Мейірман – байқаудың ең жас үміткері

06.08.2014
1395 просмотров
Газетіміздің өткен санында оқырмандарымызды жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп тұратын «Мамандығы бойынша үздік» байқауының қорытындыларымен таныстырдық. Бүгін біз жүлдегерлер қатарынан көрінбегенімен, байқау комиссиясының жоғары бағасын алған ең жас үміткер - АКШ аға операторы Мейірман Бекхожаев туралы әңгімелемекпіз.

Ережеге сәйкес, «Мамандығы бойынша үздік» атағына еңбек өтілі 2 жылдан жоғары қызметкерлер ғана үміткер бола алады. Мейірман Беқхожаев өзінің еңбек өтілі 1,5 жыл ғана болғандығына қарамастан, байқауға қатысуға өтініш білдірген болатын. Байқау комиссиясы білімі мен тәжірибесін сынауға талпынған жас маманға сайысқа қатысуға мүмкіндік берді.

Байқау қорытындысына сай, комиссия мүшелері Мейірман Бекхожаевты болашағынан зор үміт күттіретін, алайда еңбек өтілі жеткіліксіз байқау қатысушысы ретінде белгілеп, тарифтік мөлшерлеме көлемінде сыйақы тағайындау туралы шешім қабылдады. Жас та болса, мамандығының қыр-сырын жетік білетін Мейірманға байқау комиссиясы үлкен сенім артып отыр.

Мектепті «Алтын белгімен» аяқтаған Мейірман «Петро Казахстан Ойл Продактс» компаниясында еңбек ететін ағасының жолын қуып, Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік Университетіне «Органикалық заттардың химиялық технологиясы» мамандығы бойынша оқуға түседі. 4-ші курста оқып жүріп, «Атырау МӨЗ» ЖШС-інен келген арнайы мамандар тобының назарына іліккен ол зауытқа шақырту алады. Оқуын сәтті тәмәмдап, қолына дипломын алған жас түлек мұнайлы астанада еңбек етуге бел буады. Алайда сәйкесті ваканттық лауазымның болмауына байланысты Мейірманның бұл жоспары сәл кейінге шегеріліп, еңбектегі алғашқы қадамын Оңтүстік Қазақстан машина жасау зауытынан жасады. Зауытқа полимерлік учаскесінің технологы болып қабылданған ол полиэтилен бұйымдары өндірісінде еңбек ете жүріп, жарты жылдан кейін Атырау мұнай өңдеу зауытынан ұсыныс түседі. Алғашында еңбек жолын ароматикалық көмірсутектер шығаратын кешен операторы болып қызметін бастап, үш айдан кейін пульт операторлығына тағайындалады. Бүгінде ол құрылысы аяқталуға таяу жаңа кешеннің аға операторы. Аз уақыт ішінде өзін білікті маман, белсенді қызметкер ретінде көрсете алған Мейірман жылдар өте тәжірибе толыстырып, үлкен асуларды бағындырады деп білеміз.

Назад к списку новостей

Будьте в курсе последних
новостей. Подпишитесь
на рассылку!
Подписаться