«ӨЗ ҚЫЗМЕТІМЕ АДАЛ ЕҢБЕК ЕТЕМІН»

13.10.2017
1286 просмотров
Жастар... Әдетте, аға буынның сынайтыны да, үміт артатыны да, тіпті тұтас мемлекеттің болашағы да осынау топ. Жастар – кез келген қоғамның қозғаушы күші һәм келешегі. Жастардың білімі мен білігі, арманы мен аңсары, бәсекеге қабілетті болуы – мемлекеттің де тұрақты дамуының кепілі. Сондай жастардың бірі – Тимур Байбусинов.   Ол зауытішілік «Үздік маман» байқауында «Үш жылдан кем жұмыс тәжірибесі бар» номинациясы бойынша жеңімпаз атанды. Осы орайда біз де Тимурмен сұхбаттасқанды жөн көрдік.  

– Тимур өзің қай жақтың тумасысың? Өзің жайлы айтып берсең?
– Әуелі өзіме келер болсам, биыл алғаш кірпіші қаланғанына 377 жыл толып отырған қазыналы қала, мұнайлы мекен, өндірісті өңір, күй елі, жыр елі – Атырау өлкесінде туып-өскенмін. Осындағы жалпы орта білім беретін №24 мектепте білім нәрімен сусындадым.   Қазір Вокзал маңы мөлтекауданында тұрамын.  
– Тимур, бұл қызметке қалай келдіңіз?
– Атырау мұнай және газ университетінде, ол кезде институт болатын, 2 курста оқып жүрген кезім еді. Бір күні Атырау мұнай өңдеу зауытынан мамандар келіп, «Жас маман» бағдарламасы бойынша студенттер арасында тест сынағын өткізді. Сөйтіп, ең жоғары нәтиже көрсеткендерімізді іріктеп алды. Олардың ішінде мен де болдым. Кейін сол үздіктер, яғни, біздер әңгімелесуге шақырылдық. Соның негізінде артынша шәкіртақы тағайындалып, тұрақты төленіп отырды. Осылайша, мен алғашқы шәкіртақы иегерлерінің қатарына іліктім.
– Бұл қызмет сізге несімен ұнайды?
Жоғары оқу орнындағы оқуым аяқталған соң, мені дереу аталған кәсіпорынға, яғни, Атырау мұнай өңдеу зауытына қызметке шақырды. Сөйтіп, екі қолға бір күрек таптым. Биыл осы мекемеде табысты еңбек етіп келе жатқаныма үш жыл толады. Бұл бір қарағанда, біреуге аз көрінгенімен, мен үшін біраз тәжірибе жинап үлгерген мерзім болды.   
– Осы салада өзіңіздің үлгі тұтар адамдарыңыз бар ма?
– Менің үлгі тұтар адамым  деп, каталитикалық крекинг бөлімінің бастығы С.А.Посохинді айта аламын. Ол маған жұмыс барысында  қамқорлығын аямаған, бар білгенін үйретеді. Оған деген алғысым шексіз.
– Осы қызметті атқарған уақытта қандай жетістікке қол жеткіздіңіз? Бұл дүбірлі додада есіңізде қалатындай сәтіңізбен бөліссеңіз?
– Ал, бұл байқау  туралы айтар болсам, ол өте жоғары деңгейде өтті. Қалай болғанда да, ұтқыр ұйымдастырылғаны айқын көрініп-ақ тұр. Мұндай шараға алғаш қатысып отырмын. Қатысушылардың әрқайсысы алдымен теориялық білімін, кейін тәжірибе барысында біліктілігін де сарапқа салды.  Ерекше әсерге бөлендім. Игі іс одан әрі де жалғасын тапқай деген тілек айтқым келеді. 
– Осы салада қызмет ететін адамның өмірлік ұстанымы қандай болуы керек?
– Менің ойымша кез-келген қызметте өзіндік ұстанымдар болуы керек. Өз әріптесіне көмектесу, білгеніңді түсіндіру, бірігіп жұмыс жасау деген принциптер алғашқы орында тұруы қажет. Өйткені ұжым болғасын, оның үстіне өндірістік ұжымда қарама-қайшы пікірлер, түсініспеушіліктер болатыны заңды. Осындай сәттерде өзара түсіністік танытуға, ортақ шешімге келуге тура келеді. Жедел шешім қабылдау, салқынқанды болу деген қағидаларды ұстану шарт.
- Зауыт басшылығына, әріптестеріңізге тілегіңіз бар ма?
 – Зауыт басшылығына үлкен алғысымды айтамын. Өйткені зауытішілік бағдарламалар, жобалар мен мәдени-көпшілік шаралар жүйелі түрде ұйымдастырылып тұрады. Бұл деген әлеуметтік бағыттың, жастар саясатының дұрыс жолға қойылғандығының айғағы. Екіншіден, маған сенгені үшін, мені қолдағаны үшін өз ұжымыма алғыс айтамын.
- Сұхбатыңызға рахмет! Жеңісті сәттеріңіз көп болсын!
Абай АБЫЛАЙҰЛЫ
   

Назад к списку новостей

Будьте в курсе последних
новостей. Подпишитесь
на рассылку!
Подписаться