Туған жер- алтын бесігім

08.12.2016
588 просмотров
Туған жер- алтын бесігім
Қазақстанда қалыптасқан ұлттар тұтастығы мен халықтар достығының арқасында бүгінде мемлекетіміз өркендеп, ілгері басып келеді.
Қазақстанда қалыптасқан ұлттар тұтастығы мен халықтар достығының арқасында бүгінде мемлекетіміз өркендеп, ілгері басып келеді. Көпұлтты елдің татулығы, ынтымақтастығы, бейбітшілігі мемлекетіміздің ең басты байлығы. Қазақ жерінде жүзден аса ұлт пен ұлыстың өкілдері бір тудың астында тату – тәтті ғұмыр кешіп жатыр. Олардың Қазақстанға келуінің әрқилы тарихы бар. Еліміз тәуелсіздік тарихында адамзат үшін ең қымбат қазына - ұлтаралық татулықты , конфессияаралық келісімді, өзара түсініктік пен құрмет сезімін, жарастық пен келісімді – қастерлеп сақтай отырып қадам басты. Оның көрінісі елдің қай аймағында болмасын ұлттар достығы басым бағытта. Біздің толерантты мемлекет екендігімізді көпұлтты Атырау мұнай өңдеу зауыты мен Атырау облыстық Ассамблеясы бірлесіп өткізген «Туған жер-алтын бесігім» атты этномәдени фестивалі тағы бір рет дәлелдеді.
Фестивальді зауыттың бұқарамен байланыс жөніндегі бөлімі мен «MEDYAGROUP» ЖК түсіріп дайындаған «Бір шаңырақ астында» бейнефильмі ашты. Фильмде Атырау мұнай өңдеу зауытында еңбек ететін болгар, татар, армян және Ресейден тарихи отанына оралған қазақ отбасылардың бүгінгі тыныс-тіршілігі баяндалады. Барлығы да Қазақстанның татулығы мен ауызбіршілігін, тәуелсіз елде еркін қызмет етіп, өмір сүріп жатқанын мақтан тұтатынын жеткізеді. Фестиваль көрермендері бейнефильмді әсерлі де жылы қабылдады.
Шараның ресми ашылуында «Атырау МӨЗ» ЖШС бас директорының өндіріс жөніндегі орынбасары-бас инженер Денис Козырев сөз сөйлеп, көпұлтты елдегі халықтар достығының маңызына тоқталды: «-Қазақстан тәуелсіздік алғалы 25 жыл ішінде біз көп жетістіктерге қол жеткіздік. Ол достық пен бірліктің, ұлттар арасындағы татулықтың арқасы. Елбасының сарабдал саясаты мен Қазақстандағы ұлтаралық келісім мен татулық, бірлікті ту еткен Қазақстан халқы Ассамблеясының арқасы деп білеміз. Атырау мұнай өңдеу зауытында 21 ұлт өкілі қызмет етеді. Бәрі де бірлікте, татулықта еңбек етіп жүр. Біз бұл фестивальде халықты біріктіруші күш саналатын ұлттардың мәдениеті мен салт-дәстүрін көрсететін боламыз».
«Туған жерім-алтын бесігім» тақырыбындағы достық фестивалі Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналып отыр. 70 жылдан астам тарихы бар Атырау мұнай өңдеу зауыты халықтар достығын паш ететін шараға кәсіпорынның барлық өндірістік бөлімшелері мен аутсорсингтік мекемелері тартылған. Олар біраз уақыт бойы өз тапсырмалары бойынша кәсіпқой үйретушілер арқылы дайындалды. Фестивальде орыс, неміс, грузин, кәріс, татар-башқұрт, украин және қазақ ұлтының салт-дәстүрінен қойылымдар көрсетілді. Әр ұлттың әні айтылып, тілі мен мәдениеті насихатталып, бүгінгі қоғамдағы орны, сипаты көрсетілді.
