Атырау МӨЗ бас директоры Ш. Данбай жыл сайынғы "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ бас директорларының V форумына қатысты

02.07.2019
1107 просмотров
Атырау МӨЗ бас директоры Ш. Данбай жыл сайынғы "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ бас директорларының V форумына қатысты
1 шілде күні Нұр-Сұлтан қаласында «Нөлдік көрсеткішке жету – басты міндетіміз» тақырыбымен жыл сайынғы «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ (бұдан әрі – ҚМГ) бас директорларының V форумы өтті. Форум жұмысына ҚМГ мен  еншілес және тәуелді ұйымдарының басшылары, бірқатар қазақстандық және шетел компанияларының өкілдері қатысты.

Шара «ҚазМұнайГаз» компаниялары тобында еңбек пен қоршаған ортаны қорғау саласының ағымдағы хал-ахуалын бағалау және қауіпсіздік мәдениетін жетілдіру мақсатымен өткізіліп отыр.  ҚМГ Басқармасының Төрағасы Алик Айдарбаевтың айтуынша, жыл басынан бері "ҚазМұнайГаз" өндірісіндегі жарақаттар саны 26% - ға қысқарды. Бұл компанияның бүкіл тарихындағы ең төмен көрсеткіш. Алайда, бүгінгі таңда оны нөлдік көрсеткішке жеткізу мақсаты қойылған.

«Бүгінгі таңда компанияда Өндірістік қауіпсіздікті сақтау мақсатында DuPont әлемдік компаниясының қауіпсіздік техникасын басқарудың бірегей жүйесі енгізілді. Жүйелік жұмыстың нәтижесі жаман емес. Мұнай өңдеу зауыттарында қызметкерлердің еңбек қауіпсіздігі техникасы бір жолға қойылған. Үш жыл қатарынан жақсы көрсеткішке қол жеткізіп келеміз», - деп атап өтті Атырау мұнай өңдеу зауытының бас директоры Ш. Данбай.Оның айтуынша, форумда екі мұнай өңдеу зауытында табысты жұмыс істейтін "АМАН" еңбекті қорғаудың интеграцияланған жүйесіне оң баға берілді.

Сондай-ақ жиында компания қызметінің қоршаған ортаға теріс әсерін азайту және су ресурстарын басқару, еңбек қауіпсіздігі мен апаттардың алдын алу, қауіпсіздік мәдениетін арттыру мәселелері бойынша мекемелердің бірінші басшыларының дербес жауапкершілігін күшейту сияқты өзекті мәселелер көтерілді.  Атап айтқанда, Атырау мұнай өңдеу зауытында іске асырылып жатқан TAZALYQ жобасы ерекше атап өтілді. 

Өндірістік қызметте, өндірістік жарақат алу мен қоршаған ортаға залал келтіруде нөлдік көрсеткішке жету мақсатымен компания Қазақстанда алғаш рет қауіпсіздік мәселелеріне арналған SPE Каспий симпозиумын өткізуге бастамашылық жасады. Аталған шара осы жылдың қыркүйек айында KAZENERGY форумы шеңберінде өтетін болады. 


«АМӨЗ» ЖШС қоғаммен байланыс бөлімі

Назад к списку новостей

Будьте в курсе последних
новостей. Подпишитесь
на рассылку!
Подписаться