Ажаргүл Ізімова: «Ел тәуелсіздігімен бірге алға қарай жүремін»

Ажаргүл Ізімова: «Ел тәуелсіздігімен бірге алға қарай жүремін» 07.11.2016

Ажаргүл Ізімова: «Ел тәуелсіздігімен бірге алға қарай жүремін»

25 жыл бұрын 1991 жылы Ажаргүл Ізімова Атырау мұнай өңдеу зауытына жұмысқа қабылданады. Ол Гурьев химия училищесін үздік тәмамдап, «кең профильді аппаратшы» мамандығын алды және Еділ химия талшығы кәсіпорнында тәжірибеден өтті. Жас қыз № 4 цехқа тауар операторы болып орналасты.

- Мені жұмысқа цех басшысы Дауыл Ибадуллаұлы Хамитов қабылдады. Екі айдан кейін ол кісі өндірістік бөлімге ауысып, оның орнына орынбасары болып жұмыс істейтін Қайрат Құлымұлы Оразбаев келді, - деп еске түсірді Ажаргүл. – Мен зауытқа келгенде барлығы мен үшін жат, қиын болатын. Бірақ, айтады ғой, «көз қорқақ, қол батыр» деп. Менің ең бірінші ұстазым Гүлшат Бегиева болды. Көп ұзамай маған мұнай өнімдерін есептеу операторы қызметін ұсынды.      

Ал негізі Ажаргүл дәрігер болуды армандады. Ақ халат киіп, адамдарды емдеу. Алайда, өмірдің өз заңдылықтары бар. Ол кезде Гурьев химия училищесін үздік аяқтаған түлектер Қазан химия-технологиялық институтында оқуға мүмкіндік алатын. Сол үміткерлердің бірі Ажаргүл еді. Сұхбаттасудан ғана өту керек болатын. Бірақ, еңбек жолын бастаған жас маман бар ынтасымен өндіріске кірісіп кетті. Көп кешікпей 3-дәрежелі оператор төртінші, одан соң бесінші дәрежені де алды. Кейін Атырау мұнай және газ институтында сырттай оқып, Ажаргүл жоғары білімді маман атанды.

1991 жылы Қазақстан өз тәуелсіздігін жариялағаннан кейін Атырау МӨЗ-і шығарып жатқан өнімін экспортқа жөнелте бастады. Зауытта арнайы сол үшін экпорттық жөнелтілім бөлімі ашылып, Ажаргүл Ізімова вакуумдық газойлдың алғашқы экпорттық жөнелтілімін Ресейге, одан кейін Финляндияға жүзеге асырғандардың арасында болды. Болгарияға мазут, дизель отыны – Югославияға жіберіліп тұрды.

- Бөлімде менімен бірге Гүлшат Құрмашева, Айгүл Досанова, Светлана Пикалева, Кенже Жанзақова еңбек етті. Тәулік бойы жұмыс істегеніміз есімде. Бізді үйлерімізге автобуспен жеткізіп салатын, ал вагон-цистерналар келген кезде бізді қайтып жұмысқа алып келетін. Арнайы біздің бөлім үшін «РАФик» бөлінді – деп баяндайды Ажаргүл. – Ауқымды көлеміне қарамастан, жұмыс өте қызық болды. Процестің өзі ұнайтын: есептеу, құжаттарды ресімдеу. Жұмыстың барлығын дұрыс, тап-тұянақтай етіп орындауға тырыстық. Кеденмен, СЭС-пен тікелей жұмыс істедік, бір декларацияға бірнеше құжат қоса тіркелетін. Барлығын қолмен толтырамыз.    «ХЖҚК» атты өздігінен көшірілетін жүкқұжаттарын толтыратынымыз есімде, ол жерде мүлдем қате жіберуге болмайды. Біз кнопкалы, баспа машинасымен жұмыс істедік, кейіннен «Ятрань» пайда болды, одан кейін ғана компьютерлер енгізіле бастады. Бастапқы кезде шоттармен санадық, уақыт өте келе калькуляторды қолдандық. Бірнеше ай бойы жалақы алмайтын кездер болатын, соған қарамастан біз жұмыс істедік. Ақшаның орнына бізге айырбас арқылы келіп түсетін азық-түлік, өнеркәсіптік тауарлар берілді. Бұның барлығын осы күні езу тартып есімізге аламыз.   

Ел тәуелсіздігімен бірге зауыт та дами бастады. Өндірілетін өнімнің түрлері көбейді, шығарылатын мұнай өнімдерінің көлемі артылды.

- Мен 1991 жылдың ақпанында зауытқа келгенімде бізде ауысым басшысы, есептеу бойынша бір оператор болды, ал ауысымда екі эстакадаға бес құюшы жұмыс істеді, - дейді Ажаргүл Ізімова. – Бүгінде бір ауысымда есептеу бойынша 4 оператор, ауысым басшысы және 10 құюшы еңбек етеді. Мұнай өнімдерін құю үш эстакадада жүзеге асырылады. 90-шы жылдардың басында АИ-80 маркалы бензин, дизель отыны, жазғы УФС, уайт-спирит, мазут пен вакуумдық газойл, ТС-1 жөнелтілетін еді. Бүгінгі күні шығарылатын мұнай өнімдерінің тізбесі айтарлықтай кеңейді, тиісінше, біздің жұмысымызға деген талаптар да жоғарылады.

Мұнайды қабылдау, Қазақстан бойынша және экспортқа жіберілетін мұнай өнімдеріне құжаттар ресімдеу, мұнай өнімдерін есептеу – міне, бұл мұнай өнімдерін есептеу жөніндегі оператор, Ажаргүл Ізімова жұмысының негізгі функциялары.    

Ажаргүл өндірісте жауапкершілікпен және адал жұмыс істейтін қызметкер ғана емес, ол зауыттың қоғамдық өміріне де белсенді қатысады. – Мен зауытқа келгенімде, небәрі 19 жастағы қыз едім. Осы жерде қалыптастым. Өзімді нағыз бақытты адаммын деп санаймын: жақсы, ынтымағы жарасқан ұжымға келдім, Ольга Петровна Зевакина, Вера Алексеевна Завьялова, Аманқұл Меңдіғазиев – бұл менің алғашқы ауысым бастығым, Фатима Түсіпқызы Кенжеғалиева, Марат Хазипұлы Кәрімов, Наташа Кәрімова, Рая Сегізбаева, Айгүл Жантілекова сынды тәлімгерлерден көп нәрсе үйрендім. Маған айтқан кеңестері, ақылдары үшін оларға ризамын.

Мұнда Атырау мұнай өңдеу зауытында Ажаргүл өмірлік жарымен танысты. «ҚазГерМұнай» компаниясында еңбек ететін Дәурен Ізімовпен бірге бүгінде үш баланы тәрбиелеп отыр. Үлкен ұлы Әлихан химик-технолог мамандығы бойынша ҚБТУ-да оқиды, қызы Дәрия мен кенже ұлы Дастан – мектеп оқушылары.


Количество показов: 11953

Возврат к списку

Соңғы жаңалықтармен таныс болыңыз.
Таратуға жазылыңыз!
Жазылу