АТЫРАУ МҰНАЙ ӨҢДЕУШІЛЕРІ ЕЛБАСЫҒА ЗАУЫТТАҒЫ ЖАҢҒЫРТУЛАР ТУРАЛЫ БАЯНДАДЫ

06.12.2016
561 просмотров

2016 жылдың 6 желтоқсанында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысқан дәстүрлі жалпыұлттық телекөпір өтті. Телекөпір барысында елде индустрияландыру картасы аясында 23 жоба іске қосылды. Телекөпірге қатысқан біздің зауыт бойынша мұнайды тереңдетіп өңдеу кешенінің құрылысы жайында Елбасыға «Атырау МӨЗ» ЖШС Бас директоры Ғалымжан Амантурлин баяндады. Шараға сондай-ақ, Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев қатысты.  

 

«Сіздің тапсырмаңызға сәйкес, біз зауыттың алғашқы жаңғырту кезеңін аяқтап, ароматикалық көмірсутектер өндірісі кешенін іске қостық. Бүгінде кәсіпорында екінші жаңғырту кезеңі- «Мұнайды тереңдетіп өңдеу кешенінің» құрылысы қарқынды жүруде. Жоба жүзеге асқанда ішкі нарықтағы жоғарыоктанды бензин мен авиаотындардың тапшылығы жойылады. Өнімнің сапасы арттырылып, қоршаған ортағы зияны төмендейді. Келесі жылдан бастап біз каталитикалық крекинг қондырғысына шикізаттарды қабылдай бастаймыз»,-деді Ғалымжан Амантурлин.        МТӨК құрылысы Қазақстанның Үдемелі индустриалды-инновациялық дамыту бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда. «МТӨК құрылысы» инвестициялық жобасы 2012 жылдың желтоқсан айында бастау алды. Оған тартылған инвестиция көлемі 530 млрд. теңгені құрайды. Жобаның жүзеге асуы қосалқы процестерді арттырып, жылына 2,4 млн. тонна қосымша өнім алуға және мұнайды өңдеудің тереңдігін 62-ден 84 пайызға дейін, ашық мұнай өнімдерінің шығарылуын 48-ден 77 пайызға дейін көтермек. Мотор отындарының сапасы К-4, К-5 экологиялық стандарттарына сәйкестендіріліп, мұнайды өңдеу көлемі жылына 5,5 млн. тоннаға дейін жеткізілмек.   

         Қазіргі кезеңде кешен құрылысы алаңында 12 технологиялық қондырғы мен 49 жалпызауыттық нысандары қарқынмен салынып жатыр. Құрылыс жұмыстарына 46 компания тартылған, оның ішінде: 42-сі қазақстандық, 4-уі шетелдік. Құрылыс алаңдарында 1 656 жұмысшы еңбек етуде. Зауытқа әкелінуге тиіс 1 345 дана ірі көлемді құрылғының 1 246-сы жеткізілген. Құрылғыларды дайындау мен жеткізуге «Белкамит» ЖШС (реакторлар, ауқымды ыдыстар, бағаналар); «СВХИ» ЖШС (ауқымды ыдыстар, реакциялық пештерге арналған түтін мұржасы); «Петропавл ауыр машина жасау зауыты» АҚ (ауқымды ыдыстар); «АтырауНефтеМаш» ЖШС (катализаторға әрқайсысы 404 тонна болатын алып ыдыстар-хопперлер); «ГММОС» ЖШС (ауқымды ыдыстар) сынды қазақстандық компаниялар тартылған. Металл құрылғылар мен технологиялық құбыр тарту, инженерлік жүйелерді төсеу жұмыстары жүргізілуде. МТӨК-те қызмет ететін персонал жинақталған. Олар шетелдерден бастап, елдегі біліктілікті арттыру курстарынан өтіп жатыр.    

        Атырау мұнай өңдеу зауытындағы «МТӨК құрылысы» жобасының маңызы зауытта экологиялық таза өнімінің артуын, құнды мұнай шикізатын тиімді пайдалану мен өндірістің экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етпек. АМӨЗ-де жоба іске қосылғанда Кедендік Одақтың Техникалық регламенттері талаптарына сай К-4, К-5 стандарттарымен автокөлік бензиндерін, авиаотындарын және сұйық газ бен ароматикалық көмірсутектерді жобалық қуаттылығымен өндіру жолға қойылмақ.

     Елде маңызы жоғары кәсіпорын. Бүгінгідей сұраныстағы мұнай мен газды өңдеу біздің басты міндетіміз,-деді Елбасы Атырау мұнай өңдеу зауытының жұмысшыларына. «Бұл индустриаландырудың басым бағыты- бізде бар шикізатты өңдеу. Сіздердің зауыттарыңыз ірі де қымбат жоба. Оны біз толығымен межесіне жеткізіп, аяқтаймыз. Одан ары қарай Атырау облысында мұнайхимия саласын дамытамыз. Рахмет, сіздерге. Сәттілік тілеймін!»- деп атап өтті Мемлекет басшысы.

      Зауыттықтарға Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев та алғысын білдірді: «- Бүгін елде индустриаландыру картасы аясында 23 өндірістік жоба іске қосылды. Бұл дегеніңіз тәуелсіздігіміздің мерейтойына қосқан үлкен үлес. Оған қомақты инвестициялар тартылды. Мыңдаған жұмыс орындары ашылады. Мамандар дайындалады. Бұл тұрғыда Атырау мұнай өңдеу зауыты да жаңа технологиялық жаңғыртулар жүргізіп жатыр. Бәріңізге қашанда биіктен көрінуді тілеймін!»-деді аймақ басшысы. 

   

Назад к списку новостей

Соңғы жаңалықтармен таныс болыңыз.
Таратуға жазылыңыз!
Жазылу