«Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтын инженер-механик мамандығы бойынша бітіріп, 2009 жылы зауытқа келдім. 15 жыл осы ұжымда тер төгіп келемін. Ұжым өте ұйымшыл, қарапайым. Жұмыстың парқын түсінетін, өз істерінің мамандары, адал еңбек иелерімен қызметтес болғаныма қуанамын. Оңай жұмыс деп айта алмаймын. Қырағылықты, байқампаздықты қажет ететін іс болғандықтан, сақтық бірінші орында. Барлық бұйрық қолымнан өтеді. Ол ең алдымен мұқияттылықты талап етеді. Сол себептен де әр қызметкермен етене байланыс жасау басты міндетім деп білемін», – дейді Тасболат Қабдоллаұлы.
200 ден астам қызметкерлердің қауіпсіздігін қадағалап, таңнан кешке дейін әр жұмысшының оқыс оқиғалардан алыс болуын, барлық істің уақытымен орындалып, кез-келген туындаған мәселенің мезгілінен бұрын шешілуінің басы қасында болып, бірге уайымдау кейіпкеріміздің өмір сүру стиліне айналған.
«Зауыт қабырғасында жүріп талай оқиғалардың куәсі болдық. Қызықты сәттермен қатар әттеген-ай дейтін тұстар да аз болған жоқ. Жұмыс осындай сәттерден тұратындығын сезініп келеміз. Дегенменде таңертең жұмысқа сағынып келеміз, осы қызметіміз болмаса бір тұсымыз ақсап тұрғандай болады. Мен алғаш цехқа келгенде мастерлерім болды. Барлығын үйретіп, жауапкершілікке, тәртіпке баулыды. Міне, сол жандардың ізімен өзім де жастарға жол көрсетіп келемін. Бізді «мәселе туындамастан бұрын шешімі дайын тұруы керек» деген ұранмен тәрбиелеген болатын. Сол ұстанымды әлі де мидан шағарған емеспін», – дейді Тасболат Шеруенов.
Қолдары шебер, «жігітке жеті өнер де аз» деген қанатты сөздердің иелерімен бір ұжымда қызмет етіп келе жатырған Тасболат Қабдоллаұлы ұжымның қарапайымдылығын алға тартты. Әр уақытта кез-келген мәселені сеніп тапсыра алатын қызметкерлердің табандылық қасиетін бағалайтындығын да айтып өтті. Қиындық туындап қалған жағдайда бір ортаға жұмылып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара білетін ұйымшылдықтары ұнайды деп тебірене әңгімеледі. Біз де ұжымына ерекше махаббатпен қарап, ісін ерекше жақсы көретін жанның барына тәнті болдық.
Бүгінде Тасболат ағамыз жары Жанар апайымызбен екі ұл бір қызды тәрбиелеп отырған үлгілі отбасы. Зауыттағы әке ізін жалғап келе жатырған ұлы Серік Тасболатұлы қазіргі таңда ТАМЭ қондырғысында аға оператор болып қызмет атқарады.
«Әке көрген оқ жонар», – демекші артында ізгі ұрпақ қалдыру қай ата-ананың болса да арманы. Осы тұста кейіпкеріміз балаға тәрбиені өзіңді тәрбиелеу арқылы ғана бере аласың деп есептейді. Ол сөзінің де жаны бар десек қателеспейміз. Өйткені Тасболат Қабдоллаұлы өз ісінің білікті маманы ретінде ғана емес, үлгілі әке, отағасы болу арқылы да ұлдарын еңбекке баулып келеді.
Тасболат Шеруенов үш жыл төңірегінде денсаулығына мән беріп, жүгіру спортымен айналысуда.
«Соңғы уақытта жүгіруді қолға алып жүрмін. Ол біріншіден мидың тазалығына алып келеді, екіншіден өзіңді жеңіл сезінесің. Уақыт өте келе спорт-денсаулық кепілі деген сөздердің мағынасын терең түсініп келемін. Сонымен қатар ерте жатып, ерте тұру, дұрыс тамақтанудың да маңызы зор», – дейді еңбек адамы.
Өскелең ұрпақ та ертерек бар нәрсенің қадірін ұғына білсе екен деген тілегін жеткізді. Өйткені шымыр денеде, таза ой қалыптасады. Ал, ой тазалығы қай бастаманың да оң нәтижесіне алып келеді деп пысықтады.
Қаңтар айында Тасболат Қабдоллаұлы мерейлі 60 жасқа толды. Ұжым арасындағы беделі мен абыройы сақталған мықты маманның саф жолы қашанда болса кейінгі жастарға үлгі екенін дәлелдеді. Адал еңбекпен мал іздемек – ол арлы адамның ісі деген Абай Құнанбайұлының сөздері кейіпкеріміздің ісін суреттегендей.
Возврат к списку