ҰМЫТЫЛМАС ҰЛЫ ТҰЛҒА

ҰМЫТЫЛМАС ҰЛЫ ТҰЛҒА 21.10.2022

ҰМЫТЫЛМАС ҰЛЫ ТҰЛҒА

  Алдымен қазақ мұнай өңдеу саласының қара шаңырағы Атырау мұнай өңдеу зауытында өзіндік ізін қалдырған мұнайшымыздың өмірін баяндап өтейік. Қанат Қабденов 1949 жылы 28 мамырда Батыс Қазақстан облысы Орда ауданында дүниеге келді. 1970-1975 жылдары Шымкент қаласындағы Қазақ химия-технология институтында білім алды. 1975 жылы жолдамамен Атырау мұнай өңдеу зауытына келіп, еңбек жолын оператор болып бастап кейін №1 цех басшысының орынбасары, басшысы лауазымына тағайындалды. 1980-1992 жылдары Гурьев облыстық партия комитетінің шешімімен Қазақстан Компартиясы облыстық партия комитетінде, қалалық халық депутаттары кеңесінің атқару комитетінде т.б. қызметтерде басшылық қызметтерін атқарды.

  Еліміз егемендік алған тұста Атырау мұнай өңдеу зауытына қайта оралып, әрі қарай мансабын жалғастырды. АМӨЗ-де бас директордың тұрмыс жөніндегі орынбасары, әлеуметтік мәселелер жөніндегі вице-президенті, бас директордың әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары, бас директордың жалпы мәселелер және кадрлар жөніндегі орынбасары, 2013 жылдан бастап кадрлар жөніндегі басқарушы директор – аппарат жетекшісі лауазымдарында еңбек етті.

  2016 жылы зауыт ұжымы оны бірауыздан кәсіподақ ұйымының төрағасы қызметіне тағайындады. Қанат Қабденов әрқашан кәсіпқойлықтың жоғары деңгейімен, көшбасшылық қасиеттерімен ерекшеленді. Еңбек ұжымының мүдделерін қорғауға, кадр саясатына және кәсіпорындағы жұмысшылар үшін әлеуметтік-тұрмыстық жағдай жасауға, зауыттың жас мамандары мен ардагерлерін қолдау мәселелеріне ерекше назар аударды.

  Қ.Қабденовтің еңбегін мемлекет жоғары бағалады. Ол ордендермен, медальдармен және грамоталармен марапатталды.

  Енді, міне, еңбегі, өнеркәсіптің дамуына қосқан үлесі мен белсенді қоғамдық жұмыстары елеусіз қалмай презентацияда әріптестері, жақындары және жолдастары бас қосты. Ардагердің өмірі баяндалған «Ақ жайықтан қанат қаққан» атты кітаптың авторы Марияш САТИМОВА оның талай шәкірттерге тәлімгер екенін жеткізді:

  −Қанат Қабденовты орны бөлек ел ағасы деп білемін. Елге танылған тұлғаларды жастар білуге тиісті. Сондықтан тарихи тұлғалардың өмірі кітапханаларда, білім орталықтарында көбірек баяндалса деймін. Бұл кітапта кейіпкеріміздің өмірі және ол туралы әріптес, жолдас, жақындарының ойлары жазылған. Сонымен қатар Қанат Қабденовтың рухына арнау, оның жүрегіме үндес деп ұнатып оқитын Мұқағалидың жырлары да бар. Əрине, бұл кітапты шығару оңай болмады. Осы тұста уақытында сұхбатыма жауап беріп, кітаптың мазмұнды әрі толыққанды болып шығуына ат салысқан жақындарына, әріптестеріне алғыс білдіремін.

  Еңбек ардагері, әріптесі Меңдіғали САППАЕВТЫҢ кітапта жазылған сөзінен: «Ол екеуміз жоғары оқу орнын бітірген соң, жолдамамен сол кездегі Гурьев қаласына келген едік. Мен химия зауытынан, ол Гурьев мұнай өңдеу зауытынан еңбек жолымызды қатар бастадық. Сол кезде зауыттар аз, ұлттық инженер кадрлар тапшы еді. Басшылық орындарда ұлты қазақ басшылар бірен-саран болатын. Қалада Гурьев мұнай өңдеу зауыты мен химия зауытынан басқа ірі өндіріс ошақтары жоқ. Содан да болар қаладан келген қонақтар осы кәсіпорынға келетін. Делегацияларды Қанат басқарып жүретін. Ол мінезі жайлы, тез тіл табысатын, ешқашан ешкімге дауыс көтермейтін, зауытта өтетін шараларға үзбей қатысатын жан болды. Зауыттықтар оны ерекше құрметтейтін, ол рухы мықты азамат болған еді».

Біздің бүгінгі күнге жетуіміз осындай еңбек ардагерлерінің арқасы. Сондықтан біз − жастар азаматтық парызын адал орындаған жандарды үлгі тұтуға міндеттіміз.


Количество показов: 11386

Возврат к списку

Соңғы жаңалықтармен таныс болыңыз.
Таратуға жазылыңыз!
Жазылу