Абат Ислямов: «Зауытта қашанда еңбек адамына құрмет бөлек...»

21.12.2016

Абат Ислямов: «Зауытта қашанда еңбек адамына құрмет бөлек...»

Абат Ислямов Атырау мұнай өңдеу зауытына әскер қатарында борышын өтеп келген соң қабылданды. Бұл 1985 жылы еді. ЭЛОУ-АВТ қондырғысына оператор болып кірісіп кетті. Өз талпынысымен қондырғыда аға оператор, қондырғы бастығы лауазымына дейін көтерілді. Жетістікке үйрену, оқу-тоқумен жеткенін айтады:

-1985 жылы зауытқа келгенде технология шектеулі, санаулы ғана цех болатын. Жаспын, жұмыс таңдау, талғау деген табиғатымда жоқ. Қайда жіберсе де құлшынып тұрған кезім. ЭЛОУ қондырғысында оператор болғанымда бүгінде өмірден өткен Мәлік Тұрақбаев, Мәжит Камалиденовтерден көп тәлім алдым. Олар тек жұмыстың емес, өмірдің де мағынасын терең түсіндіргендей. Жай ғана әңгімелесудің өзі бір ғанибет еді. Юрий Мелехин, Виктор Лепскийлер өз ісінің майталмандары еді. Олардың ештеңені шұқылап үйретпей-ақ, атқарып жатқан жұмысына қарап, машықтана бересің. Осылайша, қондырғы операторы, аға операторы қызметтерін абыроймен атқардым. Технология жаңарып жатты, заман да бір орнында тұрмайды. Осындай өзгерістермен қатар жүру үшін білігің болуы керек. Өндірістен қол үзбестен Атырау мұнай және газ институтын бітіріп, химик-технолог мамандығын алып шықтым. Қондырғы бастығына тағайындады. Енді жауапкершілік артты. Өзің мамандарды үйретесің. 2011 жылы техникалық бақылау бөліміне ауыстырылдым. Мұнда да өндіріспен тығыз байланыста жұмыс істедік. 2013 жылы ароматикалық көмірсутектер өндірісі құрылысына айналма сумен жабдықтау блогы салынып жатқанда бастығы қызметіне тағайындады. Басы-қасында жүріп, жаңа технологиямен салынған 2 қондырғылы блокты 2015 жылы іске қостық. Оған 18 маман қызмет көрсетеді. Оларды жаңаша үйреттік. Енді міне, Мұнайды тереңдетіп өңдеу кешеніне қуаты зор айналма сумен жабдықтау блогы салынып жатыр. Мұнда жаңа технологиялар, автоматтандырылған қондырғылар. Оған мамандарды дайындап жатырмыз. 

Абат Ислямов ароматикалық көмірсутектер өндірісі мен Мұнайды тереңдетіп өңдеу кешеніне қажетті айналма сумен жабдықтау құрылғыларын қабылдап алу үшін Қытай мен Ресейге бірнеше рет іссапармен барды. Кәсіби майталман болғаннан кейін осындай жауапты миссиялар сеніп тапсырылған. Тәжірибелі маман болса да үйренуден жалыққан емес. Павлодар мұнай-химия зауытында жаңа технологияда жұмыс істеу үшін машықтанып келген. 30 жылдан астам еңбегі сіңген зауытта бірнеше марапаттар алды. Мұның бәрі де еңбек адамына деген құрмет.


Количество показов: 11868

Возврат к списку

Соңғы жаңалықтармен таныс болыңыз.
Таратуға жазылыңыз!
Жазылу