25 жылда алынған белестер мен жетістіктер

12.12.2016
573 просмотров

9 желтоқсанда Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында «АМӨЗ» ЖШС еңбек ұжымының Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған салтанатты жиналысы өтті. Шараға зауыт ардагерлері мен жергілікті билік өкілдері қатысты.  

Мемлекеттік Әнұранмен ашылған жиналыста Атырау мұнай өңдеу зауытының Тәуелсіздіктің 25 жылында қол жеткізген жетістіктері мен дамуын айғақтайтын деректі фильм көрсетілді. Жиналғандарды «Атырау МӨЗ» ЖШС Бас директоры Ғалымжан Амантурлин құттықтады:    

   - Қадірменді қонақтар! Құрметті зауыттықтар мен ардагерлер! Сіздерді Қазақстан Тәуелсіздігінің мерейтойымен құттықтай отырып, елдің болашағы үшін еңбектеріңізге зор табыс тілеймін! Осыдан ширек ғасыр бұрын әлемнің саяси картасында жаңа мемлекет- Қазақстан Республикасы пайда болды. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатымен халық жаңа мемлекеттің іргетасын қалап, талай соқпақтардан өте отырып қалыптастырды, дамытып келеді. Бүгінде мұнай өндірісі мен өңдеу, машина жасау мен металлургиялық және жеңіл өнеркәсіп салалары қарқынды даму сатысында. Тәуелсіздік жылдары бейбітшілік пен жасампаздықтың жаршысы болды. Еліміз әлемдегі алдыңғы қатарлы державалармен терезесі тең ынтымақтастық орнатты. Халықаралық беделді ұйымдарға мүше ғана емес, оны басқаруға қол жеткізді. Сондықтан да ел Тәуелсіздігінің халықпен біртұтастығы айқын көрініс тапты. 

        КСРО тараған 1991 жылы, бір –бірімен біте қайнасқан одақтас республикалардағы өндірістік байланыс шорт үзілді. Кәсіпорындарға шикізат жеткізілмеді, өндірістер тоқтап жатты. Ал, біздің зауыт жұмысшылары жұдырықша бірігіп, қиындықты жеңе білді. Олар күрделі кезеңдерде өндірістен қол үзген жоқ, жұмысты жалғастырды. Әрине, 90 жылдары зауытта жағдай керемет болған жоқ. Өтпелі кезең кәсіпорын басшылығын сынға салды. Айналадағы ірі кәсіпорындар жабылып жатты. Атырау мұнай өңдеу зауытының да дағдарыстан шығатын үміті аз еді. Дегенмен, үлкен шыдамдылық пен ауызбірліктің арқасында қиындықты жеңе білді.          

         1997 жылы зауыт «Қазақойл» Ұлттық компаниясының құрамына кірді. Кейін «ҚазМұнайГаз» ҰК болып құрылды. Кәсіпорынның жаңа кезеңі басталды. Ескірген зауытты жаңғырту мәселесі оң шешіле бастады. Зауыттықтардың да әлеуметтік жағдайы жақсарды. Бұрынғыдай жалақы кешіктірілмейтін болды. Жаңа тұрғын үлер салынып, жұмысшылар игілігіне беріле бастады.  Зейнеткерлер де назардан тыс қалған жоқ.

     2003-2006 жылдары зауытта алғашқы жаңғырту жұмыстары сәтті аяқталып, К-2 стандарттарына сай мотор отындары шығарыла бастады. Одан соң екнші кезең- ароматикалық көмірсутектер кешенінің құрылысы салынды. Мұнайхимия саласының базалық шикізаты бензол өнімі өнеркәсіптік партиямен шығарыла бастады. 1945 жылы біздің зауыт Қазақстандағы мұнай өңдеудің алғашқы қарлығашы болса, 70 жылдан соң елдегі мұнайхимия саласының көшбасшысы саналды. Бүгінде зауытта жаңғыртудың үшінші кезеңі-мұнайды тереңдетіп өңдеу кешені құрылысы қарқынды жүргізілуде. Жаңа жоба іске қосылғанда зауытта экологиялық таза өнім шығарылып, құнды мұнай шикізатын тиімді пайдалану мен өндірістің экологиялық қауіпсіздігі қамтамасыз етілмек. Және К-4, К-5 стандарттарына сай автокөлік бензиндерін, авиаотындарын  өндіру жолға қойылмақ. Атырау мұнай өңдеу зауытының ұжымы қандай кезең болмасын өндірісін алға қойды. Мұнай өңдеушілердің даңқын жалғастырған еңбеккерлер тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында мемлекеттің қалыптасуы мен зауыттың дамуына көп еңбек сіңірді. Владимир Викторович Гафнер, Владимир Афанасьевич Сердюк, Юрий Григорьевич Аббазов, Владимир Павлович Забродин, Виктор Фролович Занин, Қанат Меңдіғалиев, Базарбай Жансариев, Юрий Константинович Шкодин, Геннадий Георгиевич Яшковтардың ісі бүгінде жас буынға үлгі. Юрий Тимофеевич Милехин, Павел Кузьмич Сармин, Қанат Қабденов, Нұржамал Жоламанқызы Есенова, Құсайын Орынбасаров сынды майталмандар әлі де жастарға тәлім беріп келеді. Біз қайталанбас шежірмізбен мақтанамыз! Біз Тәуелсіз елімізбен мақтанамыз! Сіздерді тағы да Тәуелсіздік мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!    

