Маралсайдағы естен кетпес демалыс

15.01.2025
393 просмотров
Маралсайдағы естен кетпес демалыс
Атырау мұнай өңдеу зауыты қызметкерлерінің балалары қаңтар айындағы жаңа жылдық демалыстарының 7 күнін үйреншікті ұялы телефон, ғаламтор, картоп қытырлақтары, гамбургер және газдалған сусындарсыз Алматы облысындағы Іле-Алатауы табиғи қорығының аймағында өткізді.

Іле-Алатауы ұлттық табиғи паркінде орналасқан «Маралсай» демалыс базасы көздің жауын алатын әсем табиғатымен және таза ауасымен танымал. «Жаңа ұрпақ» республикалық көшбасшылық мектебі балалар мен жасөспірімдерге арналған үздік оқу бағдарламаларын дәл осы базада өткізеді.

«Демалыстың әрбір күні минутына дейін жоспарланды. Балалар бос отырған жоқ. Тренингтер, дамыту бағдарламалары, психологиялық ойындар – қысқы лагерьде өткізген әрбір күн пайдалы іске толы болды. Кейбір бүлдіршіндер жағдайға тез бейімделсе, екіншілері алдымен жаттықтырушылар мен тәлімгерлерді зерттеді. Бірақ соңында ешкім бей-жай қалған жоқ», – дейді балаларды қысқы лагерьде сүйемелдеуші «АМӨЗ» ЖШС орталық зауыттық зертханасының химиялық талдау лаборанты Тұрсынгүл Жантлеуова.  

Балаларға дәріс бергендердің қатарында көшбасшылық және мотивация мектебінің негізін қалаушы әрі бас тренері, ICBT бизнес-тренерлер халықаралық мектебінің және Шалва Амонашвили оқушылары Жоғары мектебінің түлегі, «Мама в теме» курсының және «Кішкентай ұстазым» кітабының авторы Асхат Абжанов, тренер, психолог, жасөспірімдермен жұмыс жөніндегі сарапшы, сертификатталған коуч және  «Мама в теме» курсының бірлескен авторы Елена Полшина, сондай-ақ ZHU Kids және «Ояну» бағдарламаларының тренері, Шалва Амонашвили атындағы Жоғары мектептің оқушысы Рустам Әубәкіров болды.

«Лагерь мен көшбасшылық мектебі – бұл ғажайыптар орын алатын жер. Онда біз тек демалып қана қоймай, ішкі қабілеттерімізді дамытып, ой-өрісімізді кеңейтіп, айналамыздағы адамдармен және әлеммен қарым-қатынас жасауды үйрендік. Тәлімгерлерімізден шабыт алдық, қорқыныштарымызды жеңе білдік, реніштерді кешіруді үйрендік. Мен мұндай лагерьде бірінші рет болдым. Болашақта дәл сондай тренингтерге тағы да қатысқым келеді. Ата-анама және Атырау мұнай өңдеу зауытына ең пайдалы демалыс сыйлағандары үшін алғыс айтамын», – деді ZHU Kids бағдарламасының қатысушысы Амина Аманбаева.

Қысқы тренингтік лагерьде болған 34 бүлдіршіннің барлығының да пікірі бір жерден шықты. Мұндай қызықты әрі пайдалы демалыс – зауыт қызметкерлерінің балаларына деген қамқорлықтың, сондай-ақ кәсіпорын басшылығы, персоналды басқару бөлімі мен зауыттың кәсіподақ ұйымының үйлесімді жұмысының нәтижесі.

Назад к списку новостей

Будьте в курсе последних
новостей. Подпишитесь
на рассылку!
Подписаться