыныс-тіршілігі жатыр.
Кейіпкеріміз өз бөлімінің жұмысын музыкалық аспаппен теңестіруді сұрағанда, ерекше талғаммен жетігенді таңдады.
– Жетігеннің жеті ішегі жеті түрлі дыбыс шығарып, бір үйлесім табатыны сияқты, біздің бөлім де зауыттың әр саласының сырын біледі. Біз тек сандармен ғана емес, бүкіл зауытпен жұмыс істейміз. Мұнайдың келуі мен кетуі, дайын өнім, салық, жаңа қондырғылар мен әр қызметкердің еңбекақысы бәрі біздің қолдан өтеді. Біз тек есепші емес, өндірісті де, маркетингті де, сатып алуды да меңгерген жан-жақты маманбыз, – дейді ол мақтанышпен.
Жұмыс барысында заңдар мен жүйелердің үнемі жаңаруы, салық кодексіндегі өзгерістер қиындық тудырмай қоймайды. Алайда Салтанат Абдиева мен оның командасы сандар бағынбай кеткен сәттерде де қателікті түзетпейінше тыным таппайды.
– Түнімен жұмыс істесек те, қағаздан бас алмай отырсақ та, бізге артылған міндетті соңына дейін қатесіз жеткізуге тырысамыз. Біз өз мамандығымызды сүйіп таңдаған жандармыз, сондықтан кез келген қиындықты жеңе білеміз, – дейді кейіпкеріміз.
Отбасы жылуы, спорт және ұрпақ сабақтастығы
Салтанат Тынышбекқызының жүзінен күлкі, жүрегінен жылулық үзілмейтінінің басты сыры – оның өмірге деген шексіз махаббатында. Жауапты әрі стрессті жұмыстан кейін ол күш-қуатты өз шаңырағынан, ас үйінен және белсенді өмір салтынан табады. Оның ең сүйікті ісі – өз отбасына дәмді тағамдар дайындап, жақындарына мейірім сыйлау. Сонымен қатар, кейіпкеріміздің спортқа да жаны өте жақын. Әсіресе, волейбол ойынын ерекше жақсы көреді және бұл спорт түрі бойынша бірнеше айтулы жетістіктері бар. Спорт алаңындағы ширақтық пен командалық рух оның жұмыстағы жинақылығына да оң әсерін тигізетіндей.
– Шаршағанымды басып, қайта энергия жинауға көмектесетін хоббиім осы. Мен кез келген істі, мейлі ол жұмыс болсын, мейлі тойға бару немесе спорт болсын, үлкен сүйіспеншілікпен жасаймын. Ешқашан міндетсінбеймін, тек жаным қалаған соң істеймін, – дейді ол.
Бүгінде Салтанат Абдиева – 5 баланың аяулы анасы, немере-жиендерінің асыл әжесі. Оның мамандыққа деген адалдығы бүгінде ұрпақ сабақтастығына ұласқан. Ұлы жақында ғана өз қалауымен есепші мамандығын таңдап, оқуға түскен. Бұл – ана үшін үлкен мақтаныш. Сұхбат барысында ол ұлының 8 наурызға жасаған ерекше сыйлығын көрсетті. Анасына арнап журнал шығарған ұлы оған: «Өмір нұсқаулықпен келмейді, ол анамен келеді» деп жазған екен. Осы бір ауыз сөз кейіпкеріміздің бүкіл болмысын ашып тұрғандай.
Адамгершілік – басты құндылық
Көп жылдық тәжірибесі бар маман әріптестерімен қарым-қатынаста адамгершілікті бәрінен биік қояды. Оның айтуынша, басшы болу – айқайлау немесе қаталдық көрсету емес, керісінше, әр қызметкердің жағдайын түсіне білу. Сондықтан да болар, зауыт қызметкерлері оған тек жұмыспен емес, жеке ақыл-кеңес сұрап та жиі келеді.
– Басшы екенмін деп айқайлау міндетті емес. Мен үшін адамгершілік пен қаталдықтың үйлесімі маңызды. Көмек сұрап келген жанның қолын да, көңілін де қайтармауға тырысамын, – дейді ол.
Жас мамандарға айтар ақыл-кеңесі де салмақты: «Ізденістен қашпаңыздар. Мен де кезінде тәжірибелі мамандарға қызыға қарайтынмын. Солардай болсам деген мақсат мені бүгінгі күнге жеткізді».
Салтанат Абдиева үшін зауыт – үлкен кеме, ал өзі сол кеменің қазынасын сақтаушы. Сол қазына – зауыттың байлығы ғана емес, ондағы адамдардың еңбегі мен абыройы. Кейіпкеріміздің басты мақсаты да – осы өмірден абыроймен өтіп, артындағы ұрпаққа өнегелі жол қалдыру.
Возврат к списку