Зауытқа медициналық қызмет көрсететін «Медикер Жайық» ЖШС-нің емханасы қызметкерлердің отбасы мүшелерін тіркеуді бастады. Енді зауыттықтармен қатар тіркелген олардың отбасы мүшелеріне кәсіптік медициналық тексеру жүргізіледі. Сондай-ақ, емханаға тіркелгендерге амбулаторлық-емханалық, стоматологиялық, клиника-диагностикалық көмек, дәрі-дәрмекпен қамту, күндізгі стационар және реабилитациялық, тәуліктік шақырту қызметі, дәрігерлік кеңес беру және емдеу қызметтері көрсетіледі. Бұл шараның мемлекеттік әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі шеңберінде жүргізілетіні туралы зауыттықтармен кездескен «Медикер Жайық» ЖШС дәрігерлері айтып берді. Кездесуге «Медикер Жайық» ЖШС директорының емдеу жөніндегі орынбасары Күлән Ахметова, емхана меңгерушісі Дәулен Елеуов, стационар меңгерушісі Валия Наурызалиева және уролог-дәрігер Валерий Кривчачтар қатысты.
Үстіміздегі жылдың 5 сәуірі мен 30 маусымы аралығында Қазақстанда «Емханаға тіркел де - МӘМС жүйесіндегі мәртебеңді анықта!» атты азаматтардың емханаларға тіркелу науқаны жүріп жатқаны белгілі. Себебі, 1 шілдеден бастап жаңа мемлекеттік әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізіле бастайды. Сондықтан да азаматтар емханаға тіркеліп өз мәртебесін анықтап алуы қажет. Емханада тіркелгендердің жұмыс істейтіні, жұмыссыз екені, зейнеткер немесе мүгедек екені, т.б. мәртебесі айқындалады.
Елімізде жаңа жүйені жүзеге асыру мақсатында арнайы әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры құрылады. Қазақстандықтар осы қорға ай сайын міндетті жарналарын аударып отырады. Ал, қорда сақталған қаржы науқастанған жандардың емделуі үшін емханаларға беріліп отырады. Жаңа қабылданған құжаттың ережесіне сай, азаматтарға медициналық қызметтің екі пакеті ұсынылатын болады: алғашқысы – республикалық бюджеттен қаржыландырылатын медициналық көмектің мемлекет кепілдендірген көлемін ұсынатын базалық пакет, яғни, мемлекеттің есебінен медициналық көмек алу. Мұнда жедел жәрдем қызметі, санитарлық авиация, әлеуметтік ауруларға, сонымен қатар, төтенше жағдайларда, профилактикалық екпе кезінде көрсетілетін медициналық көмек түрлері енеді. Бұл қызмет барлық азаматтар үшін қолжетімді. Екіншісі – жаңадан құрылатын медициналық сақтандыру қоры ұсынатын сақтандыру пакеті. Яғни, оған енетін қызмет түрлері азаматтардың әлеуметтік-медициналық сақтандыру қорына аударған жарнасы арқылы жүзеге асады. Екінші қызмет түрлеріне амбулаторлық-емханалық көмек, стационарлық көмек, қалпына келтіру емдік шаралары, медициналық реабилитация және жоғары технологиялық көмек кіреді. Сонымен қатар, әлеуметтік жағдайы төмен тұрғындар үшін төлемақы мемлекет есебінен жүргізіледі. Жұмыс берушілер жалдамалы жұмысшылар үшін, ал қызметкерлер мен салық органдарында тіркелген өзін-өзі қамтыған азаматтар өздері үшін төлейтін болады. Сондай-ақ, ерікті медициналық сақтандыруға қатысқан азаматтарға арналған қызмет түрі де бар. Бұл азаматтар медициналық қызметтерді жеке сақтандыру компанияларымен жасалған келісімшарт бойынша алады. Атырау мұнай өңдеу зауытының қызметкерлері де жеке медициналық қызметпен сақтандырылған. Ал, «Медикер Жайық» ЖШС жаңа медициналық сақтандыру жүйесіне қатысушы. Серіктестік емханасы бүгінде азаматтарды акция бойынша тіркеуді бастаған. Осыған орай, зауыт қызметкерлерінің де отбасы мүшелері тіркеліп, тегін сапалы медициналық көмек алмақ. Ол үшін емханаға тіркелу тәртібі егжей-тегжейлі түсіндірілді. Бұл жайларды «Медикер Жайық» ЖШС директорының емдеу жөніндегі орынбасары Күлән Ахметова жиылғандарға баяндап берді. Ал, емхана меңгерушісі Дәулен Елеуов емханада жоғары санатты терапевт, хирург, травматолог-ортопед, невролог, көз дәрігері, лор, бала дәрігері, гинеколог, уролог, гастроэнтеролог, кардиолог, эндокринолог, кардиолог, психиатр, психотерапевт мамандардың қабылдау жүргізетінін атап өтті. Диагностикалық емшаралар көрсететін заманауи медициналық аппараттар науқасқа дәл диагноз қоюға мүмкіндігі бар. Сондай-ақ, емханада жеңіл оталар да жасалады. Егер қаралушыдан онкологиялық немесе күрделі кардиологиялық дерт байқалса ол міндетті түрде кәсіби медициналық қызмет көрсетілетін ауруханаларға жіберілмек. Кездесу барысында дәрігерлер медициналық қызмет көрсету сапасы мен емдеу, аурудың алдын алуға байланысты зауыттықтарды толғандырған сұрақтарға жауап берді.
Назад к списку новостей