Талайды ерлікке бастаған, жігерін қайраған Ауғанстан

04.05.2017
1742 просмотров

7 Мамыр- Қазақстан Республикасының Отан қорғаушы күні. Мемлекеттік мерекелер санатында. Тәуелсіз Қазақстанның төл әскери және әскери теңіз күштері, шекара қызметі мен Ұлттық ұланы бар. Ел халқының тыныштығын күзетуде әскеріміздің атқарып жатқан қызметтері ұшан-теңіз. Армиямыздың айбынын асқақтататын сардарлар мен сарбаздарымызға қандай құрмет көрсетсек те жарасады. Аға ұрпақ пен жас буынның Отанымызды қорғап, қызметте айтулы үлес қосқанын біз әрқашанда мақтан тұтамыз. Жастарды Отан қорғау ісіне баулуда Ауған соғысының ардагерлерінің ықпалы зор. Халқымызда «Ер – елінің қорғаны» деген  аталы сөз бар. Біз осындай жандардың ержүрек істеріне сай сый-құрмет көрсете отырып, олардан өнеге алып өсетін жас ұрпақ Отанына адал қызмет етеді деп сенеміз.  

1979 -1989 жылдары аралығында Ауғанстанда 620 мың Кеңес әскері интернационалдық борышын өтеді. Оның ішінде 14 453 сарбаз қаза тауып, 298-і хабар-ошарсыз кетті.

 

 Ауған соғысына Кеңес әскерлері құрамында 22 000 қазақстандық қатысты. 10 жылдық айқаста 924 сарбаз мерт болып, 1015 жауынгер мүгедек болып қайтты. 21 адам хабар – ошарсыз кетті.

 

 Ауғанстанда Атырау облысынан 782 сарбаз интернационалдық борышын өтеді. Оның 14-і дұшмандармен кескілескен шайқаста қаза тапты. Біреуі хабар-ошарсыз кетті.

 

   Ауған соғысының табиғаты да тарихы да өзгеше. Ол уақытта 18 бен 20  жастың аралығындағы арасындағы өрімдей жастар бейбіт кезеңде, бөтен елде өздерінің ел алдындағы борышын өтеді. Соғыс деген қаралы ұғым. Ата-бабаларымыз, күні кешегі әке-шешелеріміз соғыстың қасіретін көрді, тауқыметін тартты. Ал, ауған соғысына аттанғандар алдарында не күтетінін, қандай майдан екенін де білген жоқ. Отан алдындағы борышын өтеуге барды. Бөтен елде болса да, бейбіт өмір орнату үшін дұшмандармен күресті. Уақыт өткен сайын ауған соғысының ақтаңдақтары ашылып жатыр. Кеңестік тоталитарлық жүйенің саясаты болса да бұл соғысқа қатысу олар үшін ер алдындағы борышы болатын. Барды. Жасықтық танытқан жоқ. Кескілескен ұрыстарға қатысып, ерлік көрестті.  «Ерлік - жан дүниенің ұлы қасиеті» деген даналық бар. Өмірінің өлшеулі бір бөлігі, жауқазын жастық шағының сүбелі үлесін оқ пен от астында өткізіп, тағдырдың жазуымен елге аман – сау оралып, туған жерімен қауышқан ауғандықтар бүгінде арамызда. Ауған соғысы шын мәнінде қалай басталды? Қандай саясатты көздеді? Оны тарихшылар мен саясаткерлер сан-саққа жүгіртіп жүр. Оған Отан алдындағы борышын өтеген азаматтарымыздың кінасы жоқ. Олар бұйрықты орындады, борышына адал болды. Ауғандағы азап шеккен арыстар - деп ақын жырлағандай, өмір тоқтамайды, ерлік өлмейді, замандарға жалғаса береді. Бұған дәлел бүгінгі ортамызда жүрген ауғандық жауынгерлеріміз, бейбіт өмірдегі жарқын істері, қоғамдық жұмытарға белсенділіктері, түрлі кәсіпті игерудегі ерен еңбектері ұмтылмақ емес. Сонау Ауған жерінде қару асынып мұң арқалаған сын сағаттарда бірін - бірі бауыр дескен азаматтар бүгінгі таңда еліміздің түкпір - түкпірінде еңбек етуде.

      Атырау мұнай өңдеу зауытында бүгінде 14 ауған соғысының ардагері қызмет етеді. Олардың әскерден кейінгі тағдыры әрқалай. Соғыс салған тән жарасы мен жан жарасына қарамай еңбекке араласуы, қоғамдағы тұлғасын айғақтады. Зауыттық ардагерлердің басқа да жұмысшылардан айырмасы жоқ. Бәрі де қарапайым еңбек адамдары. Мамандықтарына сай жұмыс атқарады. Соғыс көргендерін міндет қылған емес. Басқалардан айырмашылығы ұйымшыл. Жылдың ақпан айы мен мамырында Ауған соғысы ардагерлеріне арналған ескерткіш басына жиналады. Соғыстан оралмаған қаруластарын еске алады, қыршын кеткен боздақтарға тағзым етеді. Естеліктерімен бөлісіп, емен-жарқын әңгімелеседі. Көздері көрген соғысты қинала еске алады.

