АМӨЗ-дің бас директоры 2023 жылды қорытындылады

26.01.2024
109 просмотров
АМӨЗ-дің бас директоры 2023 жылды қорытындылады
Атырау мұнай өңдеу зауытында бас директор Ғалымжан Жусанбаевтың еңбек ұжымымен есеп беру кездесуі өтті. Жуырда тағайындалған кәсіпорын басшысы 2023 жылдың негізгі көрсеткештеріне тоқталып, ағымдағы жылға арналған жоспарлар мен мақсаттарды нақтылады. 

Ғалымжан Жусанбаев өндірістік процесте орын алған олқылықтарға қарамастан, өткен жыл АМӨЗ үшін табысты болғанын айтты. Кәсіпорын өз тарихында алғаш рет 5,475 млн тонна мұнай өңдеп, рекордтық көрсеткішке қол жеткізді. Энергетика министрлігінің мұнай өңдеу бойынша жоспары 101%-ға орындалды. Тауарлық өнім шығару көлемі де рекордтық көрсеткіш — 4,889 млн тоннаны құрады, оның ішінде: автобензин - 1,677 млн тоннадан астам, дизель отыны - 1,607 млн тоннадан астам, реактивті отын - 125 мың тонна, сұйытылған газ 193 мың тонна. Мұнай өңдеудің орташа тереңдігі рекордық көрсеткіш 82,1%-ға жетті. Өңделген шикізаттың жалпы көлемінің 66,8%-ы ашық түсті мұнай өнімдеріне тиесілі. Каталитикалық крекинг қондырғысы іске қосылғалы бері алғаш рет сағатына 300 т жобалық қуатына шығып, әлеуметтік маңызы бар мұнай өнімдерін өндіру көлемін арттыруға мүмкіндік берді. Сондай-ақ өткен жылы АМӨЗ отандық ірі мұнай өңдеу зауыттарының ішінде алғашқы болып К5 экологиялық санатындағы автобензин шығаруға көшті.

Бас директор өз баяндамасында Tazalyq экологиялық жобасының іске асу барысына да ерекше тоқталды. Жоба аясында механикалық тазарту қондырғыларын реконструкциялау, булану алаңдарын рекультивациялау және нормативтік-тазартылған сарқынды су каналын реконструкциялау секілді жұмыстар қарастырылған. Қазіргі таңда механикалық тазарту қондырғыларын реконструкциялаудың екінші кезеңі жалғасуда, жұмыстар 2024 жылдың соңына дейін аяқталады деп жоспарланған. Нормативтік-тазартылған сарқынды су каналын реконструкциялау жұмыстары мәресіне жетіп, нысан 2023 жылдың соңында іске қосылды. Булану алаңдарының 1-2 секторын рекультивациялау жұмыстары 100%-ға аяқталды. 3-4 секторларды құрғату және қалпына келтіру шаралары зауыттан шығатын ағынды суларды Атырау қаласының кәріздік тазарту станциясына жіберуге рұқсат алғаннан кейін басталады.

Баяндама соңында Ғалымжан Жусанбаев зауыт ұжымын биылға арналған мақсат-міндеттерді орындауға белсенді араласуға шақырды.  

«Алдымызда Атырау мұнай өңдеу зауытының технологиялық процестерін жетілдіру және сенімділік деңгейін арттыру бойынша ауқымды жұмыстар күтіп тұр. Зауыттың алдына ластаушы заттардың шығарындыларын және өндірістің қоршаған ортаға теріс әсерін барынша азайту секілді нақты міндеттер қойылған. Біз биыл да Атырау қаласының әрбір тұрғыны үшін маңызға ие экологиялық жобаларды жүзеге асыруды жалғастырамыз. Аталған тапсырмаларды іске асыру үшін кәсіби шеберлік, біліктілік, ұжымның ауызбіршілігі мен зауыт өміріне белсенді араласуы қажет. Мен өз кезегімде диалогқа әрқашан ашықпын. Ортақ еңбек пен әрбір қызметкердің жауапкершілігінің арқасында барлық жоспарларымызды жүзеге асырамыз деп сенемін», - деді бас директор.

Назад к списку новостей

Соңғы жаңалықтармен таныс болыңыз.
Таратуға жазылыңыз!
Жазылу