АМӨЗ балаларды келе жатқан Жаңа жылмен құттықтады

29.12.2023
471 просмотров
АМӨЗ балаларды келе жатқан Жаңа жылмен құттықтады
Қалыптасқан дәстүрге сай Жаңа жыл қарсаңында Атырау мұнай өңдеу зауытының қызметкерлері балаларды келе жатқан мерекемен құттықтады.

Алдымен «АМӨЗ» ЖШС кәсіподақ ұйымының өкілдері туберкулез ауруының шамалы және бәсеңдеген түрімен ауыратын балаларға арналған №4 облыстық арнаулы шипажайлық мектеп-интернаты ұйымдастырған жаңа жылдық шараға қатысты. Қазір мұнда 75 бала ем алуда. Олар қонақтарға концерттік бағдарлама ұсынып, өнерлерімен және мерекелік көңіл-күйлерімен қуантты. Аяз ата мен Ақшақар болып киінген зауыт жұмысшылары балалармен бірге қуана ән айтып, би билеп, көңіл көтерді. «АМӨЗ» ЖШС бастауыш партия ұйымының төрайымы Бақыт Өтебалы бүлдіршіндерге зор денсаулық, оқуда табыс, армандарының орындалуын тілеп, сыйлықтар табыстады. 

Бұдан кейін кәсіподақтықтар «Мүгедек әлемі» қоғамдық бірлестігінің мерекелік шарасына бас сұқты. Ертеңгілікке 120 ерекше бала қатысты. Олардың жүзіндегі күлкі мен қуаныш жаңажылдық шыршаның сәніне айналды. Зауыт өкілдері балаларға тәтті сыйлықтар үлестіріп, мықты денсаулық пен бақытты балалық шақ тіледі, сондай-ақ оңалту орталығының қызметкерлеріне бүлдіршіндерге деген қамқорлықтары үшін алғыс білдірді. 

«АМӨЗ» ЖШС Еңбекті қорғау, қоршаған орта және азаматтық қорғаныс департаментінің инженерлері былтырғыдай Бесікті орта мектеп-интернатының тәрбиеленушілеріне қонаққа барып, өз қаражаттары есебінен 28 оқушыға жаңа жылдық сыйлықтар табыс етті. АМӨЗ-дің жас мамандар кеңесі де өз кезегінде қаладағы ерекше балалардың басын қосып, жаңа жылмен құттықтады.

Мереке қарсаңында зауыт жұмысшыларының балалары да назардан тыс қалмады. Олар үшін компания қазақ және орыс тілдерінде «Ақшақар және жеті ергежейлі» ертегісінің желісі бойынша спектакль ұйымдастырды. Театрландырылған көріністен кейін балалар түрлі ойындарға қатысып, тақпақ айтып, сыйлықтар алды. 

Ерекше күтімді қажет ететін кішкентай атыраулықтарға арналған осындай мерекелік акциялар алдағы уақытта да жалғасатын болады.

Назад к списку новостей

Соңғы жаңалықтармен таныс болыңыз.
Таратуға жазылыңыз!
Жазылу