"Үздік маман-2016" байқауының ақтық сынында Атырау мұнай өңдеу зауытының мамандары жеңімпаздар қатарынан көрінді.
Мөлдір Шоханова, «Орталық зауыт зертханасы» СО химиялық сараптау лаборанты, «Үздік маман-2016» байқауының финалдық сынында «Химиялық сараптау лаборанты» аталымы бойынша І орын иегері. - Бұған дейін зауытішілік сайыстарға қатыстым. Ал, «ҚазМұнайГаз» компаниялары тобындағы мұнай өідеу зауыттары арасындағы финалдық сынға тұңғыш шығуым. Әрине, қобалжу болғанын жасырмаймын. Себебі, сайыс өзіміздің зауытта өтті. Мен үшін үлкен жауапкершілік. Мұнда тек қатысу емес, жүлделі орын алуға талпынысым күшейді. Ол біріншіден әріптестерімді жерге қаратпай, екіншіден зауыттың абыройын асқақтату. Ол маған оңай болған жоқ. Бірақ, алдыңа мақсат қойған екенсің, орындау парыз. Алдымен мамандығымызға байланысты тест сұрақтарына жауап бердік. 50 сұрақ болды. Байқау барысында бұл тесттің сұрақтарына мүдірмей жауап таба алдым. Себебі, дайындалдық. Уақытымыз болды. Алдыңғы сайыстармен салыстыра дайындықтың болған шығар, қиын болған жоқ. Және нәтижесін де сол жерден біліп алдық. Ал, тәжірибелік сатысында біраз күш салуға, қиналуға тура келді. Маған мұнайдың құрамындағы хлорлы тұзды анықтау әдісі келді. Бұл ұзақ процесс әрі оған уақыт та шектеулі берілді. Ол үшін асығыстықтың қажеті жоқ болғанымен, саралаудың берілген уақытын жіберіп алмау қажет. Тәжірибелік сайыс сенің біліктілігіңді, шеберлігіңді сынайтын алаң. Бұл жерде бәріне байыппен қарап, саралау керек. Кішкене қателіктен сараптау нәтижең басқаға ауысып кетері хақ. Сондықтан барымды салып, салқынқандылықпен атқарып шықтым. Бір жағынан біздің зауыт зертханасының мүмкіндігін, технологиялық жарақтандырылуының күшті екенін де осы жерде көрсете білу мен үшін үлкен сын болды. Тәжірибелік сында әрбір ісімізге арнайы қазылар алқасы бақылап, баға беріп отырды. Финалдық сайыстың жабылу салтанаты Ақтау қаласында өтті. Сол жерде білдім жеңімпаз атанғанымды. Бұл үлкен сайыс менің біліктілік дәрежемді бәскелестік тұрғыда айқындады деп ойлаймын. Қарсыластарым да Павлодар және Шымкент мұнай өңдеу зауыттарының тәжірибелі мамандары. Болашақта осы биіктен танылуға, жеткен жетістіктен түспеу үшін барымды саламын. Эльдар Кереев, Ароматикалық көмірсутектер өндірісі CCR қондырғысының технологиялық копрессорлар машинисі, «Үздік маман-2016» байқауының финалдық сынында «Технологиялық компрессорлар машинисі» аталымы бойынша І орын иегері. - «Үздік маман-2016» байқауының ақтық сынында бәскелестіктің, қарсылысыңды да бағалауды түсіндім. Олармен сол сайысқа түскенде таныстым. Өзім сияқты мамандар. Білімдерін де байқап қалдым. Алдымен өткен тестілеу сайысында ешқайсымыз сыр бере қойған жоқпыз. Себебі, теориялық сұрақтар бізге қиындық тудырмады. Бәрімізге де өзіміздің атқаратын қызметімізге сай, жұмысымыздың қыр-сырына байланысты сұрақтар келді. Ал, тәжірибелік жұмыстарда білік пен қатар қимылың ширақ және асып-саспауың қажет. Бұл біздің мамандығымыздағы басты қағида. Тапсырманы орындау бар да, оның сапасы, соңғы нәтижесі бар. Сайыста қазылар алқасы тәжірибелік жұмыстың басынан аяғынан дейінгі процесін бақылады. Сайыскерлерден тапсырма жеке-жеке қабылданғаннан кейін, бәсекелестердің іс-әрекетін көре алмадық. Қазылар алқасы да соңғы қорытындыны бізге айтқан жоқ. Тек Ақтау қаласындағы салтанатта ғана жеңімпаз екенімді білдім. Бұл мен үшін мақтаныш, әріптестерім үшін де мақтаныш. Зауытыма абырой. Осындай биіктен көрене бермекпін. Ол үшін біліктілігімді шыңдай түсемін. Дәстүрлі өтетін сайыстарға алдағы уақытта да қатысатын боламын. Тұрлыбек Қалиманов, МӨӨ ароматикалық көмірсутектер өндірісі РХ қондырғысының технологиялық сорғылар машинисі, «Үздік маман-2016» байқауының финалдық сынында «Технологиялық сорғылар машинисі» аталымы бойынша І орын иегері. - Сайыс өте жоғары деңгейде өтті деп есептеймін. Осыған сай дайындалдық та. Бұрын зауыт деңгейіндегі өз мамандығым бойынша жарысқа біліктілігім мен өзіме сенімді болғасын қатысып көрген едім. Енді бұл елдегі мен сықылды мамандардың үздігі жиналған ақтық сын деп түсіндім. Әрине, жеңімпаз болам деп ойлаған да емеспін.Сайыстың біздің зауыт базасында өткендігі де үлкен көмек болды ғой деп есептемін. Себебі, әріптестерім ір сайыстан шыққан сайын қолдап отырды. Өзіміздің технология. Басқаларынан айырмашылық жоқ шығар. Дегенмен, өзің күнде көріп жүрген құрылғыда сайыс жүргізгеннің көп жеңлдігі болғанын сезіндім. Егер басқа зауыттағы тап осындай құрылғыда сайыссақ кім білген, осындағыдай сенімді болмас па едім?! Сондықтан да сайыстың бір ерекшелігі осындай әсер етті. Бұл мен үшін алдағы қызметіме жасалған баспалдақ деп білемін. Барлық майталмандар осындай сыннан өткен. Бізде өтіп жатырмыз. Үздік маман болған абыройың артады. Жұмысыңа деген құлшынысың да басым болады екен. Сондықтан да мамандығыма сай қандай сын, сайыс болмасын қатысып, бақ сынай беретін боламын. Ол менің қалаған мамандығымның қыр-сырын меңгеруіме өмірлік сабақ болмақ.
Назад к списку новостей