     Зауыттықтар мен ардагерлерді Тәуелсіздік мерекесімен Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың атынан кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Ескендір Жаңатаев құттықтады. Ол тәуелсіздіктің 25 жылында облыс біраз жетістіктерге қол жеткізіп, жаңа өндірістердің ашылып, жұмыс орындары пайда болғанын атап өтті. -  25 жыл ішінде аймақта өнеркісіптік өнім көлемі 3 млрд.-тан 3,4 трлн. теңгеге дейін өсті. 2016 жылдың 10 айында инвестиция көлемі 1,6 трлн. теңгені құрады. Бұл 1992 жылы бар болғаны 376 млрд. теңге болатын. Атырау облысында бүгінде шағын және орта бизнес субьектілерінің саны 52 мыңға жетті, бұл 1992 жылмен салыстырғанда 104 есеге артқан. 2015 жылы аймақта 815,8 млрд. теңгенің өнімі шығарылған, бұл 2002 жылмен салыстырғанда 46 есеге артық.  Тәуелсіздік жылдары сіздердің зауыт та даму сатысынан өтті. Облыстағы өңдеуші өнеркәсіптер арасында Атырау мұнай өңдеу зауытының үлесі 20 пайызды құрайды. Бұл бүкіл еліміздің эконикасына қосылған зор үлес деп бағалаймыз. Сіздерге жаңа табыстар тілейміз!

    Жоғары кәсібилігі мен ұзақ жылдар сіңірген еңбегі мен ісіне адалдығы үшін зауыттықтардың бір тобы марапатқа ие болды. Ескендір Жаңатаев МӨӨ  технологиялық қондырғысының операторы Зағит Мұхамадиев, МӨӨ эстакада операторы Андрей Азарян, МӨӨ тиеу участкесінің бастығы Айгүл Жантілековалар «ҚР Тәуелсіздігіне-25 жыл» мерейтойлық медалімен марапатталды. Сонымен қатар,   МӨӨ технологиялық компрессорының машинисі, «Үздік  маман -2016»  байқауының жеңімпазы Александр Чукалин, «ОЗЗ» СО химигі Алма Күзембаева, МӨӨ жылу қазандығының аға машинисі Фарид Исенбаев, МӨӨ химиялық су тазарту аппаратшысы Гүлсін Сариева, МӨӨ технологиялық қондырғысының операторы Есен Дүйсенбаевтар облыс әкімінің Алғыс хаттарын иеленді.    

         Атырау мұнай өңдеу зауытын жаңғыртуға қосқан қомақты үлесі үшін «МТӨК құрылысы» жобасын техникалық қамсыздандыру жөніндегі жетекші маманы, 40 жылдан астам еңбек өтілі бар зауыт ардагері Юрий Мелехин мерейтойлық медальмен марапатталды. Награданы «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ мұнай мен газды өңдеу жөніндегі аға вице - президенті Данияр Тиесов табыстады. Қазақстан Республикасы мұнайгаз және энергетика кешенін дамытудағы зор үлесі үшін  «Kazenergy»  қауымдастығының медалімен сервистік қызмет көрсету өндірісінің бастығы Салават Бисалиев марапатталды. «Kazenergy»   қауымдастығы Құрмет грамотасын МӨӨ технологиялық қондырғысының операторы, «Үздік  маман -2016» байқауының жеңімпазы Игорь Рязанов, Алғыс хатын зауытта 40 жыл еңбек өтілі бар ПКиС технологиялық қондырғысының операторы Анатолий Калмыков иеленді. 

       «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ естелік белгісімен ароматикалық көмірсутектер өндірісі технологиялық компрессорының машинисі Қанат Кубиев, Құрмет грамотасымен "АМӨЗ" ЖШС мұнайды тереңдетіп өңдеу кешені құрылысы бөлімі бастығының орынбасары Рулан Әжіғалиев, МТӨК құрылысы мен ұймдастыру бөлімінің жетекші маманы Ажар Хасановалар марапатталды.

      «АМӨЗ» ЖШС бас директоры Ғалымжан Амантурлин «ҚазМұнайГаз-өңдеу-маркетинг» АҚ Құрмет грамоталарымен МӨӨ бастығы Василий Гацконы, өндірістік бөлім инженері Дархан Жылқышиевті, МӨӨ технологиялық сорғы машинисі Бауыржан Кенжеғалиевті және «ОЗЗ» СО химиялық сараптама лаборанты, «Үздік  маман -2016» байқауының жеңімпазы Надежда Струняшеваларды марапаттады.  

      Марапаттау рәсімінен соң, ардагерлер құттықтау лебіздерін білдірді.

   25 жыл мемлекет үшін үлкен мерзім емес, ал, тәуелсіздіктің ширек ғасырындағы ерен істер бір дәуірге татиды,-деді еңбек ардагері Нұрсұлтан Достанов. – Келелі жұмыстар біздің көз алдымызда. Біздің зауыт талай сыннан өтті. Сонда да кәсіпорын зейнеткерлерін ұмытқан емес. Сол үшін де алғысымызды білдіреміз. Тәуелсіздікпен біздің зауытымыз түледі. Бүгінде ол аймақтың ғана емес, бүкіл елдің бетке ұстар кәсіпорны. Біз сол үшін мақатанамыз, зауыттың болашағы алда деп білеміз. Сәттілік тілейміз. 

-  Зауыт ардагерлері атынан ел тәуелсіздігінің 25 жылдығымен құттықтаймын! Алғашқы жылдары өте ауыр болды. Зауыттың басшыларына оңай болған жоқ. Біз біріге отырып осындай қиындықты жеңіп шықтық. Мен зауыт болашағына сенемін. Жаңғыртулар аяқталып, еңбек дәуірінің жалғасын тілеймін!- деді еңбек ардагері  Юрий Милехин.  

        Салтанат Нұрмұхан Жантөрин атындағы облыстық филармониясының мерекелік концертіне ұласты.

    

      

 

Назад к списку новостей

Соңғы жаңалықтармен таныс болыңыз.
Таратуға жазылыңыз!
Жазылу