Өмірін зауытпен ұштастырған жан

12.09.2023

Өмірін зауытпен ұштастырған жан

49 жастағы Роза Омарова Қызылорда қаласының тумасы, 6 ағайынды отбасында туып өскен. Алайда әкесінің жұмыс бабымен отбасы мүшелерімен бірге Атырауға қоныс аударады. Оның әкесі де, анасы да құрылыс саласында еңбек еткен.

−Ата-анамыз бізге үнемі «оқыңдар» деуші еді. Сол өсиеттің арқасында жетілдік. 1990 жылы сондай бір қиын кезең болатын. Әйтеуір, сол мезгілде ата-ананың бар уайымы балаларын жетілдіру еді. Бала кезден ата-анаға, артымнан ер жетіп келе жатқан бауырларыма көмектесу парызым екенін ұғынып, кез келген шаруаға етене араласа кететінмін, − дейді Роза Омарова.

Ол 1988-1992 жылдары Гурьев теміржол көлігі техникумында техник-эксплуатационник мамандығында білімін шыңдаған. Зауыттағы алғашқы еңбек жолын 1994 жылдың 18 қараша айында есепке алу жөніндегі операторы болып бастайды. Ал 1995 жылдан бастап қазірге дейін есепке алу жөніндегі аға операторы лауазымында қызмет етуде. Өндіріспен қатар білімді ұштастырып, 2000-2005 жылдары Алматының Орталық Азия университетінде заңгер мамандығын тәмамдайды.

−Ойлап қарасам, 30 жылға жуық уақытым зауытта өтіпті. Осы үлкен өндіріс ошағында қызмет еткеніме бақыттымын. Өйткені осы жерде өмірлік жарым Сержан Мейрамовпен жолықтым. Ол да мұнай өнімдерін өндіру және тасымалдау өндірісінде болып қызмет етеді. Жұмыс жайына келер болсақ, жұмысым үлкен жауапкершілікті талап етеді. Эстакадаға мұнай өнімдерінің құйылуын, зауыттан дизельдің, цистерналардың қанша және қайда кеткенін бақылау, өнімдерді өлшеу және оның температура мен тығыздығын тексеру, барлық өнімнің құжаттарын рәсімдеу оңай емес. Алғаш келгенімде көп нәрседен бейхабармын. Кәсіпке деген құштарлығымды сол кездегі басшымыз Мұхтар БАЙЖАНОВ оятты. Ол қол астындағы жұмысшыларға көп қолдау көрсетуші еді. Сол заманда қазіргідей автоматтандырылған жүйе жоқ, барлығын қолмен жасайтынбыз. Жұмыс барысында көп нәрсені үйретіп, ықпалын тигізген Ирина АБНОСОВА, Вера ЗАВЬЯЛОВА, Ажар СЕЙТАЛИЕВА, Өміргүл МЫРЗАҒАЛИЕВА, Нұрсауле ҚҰТТЫБАЕВА, Роза ЖҰМАЛИЕВА атты әріптестеріме, әрқашан қолдау білдіретін қазіргі басшысымыз Айгүл ЖАНТІЛЕКОВАҒА алғыс білдіргім келеді, - деп нақтылады кейіпкеріміз.

Бүгінде ол талай жастардың қызметіне сіңісіп, үйренісіп кетуі үшін жол сілтеушілердің қатарында. Роза Омарова жас мамандардың жандары жаңашылдыққа жақын, сауаттары әр нәрсені тез қабылдайтынына кәміл сенеді. Сөз соңында ол әр адамның өз кәсібіне қанағаттануы маңызды екенін дүп басып айтты. Ол өз ісін сүймеген адамның көңілі толмай, жоспары болмайтынын жеткізді.

Қызметкердің еңселі еңбегі елеусіз қалған емес. Осыған дейін оған «АМӨЗ» ЖШС басшылығынан 1996,1998 жылдары алғыс хат, 2016 жылы кадр қызметкері атағы және т.б марапаттар табысталған. 2005 жылы «Үздік маман» байқауының жүлдегері болған.

Ендігі оның мақсаты − қызметінің соңына дейін өндірістің дамуына септігін тигізіп, білген-түйгенін жастарға үйретіп, осы өндіріс ошағынан зейнеткерлікке аттану. Зауытта осындай еңбегіне адал қызметкерлердің болуы, зауыт жұмыстарының ілгері дамуына үлкен себеп.

Айдана ҚАНАТАЕВА

Суретке түсірген Бейімбет АМАНТАЕВ


Количество показов: 9438

Возврат к списку

Соңғы жаңалықтармен таныс болыңыз.
Таратуға жазылыңыз!
Жазылу