Гүлнар Есенғалиева: Таңдауымнан қателеспедім

Гүлнар Есенғалиева: Таңдауымнан қателеспедім 30.03.2026

Гүлнар Есенғалиева: Таңдауымнан қателеспедім

Гүлнар Самиғоллақызымен сұхбаттасу үшін оны баспасөз қызметінің кабинетіне шақырған едік. Алайда нағыз еңбек адамына тән жауап алдық: «Айналайын, мен орнымды тастап кете алмаймын, жұмысымды басқаға тапсыратын сәт емес». Міне, жауапкершілік! Біз кейіпкеріміздің жұмыс орнына өзіміз бардық. Қарсы алдымыздан жүзінен жылулық ескен, үнемі күлімсіреп тұратын, парасатты жан шықты. Бірақ бұл жымиыстың артында темірдей тәртіп пен кәсіби қаталдық жатқанын сөйлесе келе түсіндік.

Гүлнар Самиғоллақызы зауытқа алғаш рет 1983 жылы, небәрі 18 жасында келген. Еңбек жолын 2-цехтың бутан паркінде 3-разрядты операторы болып бастаған жас қыз үшін өндірістің алып әлемі қорқынышты көрінбеді.

– Ол кезде жастықтың буы ма, әйтеуір еш қорқыныш болмады. Артылған жұмысты бірден үйреніп, іске кірісіп кеттім, – деп еске алады ол. Кейін зауыт басшылығы зерек қызды 1988 жылы оқуға жіберіп, ол 1993 жылы білімін жетілдіріп, зауытқа қайта оралады. Содан бері ол бір орында тапжылмай еңбек етіп келеді.

Тауар операторының жұмысы сырт көзге қарапайым көрінгенімен, оның жүгі ауыр. Гүлнар Есенғалиеваның айтуынша, бұл жерде тек білім емес, қырағылық керек.

– Біздің жұмысты басқа цехтың адамы бірден істеп кете алмайды. Компьютер экрандары, рация, телефон – ешқайсысы көзден де, құлақтан да таса қалмауы тиіс. Шикізат паркінде мұнайды қабылдаймыз, анализ жасаймыз, қайта өңдеуге айдаймыз. Одан кейін дайын өнімді қазандықтарға қабылдап, тазалап, вагон-цистерналарға жөнелтеміз. Қабылдау да, өңдеу де, айдау да – бәрі біздің мойнымызда, – дейді ол мамандығының маңыздылығын түсіндіріп.

Қазіргі жасанды интеллект пен автоматтандыру заманында да ол адам факторының орны бөлек екеніне сенімді. Технология дамыса да, «темірдің тілін» табатын адамның ақылы мен әрекеті болмаса, апаттың алдын алу мүмкін емес деп есептейді.

«Бір жерде 40 жыл қалу – адалдық па, әлде жайлылық па?» деген сұрағымызға кейіпкеріміз ойланбастан.

– Екеуі де, – деп жауап берді. Зауыт оған білім берді, диплом алуға мүмкіндік сыйлады, алғашқы ұжымы мен екінші үйіне айналды. Ең бастысы, зауыт Гүлнар Самиғоллақызына балаларына бақытты балалық шақ сыйлауға жағдай жасады.

– Балаларым балабақшадан қиналмады, лагерьлерге барып, кішкентай күндерінде-ақ шетел көріп қайтты. Зауыттың арқасында ештеңеден таршылық көрмедік, – дейді ризашылықпен. Оның еңбегі де елеусіз қалған жоқ: ол «Зауыт ардагері» атанып, есімі «Құрмет кітабына» енді, бірнеше медальдармен марапатталды.

Әріптестері оны «айқай Гүлнар апа» деп әзілдейді екен. Өйткені ол жұмысқа келгенде өте талапшыл.

– Иә, жұмыс уақытында қаталмын, бәрі орнымен, сапалы жасалуы керек. Бірақ жастармен жас болып әзілдесе де, үлкендермен сырласа да аламын, – дейді ол күліп.

Ал жұмыстан тыс жерде ол – ардақты жар, аяулы ана және тәтті жиендерінің сүйікті әжесі.

– Жиендерім келіп, мойныма асылғанда бар шаршағанымды ұмытып, әлемдегі ең бақытты адамға айналамын, – дейді ол жүзі балбұл жанып.

Жақында Гүлнар Самиғоллақызы зейнетке шығады. 40 жыл бойы таңертең келіп, кеш қайтқан қара шаңырағымен қоштасу ол үшін оңай емес.

– Еңбек демалысына шыққанда да «жұмыс қашан басталады?» деп уақыт өткізе алмай жүретінмін. Зейнетке шыққанда қалай боларын өзім де ойлаймын. Бірақ өмір болғасын, бәріне үйренеміз ғой... – деп түйіндеді ол сөзін.

Сұхбат соңында біз кейіпкерімізге: «Егер сізге бүгінгі тәжірибеңізбен зауыт табалдырығын алғаш аттаған 18 жасар Гүлнарды жолықтыру мүмкіндігі туса, оған не айтар едіңіз?» деген сұрақ қойдық. Гүлнар Самиғоллақызы сәл жымиып:

– Мен оған: «Таңдауың дұрыс, сен еш қателеспедің!» деп айтар едім.

Расында да, 40 жылдық қажырлы еңбектің артында тек мамандық қана емес, бүтін бір тағдыр мен өз таңдауына деген зор мақтаныш жатыр. Гүлнар Есенғалиеваның өмір жолы – адалдықтың, төзімділіктің және өз кәсібіне деген шексіз махаббаттың үлгісі.


Количество показов: 24

Возврат к списку

Соңғы жаңалықтармен таныс болыңыз.
Таратуға жазылыңыз!
Жазылу