Алдымен Жылу-электр орталығы мен орталық аппарат қызметкерлері орыс ұлтының салт-дәстүрін ән мен би арқылы өрді. Орыста қызға сөз салу, құда түсу, дастархан мәзірі мен түрлі мерекелер ұлттың сазымен әрленіп, қатысушылардың көңілді биімен қойылымға ұласты. Ал, ароматикалық көмірсутектер өндірісі ұжымының татар-башқұрт ұлтының қызға құда түсу салты мен ұлттық «Шаттық» биі көрермендерді бір көтеріп тастады. Атап өткен жөн, салт-дәстүр қойылымдарына жергілікті татар-башқұрт этномәдени орталығының мүшелерінің қатысуы қойылымды шырайландыра түсті. Украин ұлтының ерекшелігін Орталық зауыт зертханасы мен «IQS Engineering» еңбек ұжымы бірігіп көрсетті. Мұнда ұлттың салт-дәстүрі ғана емес, оның ырым-тыйымдары да қаперге алынғандығы ұжымда украин ұлтының өкілдері қызмет ететіндігінің көрінісі еді. Кәрістердің кәріні құрмет тұтатыны, әсіресе ананы қадірлеу үлгісін ауқымды күкіртсіздендіру және мұнай өңдеу мен сервистік қызмет көрсету өндірісінің ұжымы нақышына келтіріп орындады. Бір жасқа толған баланы ұлықтау мен 60 жасқа келген ата-анасына бас ию ұлттың ұстанымы. Билері де қимыл арқылы өмірін суреттейді. Қойылымда кәріс ұлтының өкілдері қатысып, шынайы қойылым шығарды. Мұнайды тереңдетіп өңдеу кешені мен тауарлы мұнай өнімдері өндірісі немістердің қыз айттыру салтын, күзгі мерекесін қойылымның тақырыбына алған. Қатысушылар ұлттық киім үлгісін сәйкестендіріп, өлеңдерін де немісше айтып жүр. Ал, грузин ұлтының мәдениеті мен дәстүрін көрсеткен сумен жабдықтау және кәріз жүйелері нысандары, өрт сөндіру бөлімі және «Айза сервис» ЖК тау халқының биінен керемет өрнек салды. Фестивальді «КМГ-Инжиниринг» ЖШС мен кокс пен күкірт өндірісі ұжымының дайындаған қазақтың жар-жар айтып, келін түсіру дәстүрі қорытындылады. Көрерменді жалықтырмаған ұлттық нақыштағы қойылымдар бірі-бірінен қызығырақ көрініп, тарта түседі. Бұл фестивальдің маңызы мен қатысушылардың жоғары дайындығын көрсетсе керек. Осылайша әр ұлттың достықты дәріптеген шарасы жағымды әсер қалдырды.
Тамара Аман-Турлина, Атырау облысы әкімі аппараты жанындағы «Қоғамдық келісім» КММ директоры:
- Атырау мұнай өңдеу зауытында 21 ұлт өкілі еңбек етеді екен. Сондықтан да кәсіпорын көпұлтты саналады. Бұл зауыт ұжымының облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясымен бірлесіп жасаған тұңғыш ауқымды шарасы. Ұйымдастыру жоғарғы деңгейде өткенін атап өткім келеді. Қарапайым жұмысшылар өз талпынысымен осындай жоғары дәрежеде фесиваль жасап отыр. Бұлар кәсіпқой әртістер емес, тек ниетімен халықтар достығы мен бірлігін, мәдениеті мен салт –дәстүрін паш етті. Ризамыз. Бұл шарадан түйгенім, Елбасымыздың «Мәңгілік ел» ұлттық идеясының жүзеге асуы. Бірлікті, бейбітшілік пен татулықты ту еткен елдің мұраты. Бұл фестиваль сайыс емес, ұлттық құндылықтарды дәріптеу. Оны зауыт ұжымы керемет көрсетіп шықты. Оның шынайылығы сол, көреременнің жүрегіне жол салды. Осындай шараларды жалғастыру ойда бар. Алда, жергілікті мұнай компаниялары арасында әр ұлттың құндылықтарын дәріптейтін фестиваль өткізбекпіз.

Назад к списку новостей

Соңғы жаңалықтармен таныс болыңыз.
Таратуға жазылыңыз!
Жазылу