 

Марат Меңдіғалиев, технологиялық сорғылар операторы, Ауған соғысының ардагері

-         Біз Ауғанстанға Отан алдындағы борышымызды өтеу үшін бардық. Ешкім қантөгіс үшін барған жоқ. Отан қорғауға шақырылдық. Борышымызды өтедік. Мен Ауғанстанға 1985 жылы түстім. 18 жастамын. Қазіргі көзбен қарасам баламыз. Қолымызға қару берді. Әрине, үрей болды. Кейін бір-екі рет ұрысқа түскен соң. Бойымыз соғысқа үйрене бастады. Ол кезде Ауғанстанның қалаларына Кеңес Одағынан түрлі тауарлары бар, әскери бөлімдерге қару-жарақ автоколонналармен аттандырылады. Біздің бөлімше осы керуенді қорғайтын. Бірде Шибарган қаласынан Ташкорганға колонна шықты. Біз қорғаушымыз. Мазари Шариф қаласы тұсынан дұшмандар тұтқиылдан шабуыл жасады. Алдында бастап келе жатқан БТР тұрып қалды. Артқы жақтағы БТР-ды ақауы шығып сүйретіп келе жатқанбыз. Взвод командирі бұйрық берді: алдыңғы БТР-ды қозғау керек. Оқ жауып тұр. Сытылып шықтым да сол БТР-ға ұмтылдым. Қолыма шелекпен су ала шығып, моторына шашып, өрттен қызған жерін суытып, қыздырдым да техниканы қозғадым. Ол кезде колонна қандай жағдай болмасын иоқтатуға болмайды. Бүгінде есейгенде қарап отырсам, көзсіздік, жастық тәуекелшілдік екен. Жауған оқтың бірі тисе, қапыда кете барасың ғой. Көретін жарығымыз бар шығар. Елге аман-есен оралдық. Біз Отан қорғадық деп білеміз. Бұл соғыс біздің соғыс емес. Саясат шығар. Ал, біз борышымызды өтедік.  

 

  Патриотизм – адамның өз Отанына деген сүйіспеншілігі мен адалдығын көрсететін сезім. Ол адамның өз Отанын күшті де айбынды етіп, гүлдендіруге ұмтылуымен сипатталады, қандай да бір қастандық әрекеттерден Отанын қорғауға дайын болуын білдіреді. Патриотизм сезімі - өз халқының әлеуметтік, мәдени жеңістері үшін мақтану, оның жауынгерлік және еңбек дәстүрлеріне ұқыптылығымен қарау. Патриотизм, сондай-ақ туған жерге, ата-бабасы жатқан жерге құштарлық сияқты терең перзенттік махабатты да білдіреді. Шын мәнінде, бүгінгі жастар өзгеше. Тәуелсіз елдің төл перзенттері, санасы тәуелсіз, ойы озық, білімі асқақ азаматтар. Жастар жауапкершілікпен қатар, ауыртпашылықты да сезінуі керек.

 

Оспан Оразалиев, аутсорсингтік мекеменің бас инженері, Ауған соғысының ардагері

-         Аталарымыз Ұлы Отан соғысында фашизммен күресіп, елді қорғады. Ал, біз интернационалдық борышымызды өтедік. Ол кезде Кеңес Одағы құрамында болдық. Сондықтан да Ауғанстандағы соғысқа қатысу борышымыз болды. Біз көрген соғыс пен аталар көрген соғыстың айырмасы бар, әрине. Дегенмен, біз де соғыс көргеннен кейін, аталар жолына адал болып, міндетімізді абыройлы атқардық. Енді бүгінгі жастарға үлгі болып отырмыз. Отанымыз бүгінде- тәуелсіз Қазақстан елі. Отан дегеніміз-туған жер, ата-анамыз, ағайын-бауырымыз. Оны қорғау әрбір азаматтың қасиетті борышы болуы керек. Сондықтан да жастарды Отан қорғауға насихаттауға, патриоттық тәрбие беруге атсалысып жүрміз.    

 

  Ауған соғысына қатысқан жауынгерлер әлі де сапта. Тәуелсіз елдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін көтеру жолында еңбек етіп жүр.  Жақсылыққа үміттеніп, жақсылыққа жетелеген абзал азаматтар. Олар естеліктерімен бөлісе отыра, көргендерін кейінгі ұрпақ көрмесе екен дейді.

 

Жеткіншек Кенжеғалиев, электромеханик, Ауған соғысының ардагері

-         Ашхабадта жүргізуші-механик болып үш ай дайындықтан өткен соң, 75 жауынгерді бір түнде ұшақпен Кабулға жеткізді. Соның ішінде мен де бар едім. Сол жерде түсіндіріп айтты біздің соғысқа келгенімізді. Басында қару-жарақ қоймаларын күзеттік. Кейін арнайы жауынгерлік колонналармен рейдтерге шығып тұрдық. Бірде экипаж болып минаға түсіп жарақат алдық. Дұшмандар тұтқиылдан шабуылдайтын. Сол кезде 18 бен20 жастың арасындағы Одақтың әр жерінен жиналған жас жігіттер қорықпастан соғысты. Біз көрген соғыс өзгеше еді. Енді осындай соғысты кейінгі ұрпақ көрмесін деп тілеймін!

 

    Олар аталар жолын жалғастырды. Ерліктерін пір тұтты. Ауғанстаннан кеңес әскерлерінің шығарылғанына 28 жыл өтсе де, сол кездегі жауынгерлер бүгінгі бейбіт өмірдің еңбеккерлері соғыс жарасынан айыға алмай келеді. Бүгін өзімізбен бірге Атырау өңірінің дамуына атсалысып мұнай өңдеу зауытында еңб ек етіпжүрген ауғандық ардагер жауынгерлерді қадірлеп -құрметтеу – біздің борышымыз...

 

 

 

 

Назад к списку новостей

Будьте в курсе последних
новостей. Подпишитесь
на рассылку!
Подписаться